Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Пандемия әлемді қалай өзгертті және алдағы уақытта Қазақстан қандай шараларды қабылдауы керек?

1148

Болжамдар орындалмады, шығын көлемі арта түсті

Әлем соңғы 100 жылда алғаш рет жаһандық пандемияға тап болды, ол коронавирус тарағанға дейін орын алған бүкіләлемдік рецессиямен қабаттасты. Инфекцияның таралуы әлемдік экономикада өндірістік тізбектерді бұзып, кәсіпорындар мен бүтін бір салалардың жабылуына, сұраныстың төмендеуіне, мұнай бағасының күрт құлдырап, нарықтың тауарбастылығының артуына себеп болды. Коронавируспен күрес және карантиндік шектеулерден зардап шеккен халық пен бизнеске қолдау көрсету үшін бюджет қаражатын аса үлкен көлемде жұмсауға тура келді, бұл қазынаға түсетін кірістің төмендегеніне қарамастан жүзеге асырылуда.

Жақында өткен  «Online Astana Finance Days 2020» сессиясы аясында М.В. Ломоносов атындағы ММУ-дің экономикалық факультетінің деканы Александр Аузан «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовпен құрған диалогының барысында

«қазіргі дағдарыс өте ерекше, ол 2008-2009 жылдары, 1997-1998 жылдары болған және қазіргі ұрпақ көрген дағдарыстарға мүлдем ұқсамайды. Бұл сыртқы шок түріндегі дағдарыс. Ол өте сирек болады және маңызды өзгерістерге әкелуі мүмкін, өйткені тек экономикаға ғана емес, сонымен қатар әлем туралы жалпы түсінікті, құндылықтар мен тарихи траекторияларды түбегейлі өзгертеді» деп атап өтті.

Сарапшылар пандемияның бастапқы кезінде ол әлемдік экономикаға аз уақыт қана теріс әсер етеді деп болжам жасаса, қазір олардың болжамдары көңіл көншітпейді. Мәселен, Дүниежүзілік Банктің маусым айында жарияланған «Әлемдік экономиканың келешегі» деп аталатын баяндамасында ағымдағы жылы экономика 5,2%-ға қысқарады деген болжам жасалды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен кейінгі ең үлкен құлдырау, ол уақытта 1870 жылдан кейін алғаш рет елдердің басым бөлігінде жан басына шаққандағы өндіріс көлемі қысқарған еді.  Халықтың жан басына шаққандағы табысы ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 3,6% -ға төмендейді, бұл миллиондаған адамдардың кедейлікке ұшырайтынын білдіреді. Дүниежүзілік банк сарапшылары

экономикасы дамыған елдердің шығыны 7%-ды құрайды, ал дамушы мемлекеттер мен нарығы қалыптасып келе жатқан елдердің экономикасы 2,5%-ға құлдырайды деп болжады

Коронавирус пандемиясының таралуы бәсеңдесе экономикасы дамыған елдерде жылдың ортасына қарай, ал қалған мемлекеттерде сәл кейінірек ұлттық шектеу шараларын жоюға болады деген болжам айтылуда. Бірақ қаржы нарықтарында қысқа мерзімді іркілістер орын алуы мүмкін және екінші жартыжылдықта жаһандық деңгейдегі зардаптарды реттеуге тура келеді.

Азия даму банкінің сарапшылары карантин 6 айға дейін созылатын болса жаһандық экономикаға $8,8 трлн шығын келеді немесе әлемдік ЖІӨ шамамен 10%-ға қысқарады деп бағалады. 3 айға созылатын қысқа мерзімді локдаун енгізілсе $5,9 трлн шығын келеді немесе жаһандық ЖІӨ-нің 6,4% -ға қысқарады деп отыр. БҰҰ дамыған елдердің ЖІӨ ағымдағы жылы 5%-ға қысқаруы мүмкін, ал дамушы елдердің шығындары небәрі 0,7%-ды құрайды деп болжам жасады. Бұл таңғаларлық жағдай емес, өйткені дамыған мемлекеттер халық пен бизнесті қолдауға көп қаражат жұмсады. Мысалы, АҚШ-тың ұлттық экономиканы қолдауға арналған ынталандырушы шаралар пакеті $2 трлн соманы құрайды. «Fitch»  рейтинг агенттігінің бағалауы бойынша ағымдағы жылы Италияның эпидемиядан кейінгі қалпына келтіруге арналған ынталандыру шаралары пакеті 55 млрд еуроны құрайды,  ЖІӨ-ге шаққанда осы елдің мемлекеттік қарызы 156%-ға өссе, ЖІӨ 8%-ға қысқаруы мүмкін. «Англия банкінің» бағалауынша Ұлыбританияда $40 млрд сомасына жуық қаржылық ынталандыру пакеті болған жағдайда да бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша  ЖІӨ 27%-ға, ал ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 14%-ға төмендейді.

