Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Праймериз: ашықтық пен диалог

283

Партияішілік сайлау қалай жүреді? Әдетте партияішілік сайлау жаһандық стандарттарға сәйкес ашық және жабық түрде жүреді. Яғни ашық түрде үміткерге кез келген азамат дауыс бере алады, ал жабық түрде өткенде ілгері сайлау өткізіп жатқан партия мүшелері ғана дауыс беруге құқылы болады. Бірақ бұл стандаттармен ғана шектеліп қалмайды. Кейде үміткерлер бірдей дауыс жинап қалса немесе екеуінің дауыс көрсеткіштері бір-біріне жақын ықтималдықта тұрса, екінші кезеңі өткізіледі.

АҚШ-тағы праймериз

АҚШ-та партияішілік сайлау алғаш рет 1842 жылы өткізілген. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, Құрама Штаттарда өз тәжірибесінде тұңғыш рет праймеризді 1901 жылы Флорида штаты қолданған. Бұған дейін үміткерлер партияның жиналыстары мен съездерінде таңдалса, А.Варенің бағамдауынша Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін праймериз өткізу тәжірибесі мейлінше қысқарған. 1936 жылы АҚШ-тың тек 9 штатында өткізілген екен. Бірақ әр штаттың бұл процесті жүргізуде өз ұстанымы мен әдістері бар. Айталық, оңтүстік штаттарда жеңімпаз бен оның бәсекелестерінің арасындағы ұпайдың алшақтығы есепке алынса, солтүстік штаттарда арифметикалық тұрғыда көп дауыс жинаған жанға қолдау көрсету қарастырылған. Американың 11 штаты праймериз өткізбейді, не партиялық конференциялар, я жиындар өткізуді дәстүрге айналдырған.

Негізінен партияішілік сайлау өткізуді АҚШ көбірек қолданатынын айттық. Бірқатар Еуропа мемлекеттері мәселен, Ұлыбритания мен Францияның партиялары 2010 жылы праймериз өткізсе, Латын Америкасының Аргентина мен Уругвай сынды елдерінде праймериз өткізуге барлық саяси партиялар міндеттелген. Аргентинада үміткер праймеризге қатыспаса, оған айыппұл төлету жайы да қаралған. Германия, Австрия, Финляндия мен Швейцарияда партия мүшелері жабық праймериз ұйымдастырады. Сондай-ақ жабық праймериз жүйесі Жапонияда да бар. Ал Италияда бұл процесс аймақтық деңгейде 2004 жылдан бастап, ал жалпы ұлттық деңгейде 2005 жылдан бастап қолға алынды.

Ресейдегі праймериз

Іргедегі көршіміз Ресей Федерациясында алғаш рет праймериз 2000 жылы өткізілді. Санкт-Петербургте партияның жергілікті бөлімшелері қаланың губернаторын сайлау алдында азаматтарға дауыс беруге ұсыныс айтты. Ал 2007 жылы Единая Россия партиясы аймақта ілгері сайлаулар практикасын қолданып көрген еді.
Жалпы демократиялық құндылықтары дамыған мемлекеттерде тек праймериз ғана өткізіліп қоймайды, сонымен қатар арнайы пікірталастар да қарастырылған. Мәселен, АҚШ-та дискуссиялық партиялық жиындар өтіп, ол кокус деп аталады. Еуропа елдерінде партияішілік сайлаулар 6 аптаның ішінде өтіп, мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Праймеризге үлгі ретінде жақында ғана АҚШ-та өткен ілгері сайлауды мысалға келтірсек. АҚШ президентін сайлау осы жылдың 3 қарашасында өтеді. Демократиялық партия атынан үміткер Джозеф Байден Канзас штатында өткізілген праймериз нәтижесінде жеңіске жетіп, 76,9 % дауыс жинады. Бар әлемде таралған COVID-19 індетіне байланысты праймериз өткізу тоқтап қалған жоқ, пошта арқылы жүзеге асты.

Праймериз: артықшылығы мен кемшілігі

Праймериз жүйесінің де өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бұл туралы халықаралық «Родная газета» басылымы жазады. Мәселен, бір партияның кандидаттары негізгі сайлауда бір-бірінің дауыс көрсеткіштерін «алып қоя алмайды», партия өзінің партиядан тыс жақтастарының арасынан қоғамдық пікірдің көшбасшыларын, белсенді азаматтарды анықтайды және олар партияға одан да көп жақтастар жинап бере алуы мүмкін. Сондай-ақ партия өз қатарына әртүрлі саладағы мамандарды ғана емес, қаржылық қолдау таныта алатын кәсіпкерлерді де тарта алады. Үміткерлер арасында міндетті партияішілік дебаттар өтеді, аталған дебаттар аясында партия жаңа конструктивті идеялар, ұсыныстар мен ескертулерді қабылдайды, олардан хабардар болады және оны өзінің сайлауалды бағдарламасын жасақтау үшін қолдануға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ партияішілік дебаттар өткенде ілгері сайлау өтерде дауыс жинауда аудитория санын қамти алады. Нәтижесінде қоғамдық пікірді өз пайдасына шешуге мүмкіндігі бар. Көрермендердің көпшілігінде іс-шаралар өткізілетін орындарға тегін кіру және онлайн-трансляциялардың арқасында партияның идеяларымен танысу мүмкіндігі пайда болады. Ал праймериздің жалпыға белгілі кемшілігі белгілі бір билік орталығы өзі лайық деп тапқан үміткердің жеңіске жетуіне мүмкіндік жоқ. Мұнда көпшіліктің дауысы, талабы мен міндеттері ескеріледі және өткізу жолы, әдісі баршаға бірдей ап-анық көрініп тұрады. Кейде уақыт жағынан праймеризді ұзақ уақыт өткізу не қысқа мерзімде келте қайыру жайлары да кездесіп жатады.

Осы жылы Қазақстанда алғаш рет партияішілік сайлау яғни праймериз ұйымдастыру практикасы қолға алынып жатыр. Оған бастамашылық танытқан «Нұр Отан» партиясы. Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов бұған дейін БАҚ-та алғаш рет республикада өткізілетін праймеризге қатысты ақпарат берген еді. Оның сөзінше «Нұр Отан» партиясының кез келген мүшесі саналатын жанның партия құрамына енуіне және депутат атануына зор мүмкіндігі бар. «Праймериз – партияішілік процесс, алайда ол партия мүшелерінің сайланып, қабылданған шешімдерге ықпал етуіне қатысты демократиялық мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деген еді М.Башимов.

Қазіргі қоғам ашықтықты қалайды және талап етеді. Осы орайда праймериз өткізу тәжірибесі ең оңтайлы шешім деп қабылдаймыз. Бұл қоғам мен билік арасына көпір болып қана қоймай, өзара сенім шараларының күшеюіне де ықпал етеді. Жоғарыда АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінде праймериз өткізу және ұйымдастыру процесінің ұзақ жылдар бойы жалғасқанын және жетілгенін алға тарттық. Кез келген ұтымды құндылықтарға ашықтық бірінші кезекте мемлекет игілігі үшін жасалатыны айқын.

Олжас Беркінбаев,
саясаттанушы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз