Белгілі саясаттанушы, зерттеуші Берік Әбдіғалиұлы ақтаңдақ тарихымызды тағы бір жәдігермен толықтырды. Санкт-Петербургтен ақжолтай хабар ала келген Берік Әбдіғалиұлы мұндағы Ресей этнографиялық музейінен хан Кененің кісесі табылғанын хабарлады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазған екен.
Бұл жәдігер «Ксе – пояс киргизского хана Средней Орды» деген атпен аталған музейдің қорында бүгінгі күнге дейін сақталған екен.
Оны мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен Санкт-Петербургтегі музейге барғанда өз көзімізбен көру мүмкіншілгі туды.
https://kaz.365info.kz/kunstkamera-bizde-kenesaryny-basy-zho-220345
Сейілбек Жанайдаров 1918 жылы Атбасар Алаш әскери дивизионын құрған, әрі Алашорда үкіметінің кандидат мүшесі болған азамат.
Бұл жәдігер Сейілбек Жанайдаровтың қолына қалай түскенін зерттей келе анықтағанымыз – ол кісені Сейілбектің атасы – Кенесары ханның әскери қолбасшыларының бірі Жанайдар Орынбайұлынан қалған мұра екен.
Жанайдар батырдың ерліктері туралы Мұса Шормановтың, Мәшһүр Жүсіптің, Доскей ақынның, Жамбылдың, Иманжан Жылқайдарұлының естеліктері мен жырларында кездеседі. Сондай-ақ, бұл туралы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында да жазылған.
Батырдың ұрпақтарының айтуынша, Кенесары хан өзін өлімнен бірнеше рет қорғап қалғаны үшін, әрі көрсеткен ерліктері үшін аталған кісені Жанайдар Орынбайұлына тарту еткен.
Жалпы, Кенесары өз батырларына соғыста көрсеткен ерліктері үшін орден-медаль орнына алғыс ретінде үлкен сый-сияпат, марапаттайтын дәстүрі болған.
Сондай-ақ Көкшетау шайқасында жеңіске жеткені және шынайы ержүректік көрсеткені үшін Кенесары Ағыбай батырға атасы Абылай ханнан қалған қанжарды тарту еткен екен.
https://kaz.365info.kz/syjinshi-khazakhtyn-songy-hany-kenesarynyn-balasy-khaldyrgan-kholzhazba-tabyldy-250429
“Бұл туралы ақпаратты жақын арада толығырақ көрсетем” деп жазған екен Берік Әбдіғалиұлы.
Айта кетелік, бұдан бұрын Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейінің қызметкерлері Кунсткамерада Кенесарының басы сақталмағандығын жеткізген. “Бас сүйектің қайда екендігі әзірге белгісіз”, – деп мәлімдеген болатын мұражай мамандары.