Макроэкономикалық тұрақтылыққа басымдық беріледі

Қазақстан ұлттық экономиканы қалпына келтіру үшін ЖІӨ-нің 8%-ына жуық көлемін бөлгені белгілі. Жалпы,

азаматтар мен бизнесті қолдауға 6 трлн теңге немесе шамамен $14 млрд қаржы жұмсалды

Қазақстанның Қаржы министрлігі оның 3,4 трлн теңгесі республикалық бюджет есебінен,  ал 2,5 трлн теңге бюджеттен тыс қаражаттан қамтамасыз етілді деп мәлімдеді. Бұл шығындар жұмыспен қамту, табысын жоғалтқандарға берілетін ай сайынғы төлемдер, әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй құрылысы, жергілікті бюджеттердің шығындарын өтеуге және соның ішінде инфрақұрылымдық жобалар мен «қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын орындауға бағытталды.

Қазақстанның ЖІӨ динамикасының ағымдағы жылға арналған ресми болжамы өзгермеген болса да, ол 0,9%-ға төмендейді, қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша осы көрсеткіштің мәні 1,7%-ға азайды, ал көлемдердің төмендеуі есебінен  қызмет көрсету саласында – саудада (12,3%), көлікте (14,1%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда (4,8%) және басқа да секторларда төмендеді. Тұтастай алғанда, осы кезеңде тауарлар шығару 4,8%-ға ұлғайғанына қарамастан, қызмет көрсету өндірісі 6,2%-ға қысқарды. Мамыр айында қызмет көрсету саласын қалпына келтірудің қарқыны артқанымен (мысалы, бөлшек сауда айналымы 34,2%-ға өсті), бұл жалпы экономикалық өсудің оң серпінін қалпына келтіруге жеткіліксіз болды.

ХВҚ бағалауы бойынша, Орталық Азия елдерінің экономикасы биыл жалпы алғанда 4,7%-ға құлдырайды. Осы елдердің үкіметтері пандемия мен карантиндік шектеулердің экономикалық тиімділікке әсерін төмендету мақсатында әлеуметтік қолдау, еңбек нарығын қорғау, халық пен бизнес үшін салықтық және кредиттік жеңілдіктер беру саласында әртүрлі ауқымда бірқатар қорғау шарасын қабылдады. ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің директоры Жихад Азур  «Online Astana Finance Days 2020: өзгермелі әлемдегі нарықтар»  сессиясының аясында  Орталық Азия аймағындағы ағымдағы жағдайды және макроэкономикалық саясат тұрғысынан осы өңірдегі мемлекеттердің коронавирус дағдарысын еңсеруі бойынша ықтимал нұсқаларды талқылауға қатысып, келесідей ұсыныс білдірді.

Азура мырза пікірінше, Орталық Азия елдерінің басына түскен осындай қиын кезеңдерде пандемиядан кейін тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу үшін макроэкономикалық шараларға басымдық беру керек. Бұл шаралар фискалдық және монетарлық саясат шеңберінде, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу арқылы іске асырылады. Фискалдық саясат бюджеттік тұрақтылықты сақтау, бюджеттік ережелер мен зәкірлердің рөлін күшейтуді қажет етеді. Барабар монетарлық саясат ұлттық валюталардың өзгермелі бағамдау режимі арқылы сыртқы шоктарды  төмендетуге және инфляциялық таргеттеу тетігін нығайтуға бағытталған. Қаржы нарықтарын реттеуде тәуекелге бағдарланған және макропруденциалдық құралдар мен тетіктердің рөлін арттырып,  олардың қатысушыларының өтімділігі мен несие төлеу қабілетін қолдауға назар аудару керек.

Лондондық экономика мектебінің мемлекеттік саясат бөлімінің бірінші деканы, Чилидің қаржы экс-министрі, профессор Андрес Веласконың  пікірінше,

дамушы елдерге, соның ішінде Қазақстанға коронавирус пандемиясы дамыған мемлекеттермен салыстырғанда кейінірек келді

Ол бұл туралы «Online Astana Finance Days 2020» шарасының  аясындағы талқылау барысында айтты. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстан қазіргі кезде осы дағдарыстың бірінші сатысында тұр. Ол ЖІӨ-нің 10-15% көлемінде қаржы сала алатын ЭЫДҰ-ға мүше басқа елдер секілді  дамушы елдер қаржы құралдарының үлкен көлемін ұлттық экономиканы қолдауға бағыттай алмайды дейді. Ал бұл өз кезегінде дамушы елдердің шығынын арттырып, ұзақ рецессияның нәтижесінде дамуында кері процестер жүруі мүмкін. Веласко мырзаның пікірінше, бұл елдер пандемиямен қатар әлемдік сауданың қысқаруынан (ДСҰ болжамы бойынша оның көлемі ағымдағы жылы шамамен үштен бір бөлікке төмендейді), шикізат бағасының төмендеуінен, туристік ағынның төмендеуінен және нарықтарынан капиталдың жылыстауынан айтарлықтай зардап шегеді.

