Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-2
USD
450
+0.72
EUR
490
+1.14
RUB
4.89
+0.01

Пікірсайыс – болашақ ел тізгінін ұстайтын элиталарды тәрбиелейтін құрал

194

Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені белгілі. Елбасымыздың «Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» сөзінен ой түйетініміз, бүгінгі жаһандану дәуірінде Қазақстан сияқты жас мемлекеттің ары қарай дамуы үшін өз болмыс-бітімін, ана тілін, ұлттық рухын сақтай отыра қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге шақыру.

Пікірсайыс (дебат) – бұл негізгі ережелері бойынша жүргізілетін дисскусияның негізгі формасын ұсынатын интеллектуалды, ұтымды ой, үздік образ, шешендік сөздер тудыратын, ораторлық қабілет пен ойлау жүйесін дамытатын дарындылар ойыны, тұжырымды ой түйісетін, салиқалы пікір айтылатын жиын. Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін өзіндік көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды болып табылады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дебат қозғалыстарын жандандыру және мектептегі өзін-өзі басқару туралы пікір айтты. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жан-жақты даму үшін тек білім қоры жеткіліксіз. Әр адам жинаған білімі мен білігін дұрыс пайдалануы маңызды. Дебат тек зияткерлік ойын емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, топпен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы. Ойынға қатысушылар үгіт-насихат пен популистік идеяларды оңай ажыратып, өз ұстанымын көпшілікке нақты аргументтер арқылы жеткізе алады. Мұндай тәжірибе жастарға күнделікті ақпарат ағынын сыни қабылдауға да көмектеседі. Балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, өздерінің әлеуметтік байланыстары мен бір-біріне деген сенімін нығайтады – деді.

Пікірсайыс – жетістікке жетудің бірден бір құралы. Ойды жүйелеп, өткір сөйлеп қана қоймай, тыңдап, талдап, эмоцияны ақылға билету, мәселенің мәнін ашып, әр тарапты түсіну мүмкіндігін де береді. Сонымен қатар ол – тәртіп пен тәрбие. Бұл ойында пікір таластыра, сөз жарыстыра отырып, тәртіп сақтауды үйренесіз. Дебатқа қадам басқан күннен бастап сөйлеу әдебіңіз сыпайылық түріндегі «Сіз» сөзіне ауысып, айналаңыздағы адамдарға «ханым, мырза» –деп құрмет көрсетуге дағдыланасыз. Ойында қарсылас болсаңыз, өмірде дос болуға ұмтылдыратын тәрбиелілік пен ізгіліктің бастауына ұмтылдырады. Ойын барысында ойыңызды тура жеткізуге, нақтылыққа, жүйелілікке, айтылған қарсы пікірге қарамастан өз ойыңыздың дұрыстығын дәлелдеуге үйренесіз. Бойыңызда білімділік, батылдылық секілді қасиеттер мен көпшілік алдында әдепті сөйлеу дағдысы қалыптасады.

Соған сай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК бастамасымен және Алматы Қаласы Білім Басқармасының қолдауымен Алматы қаласының білім беру мекемелерінде 2021 жылдың 15 қараша мен 28 желтоқсан аралығында «Дебат – интеллектуалды пікірсайыс алаңы» атты дебат қозғалысының өзекті мәселелері бойынша Алматы оқу орындарының пікірсайыс клубтары мен координаторларына оқыту семинар-тренингтері өткізілді. Барлығы 3625 адам қамтылды, оның 207-і пікірсайыс қозғалысының үйлестірушілері болды. Тренингтер әр аудандарда өткізілді, Алмалы ауданында №46 гимназия, №134 лицей, №67 ЖББМ және Наурызбай ауданы №200 гимназия, №186 ЖББМ, Бостандық ауданында №21 гимназия, №92 лицей, №63 ЖББМ, №70 ЖББМ мектептері базасында жүзеге асты. Аталмыш мектеп базаларында теориялық және практикалық сабақтар өткізуге, көрсетілім ойындары, зияткерлік ойындарды көрсету, т.б. тақырыптарды талқылау үшін арнайы кабинеттер дайындалды.

Әр лигаға (қазақ және орыс тілдерінен) уақыт бөлініп, сабақ кестесі жасалды, әр жұмыс бөліміне жауаптылар тағайындалды. Тренингті осы салада белгілі бір тәжірибесі бар кәсіби пікірсайысшылар жүргізді.

Семинар-тренингтер, ең алдымен, қоғамдық мәселелерді талқылау және талдау арқылы оқушылардың әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында өткізілді. Оқушылардың құқықтық мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін қалыптастырып, сыни тұрғыдан ойлауға, даулы жағдайларды дипломатиялық жолмен шешуге дағдыландырады. Сондай-ақ пікірсайыс қозғалысын кеңінен насихаттап, оны қолдау мен дамытуға, әрбір білім беру ұйымдарында дебат орталықтарын, клубтарын құру арқылы оқушыларды пікірсайыс қозғалысына жаппай тартуға шақырады.

Семинар-тренинг барысында мынадай тақырыптарға ерекше назар аударылды: шешендік өнердің дамуы мен қағидалары, пікірсайыс тарихы, әлемдегі танымал пікірталастар. Пікірсайыс ережелері – тақырып анализі, кейс, ойынға қатысушылардың қызметтері туралы айтылды. Пікірсайыстың APF (америкалық парламенттік формат), BPF (британдық парламенттік формат), LD (Линкольн-Дуглас), PDF (Президенттік дебат форматы) және т.б. форматтарына кеңінен шолу жасалды. Сонымен қатар пікірсайыс аргументациясы, контраргументация; пікірталас тактикасы, төрелік ету технологиясы және т.б. тақырыптар үйретілді.

Оқушылар пікірсайыстың практикалық бөлігіне үлкен қызығушылық танытты, мұнда жас пікірсайысшылар түрлі тақырып бойынша пікір таластырып, мәселелерді талқылады, сындарлы диалог арқылы сабақтан алған дағдыларын көрсетті. Бейресми жағдайда қарым-қатынасқа түсіп, бір-бірімен жақынырақ танысу үшін коммуникация мен бірлікке негізделген жаттығулар, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.

Семинар-тренингке қатысушылар өз тілектері мен оң пікірлерін жаудырып, жағымды эмоцияларымен және жарқын әсерлерімен бөлісті, сонымен қатар білім беру үрдісін жақсарту бойынша өз ұсыныстарын айтты.

     ХХІ ғасыр – Тәуелсіз Қазақстанның білім мен ғылым ғасыры. Білім мен ғылымды ұштастыратын қазық – сөз өнері. Қазіргі кезде стандарттан тыс өз бетінше ойлау қабілетін, логикасын сараптау және синтездеу, жалпылау және сұрыптау, салыстыру және қарама-қайшылық интуициясын, көңіл-күйін, зияткерлік реакциясын, кеңістік пен уақыт туралы жеке көзқарастарын, шектеулі уақыт ішінде ойларын құрастыру дағдыларын дамытуға күш салу керек. Осы дағдыларды дамытуда пікірсайыстың алар орны орасан зор екенін оқу үдерістерінде байқап, жас пікірсайысшылардың жетістіктеріне куә боп келеміз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз