Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Павлодарда автомобиль дискілерін шығаратын «Giessenhaus» ЖШС-ы іске қосылды

122

Елордамыз Астанада өтіп жатқан жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені тілге тиек етіп, шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеуді тапсырды.

Айта кетелік, осынау телекөпір барысында еліміздің жаңа инвестициялық саясатына тың серпін беретін бірқатар жаңа жобалар – өндіріс орындары іске қосылды. 

Нақтылап айтсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Павлодар облысында маңызды алюминий өндірісі іске қосылды. 

Осылайша өңірде қоспалы алюминий өндірісі мен осы алюминийден автомобиль дискілерін шығаратын «Giessenhaus» ЖШС өндірісі жұмысын бастады.

Өндірумен қатар, өңдеуге де назар аударған жөн 

Сарапшылардың айтуынша, аталған өндіріс орны ел экономикасының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.  

«Павлодарда жоғары деңгейдегі қайта өңдеудің екі жаңа алюминий өндірісі іске қосылуда. Жылына барлығы 36 мың тонна қоспалы алюминийді қазақстандық әрі шетелдік кәсіпорындарға жеткізуге сақадай-саймыз», – деді осы жалпыұлттық телекөпір барысында «FORWOLL GROUP» компаниялар тобының бас директоры Руслан Литвинов.

Оның айтуынша, қазіргі күні Қазақстанда жасалған өнімге қызығушылық танытып отырған кәсіпорындар көп. Бұдан бұрын өндіріс орны өңірдегі жұмыссыздық деңгейін азайтуға да өз үлесін қосуға әзір. 

Телекөпір барысында өндіріс орнының мақсат-міндетімен танысып шыққан Мемлекет басшысы бұған қатысты бірнеше мәселенің басын шалды.

«Жалпыұлттық телекөпір барысында атап өтілген мәліметтер көңіл көншітеді. Қара әрі түсті металы бар ел ретінде бізге бұл ресурстарды өндірумен қатар, оларды өңдеп, қажетті бұйымдарды жасау маңызды.

Мен үнемі алюминийді өңделген күйінде шығаруды талап етіп келемін.

Енді алюминийден басқа да заттарды шығаруға ерекше назар аудару керек», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» атты ұлттық телекөпір барысында.

Алюминий нарығында дағдарыс жоқ 

Естеріңізге сала кетсек қоспалы алюминий өндіретін «Giessenhause» ЖШС зауытының құрылысы биылғы жылдың басында басталған болатын. Ал қараша айында мұнда жетекші еуропалық өндірушілердің технологиясы мен қажетті құрал-жабдықтары жеткізілген. Зауыт мамандары осы күнге дейін оларды орнату және іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізді. 

Бұдан бұрын өндіріс орнына облыс әкімі Болат Бақауов ат басын бұрған болатын. Аймақ басшысы зауытқа жасаған сапары кезінде серіктестік басшылығы атқарылған жұмыстарды жан-жақты таныстырған.

Зауыт беріктендірілген алюминий қорытпасынан алынатын автокөлік дискілерін, сымдарды, алюминий қаңылтырлары мен тақталарын өндіреді. Қазіргі таңда серіктестік красноярлық «Ка и Ка» компаниялар тобымен ынтымақтастық орнатқан.  «К&К» компаниясы 25 жылдан бері алюминий дискілерін шығарады.

Бұл ретте «Giessenhause» ЖШС бас директоры Эдуард Швец кәсіпорынның бірқатар міндеттері мен жұмыс аясын таныстырып өтті. 

Оның айтуынша «Ка и Ка» компаниясы Лада және Рено автокөліктерін шетелге негізгі жеткізіп беруші болып табылады. Олар Толятидегі зауытпен тікелей жұмыс жасайды.

“Біз осы компанияға 14 дюмнен 17 дюмге дейінгі дискілерді дайындайтын боламыз. «Ка и Ка» компаниясының дискі шығару бойынша жоспарлы қуаттылығы жылына 1 миллион 200 мың дана. Қоспалы алюминий өндіретін зауыт шикізатты ERG құрамына енетін «Қазақстан электролиз зауытынан» алады. Өйткені, бүгінде алынатын алғашқы алюминийдің 90 пайызы сыртқы нарыққа жөнелтіліп келеді, – дейді Эдуард Швец

Тілге тиек етер тағы бір жайт бұдан бұрын «Павлодар» арнайы экономикалық аумағында ресейлік және неміс компанияларының қатысуымен алюминий кластері құрылған-тұғын. Павлодар қаласында жаз айларында өткен инвестициялық форум барысында Павлодар облыстық әкімдігі мен «GIESSENHAUS» ЖШС арасында қосымша келісімшарт жасалып, облыс әкімдігі мен неміс компаниясы өңірімізде алюминий кластерін құру жөнінде өзара әріптестік меморандумға қол қойылған еді. 

Өңір басшысы Болат Бақауов өз кезегінде аймаққа келген инвестор кез келген қолдауға үміт арта алатынын айтқан. 

 «Павлодар» аумағында қуатты алаң құрамыз, – деді Болат Бақауов. – Ол жерде кәсіпорын тиімді жұмыс атқара алады. Сондықтан арнайы экономикалық аумақта орналасқан зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етіп, нарыққа шығару жолын іздестіруге дайынбыз. Павлодар облысы инвесторлармен жұмыс жасауға және оларды қолдауға әрдайым әзір», – деген болатын Болат Бақауов. 

 

Кәсіпорын директоры Эдуард Швецтің пікірінше, бүгінгі таңда алюминий нарығы тұрақты:

«Алюминий нарығы құлдырап кетуіне ешқандай алғышарт жоқ деп есептеймін. Нақты көлемдегі алюминийге қажеттілік бар, сондықтан оның бағасы тек өсуі мүмкін», – деді ол.

Ал Giessenhaus ЖШС-ның құрылтайшысы Виктор Литуевтің айтуынша, өндіріс орнына сай маман дайындау мәселесі қазіргі күні толығымен шешілген. 

– Иә, алғашқыда маман тапшы еді, оларды оқыту керек болды. Осылайша кадрларға күрделі технологиялық процестерді үйреттік. Осы мақсатта университеттермен, оның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас орнаттық. Меніңше болашақта Павлодарда алюминий өндірісі саласында тәжірибесі бар және осы технологияларды игеруге көмектесетін италиялық және неміс мамандарын тартатын құзырет орталығын ашу керек, – деді осы орайда Виктор Литуев.

Елбасы тапсырмасы ойдағыдай орындалуда 

Телекөпір барысында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың индустрияландыруға қатысты тапсырмалары ойдағыдай орындалып жатқанын айтты. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алюминий өндірісін дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Міне, биыл Павлодардағы Қазақстан электролиз зауытына 10 жыл толды. Бүгінгі таңда облыста төртінші, бесінші деңгейдегі алюминий өндірісі қарқынды дамып жатыр.

Төртінші деңгейдегі қайта өңдеу қоспалы қанатты металл болса, бесінші деңгейдегі қорытудың өнімі – алюминий дискілері.

Алдағы уақытта қоспалы алюминийден дискілер, профильдер, алюминий фольгасын өндіреміз. Болашақта бұл зауыттың жанында кішігірім өндіріс цехтары ашылады деп ойлаймыз. Қазіргі таңда алюминий дискілері өндірісін дамытамыз», – дейді облыс әкімі Болат Бақауов.

Жалпы жыл соңында Павлодар өңірінде жалпы бес инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл игілікке 264 млрд. теңге жұмсалып, нәтижесінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылмақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз