2024 жылы 6-7 қараша күндері Павлодар облысының аумағында екпіні 28-30 м/с дейін жететін дауылды жел тіркелді. Дауылды желдің салдарынан облыстың үш қаласында және олардың ауылдық аймақтарында, сондай-ақ Ақтоғай мен Баянауыл аудандарында 12 әлеуметтік нысан мен әкімшілік ғимараттың, 31 көпқабатты және 3 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келген.
Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жедел түрде Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізу және келтірілген залалды бағалау мен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы қажетті шешімдер қабылдау тапсырылды.
«Ауа райының қолайсыздығы салдарынан 3 адам зардап шекті. Екі адам жарақат алып, оның біреуі ауруханаға жеткізілді, екіншісі ауруханаға жатудан бас тартты. Бір адам алған жарақаттарынан қайтыс болды. Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары, сіздерден сақтық шараларын сақтауды және аса қажет болмаған жағдайда үйлеріңізден шықпауды сұраймыз», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.