Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
6
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Періштелер ертіп кеткен…”. Жоғалып кеткен ақындар

364

…Ажал айтып келмейді ғой. Сол екі-үш күн ішінде Танабайдан айрылып қалдық. Технология институтының жатақханасында достарымен бірге болып, көшеге шыққан жас ақынның сол күйі дерегі болмады. Перизатқа ғашық болып жүретін пері ақынды кім білсін, періштелер қанатына мінгізіп, әлдеқайда алып кетті ме…

Әйтеуір әлі күнге «көрдім, білдім» деген адам жоқ…». Танабайдың жеке жыр жинағы шықпаған.

«…Жұлдыздың сонау көктегі,

Жұмылып кетсе бірі егер.

Кеудемнің сезім ішектері

Кеткенін толқып біле бер!..», деген Танабайдың өз көгі, өзіндік көгілдір әлемі бар еді. Сол Танабай:

« …Шұғыла жайып құшағын, шұбатылып сонау күмбезден…

Қызғалдақ сайын көк кешіп, қызғалдақ сайын қыр кезгем.

Алқынып саған қарағам, арманда көзбен-нұр көзбен,

Үзідігіп барып құлағам, құмарым қанбай бір кезде…, – деп өз тағдырының алды-артын алдын ала өлшеп, болжам қойған екен.

Төлеген сарындас, Мұқағали мұңдас Танабай ақын артына таңғы шықтай кәусәр жырларын қалдырып, жоғалып кете барды…
https://kaz.365info.kz/khazakhstanda-iz-tyssiz-zhogalgan-balalar-20-bojy-ali-tabylmagandar-foto-309864
Сондай, артына балауса жырларын қалдырып, ғайып боп кеткен ақындардың екіншісі, Әділ Ботпанов.

«Әділ ҚазМУ-ға келгенде даяр ақын ретінде келді. Аңқылдақ жігіт еді. Дос, жора-жолдас десе, барын беретін, елпілдеген елгезек-тұғын. Ақындығы мықты болды. Өз деңгейлестері оған қызыға, қызғана қарайтын. Бірақ жеке жыр жинағын шығарып үлгермеді. Тек «Қарлығаш» деген топтамаға біраз өлеңдері енді. Дүрілдеп жүрген ақын бірде ізім-қайым жоқ болды. Қайда кетті, әлі күнге ешкім білмейді», дейді досын есіне алған талантты ақын (бүгінде марқұм болған) Әмірхан Балқыбек.

«Дертті жандай зәру болған дәріге,

Ми құрғатып мәңгіліктің жолында.

Жанның кірін қанмен жуып сәріде

Мен көшермін құрсағымнан қорымға.

Бірақ маған мөп-мөлдір мұң сыйлар кім?

Арманыма алқа қылып тағуға.

Жансыз қолым жетпей неге қиналдым?!

Тәңірімнің терезесін қағуға…», дейді Әділ «Соңғы ән» деген өлеңінде.

«Ием болсаң көкірекке салған жол,

Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.

Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан

Сен емес қой тек қана…, тәңірім-ау, деп тәңірімен тілдескен Әділ бұл жалғаннан өзіне тең таппай, жан-дүниесін ұғынар қара көрмей, өзге әлемнің қойнына кіріп кете барды ма екен, кім білсін?

Егер де Әділ бар болса, бүгінгі күні талай жыр жинақтардың авторы атанып, өлеңсүйер қауымның кумиріне айналар ма еді? Бірақ жазмыш оған жазбапты.
https://kaz.365info.kz/tyngyshbaj-men-toregalidi-tiridej-komdik-khazakh-khajda-barasyn-296829
Артына өзіндік өрнекті өлеңдерін қалдырып, жоғалып кетіп, кейіннен мүрдесі табылған ақындардың бірі Сағат Әбдуғалиев болатын.

«Ол Сағат еді-ау… Неткен ауыр тағдыр. Небәрі отыз алты жасында қазақ поэзиясынан өзіндік орын тауып, кенеттен бәрін лақтырып, артына қарайламай кете бару – адам түсінбес дүние. Бірақ өмір кетпесіне қойды ма?! Өлмесіне рет берді ме?! Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен түрмелерінің тақтай төсегін әлденеше жамбастаған Сағат еліне өкпе ауруын жамап қайтты. Ендігі жерде Сағат ақынға бұл дүниені тәрк етпеске жер қалмап еді. 1983 жылдың желтоқсанының соңғы күндері. Калмыков селосынан кешкілік үлкен трасса жолды бетке алып шыққан шайыр екі ортада бір сайдың аңғарына құлайды. Сол түні қатты аяз ұрып, қалың қар жауған…

1984 жылдың наурыз айының бір жайма-шуақ күндерінде мал-жандығын ауыл маңына өріске шығарған екі бала ақын мүрдесін таппағанда, Сағатқа сайлы жерден топырақ та бұйырмаған болар еді…», деп Сағаттың тұңғыш әрі соңғы жыр жинағына алғы сөз жазған жерлесі, белгілі сазгер, бард-ақын (бүгінде марқұм болған) Табылды Досымов осылайша ақынды еске алады.

Сағат поэзия әлемінде өзіндік өрнек қалдырған ақын.

«О, тіршілік, жанардағы жарық күн,

Жарық күннен жарағанша мән ұқтым.

Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,

Жүрегінде қалу керек халықтың!..»

Сағат өлеңді осылайша өрнектейтін. Халықтың бәрі білмесе де Сағатты өлеңге жақын жүргендердің көпшілігі білуі керек.

Мұқағалидың «… уақытым келіп кеткенде келмес сапарға, қалмасам екен іздеусіз, ізсіз, жоқтаусыз», дегені бар.

Қазақ поэзиясы аман тұрғанда, өлең сүйер қауым бар кезде, ешқандай ақын, соның ішінде Танабай, Әділ, Сағат сынды дарынды ақындар елеусіз, ескерусіз, іздеусіз қалмасы әмбеге аян.

Ақшарқат Ахметбек
https://kaz.365info.kz/ynty-yp-kelip-sti-e-erkek-shy-anda-yatsyz-a-yn-kim-eken-246629

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз