EXPO-дағы павильондар көрме аяқталғаннан соң қаңырап бос қалмайды. Оларды шарадан кейін пайдалану бойынша қазірдің өзінде 20-дан астам ұсыныс түсті.
Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов журналистерге мәлімдеді деп хабарлады “Хабар-24” телеарнасы.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Миландағы көрмеден кейін павильондардың бәрі бұзылып, алынып тасталды. Бізде ондай болмайды. Мәселен,
шар тәрізді «Нұр әлем» павильоны болашақ мұражайына айналады. Онда ғарыш, күн, су, жел, кинетика энергиясы секілді тақырыптарды ашатын түрлі жобалар көптің назарына ұсынылады.
Бүгінде павильондарды пайдалану бойынша ұсыныстар көп түсіп жатыр. Олардың бәрі қызықты. Бұл мәселеге қатысты нақты шешімді жуық арада қабылдаймыз деп ойлаймын. Павильондардың дайындық барысы «EXPO-ның ашылу салтанатына дейін павильондардың бәрі сақадай сай болады.
Осы аптада Халықаралық көрмелер бюросының инспекциялық комиссиясы ұлық шараға дайындық жұмыстарына оң бағасын берді. Ал бұған дейін Бас хатшы Висенте Лоссерталес Астанадағы EXPO соңғы 27 жылда ең үздік көрме болатынын айтып кеткен.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
– Біз қатысушыларға павильондарды қарашаның бірінде бердік. Бірақ бірқатар мемлекет құрылыс жұмыстарын кеш бастады. Дегенмен көптеген ел кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Сондықтан ашылу салтанатына дейін бәрін үлгеруіміз керек. Естеріңізде болса, Миландағы көрмеде халықаралық қатысушылар өз павильондарын уақытында аяқтап үлгерген жоқ. Біз мұндайға жол бермейміз.