Болашақ туралы қазірден бастап ойлану керек

Қазақстанда коронавируспен күресте шұғыл шаралар қабылдау,  сонымен қатар орта мерзімді перспективаға арналған тиісті жоспарларды әзірлеп, ұзаққа созылатын  пандемияға дайындықты бастау қажеттігі туралы ең жоғары деңгейде айтылды. Қазірдің өзінде

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына түзетулер енгізілуде

Үкіметке қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі орта мерзімді перспективаға арналған ұлттық жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Ұлттық экономиканың дамуын айқындайтын стратегиялық сипаттағы басқа да бағдарламалық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізуі мүмкін. Себебі пандемия кезінде ақпараттық және цифрлық технологияларға – онлайн-сервистерге, қаржылық техникаларға, сондай-ақ медициналық препараттар, қорғаныс құралдары мен жабдықтар өндірісіне, биотехнологиялық әзірлемелерге сүйенетін салалардың әлеуеті расталды. Адам капиталының рөлі де өсті. Айтпақшы «Online Astana Finance Days 2020» шарасы өткен күндері Қазақстан Үкіметінің селекторлық отырысында сандық экономикадағы  адами капиталды дамыту мәселесі қаралды.

Бір мезгілде мемлекеттің экономикадағы рөлі айтарлықтай күшейе түсті, өйткені нарықтың өздігінен пандемияға қарсы тұра алмайтыны белгілі болды. Әлемдік экономиканың қарқынды өсуінің ұзақ циклының аяқталғаны және оның айтарлықтай баяулау сатысына көшкені байқалады, бұған пандемияға дейін жаһандық нарықтың жетекші ойыншылары арасындағы сауда соғыстары мен протекционизмнің өсуі ықпал еткен еді. Екінші жағынан, бұл келеңсіз процестер бүгінгі таңда экономикалық ынтымақтастықты өңірлендіруге себеп болды, өйткені географиялық көршілерге жаңа өндірістік, транзиттік және логистикалық тізбектер құра отырып, бір-бірімен өзара іс-қимыл жасау оңайырақ. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одаққа, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдер экономикасының интеграциясы қарқыны артты, бүкіл Еуразияны қамтитын «Белдеу және жол» бастамасы дамып келеді.

«Post-COVID-19: дағдарыс немесе жаңа мүмкіндіктер» панельдік сессиясында «AIFC Business Connect» басқарушы Джеймс Мартин қызметкерлердің физикалық байланысын азайту үшін сандық технологияларды пайдаланып, «Белдеу және жол» бастамасына қатысушы елдердің жобаларының физикалық инфрақұрылымы мен логистикасын біріктіруді ұсынды. Осы сессияның басқа қатысушылары да көлік пен логистика саласына цифрландыруды енгізу «Белдеу және жол» жобасының негізгі қатысушыларының бірі ретінде Қазақстанға барынша тиімді болатыны туралы айтты. «Online Astana Finance Days 2020» аясында сөз сөйлеген «EnTrust Global» басқарушы директоры Джулиан Проктордың пікірінше,

логистикаға блокшейннің толассыз технологиясын енгізу Қазақстанның көлік индустриясы мен ұлттық экономиканы дамытудың маңызды драйвері болуы мүмкін

Мұндай жағдайда цифрландыру құрлықтағы контейнерлік тасымалдаудың барлық кезеңдерін қамтыр еді.

Бірақ бұл болашақтың еншісінде, Веласко мырза атап өткендей, Қазақстан да, басқа дамушы елдер де бірінші кезекте пандемияның зардабымен күресу шараларын қабылдап, ақша нарығында қажетті өтімділікті қамтамасыз етіп, экономикадағы стратегиялық маңызды компаниялардың жұмысқа қабілеттілігін сақтауы тиіс. Бұдан әрі экономикалық өсуді ынталандыру шараларына, соның ішінде халықты жұмыспен қамтуға баса назап аудару керек. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ағымдағы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар жүзеге асырылуда, оның ішінде өнеркәсіпті дамыту қорын құру, өңдеуші сектор кәсіпорындарын, ШОБ-ты жеңілдікпен несиелеу, бизнеске арналған шағын несиелерді субсидиялау және ішкі өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау бойынша басқа да шаралар атқарылуда.

Атап айтқанда,

АХҚО бизнесті қолдауға өз үлесін қосып, компанияларға түрлі relief measures  ұсынуда

Коронавирус пандемиясы кезінде реттеуді азайту шаралары пакетіне Astana Financial Services Authority (AFSA) лицензиаттарының түрлі есептерді ұсыну мерзімдерін ауыстыру, орындау мерзімі Қазақстан Республикасында енгізілген төтенше жағдай кезінде аяқталатын AFSA лицензиаттарының реттеуші ұсынымдарды орындау мерзімдерін тоқтата тұру, бағалы қағаздары Astana International Exchange (AIX) ресми тізіміне енгізілген компаниялардың жылдық есептерді ұсыну мерзімдерін ұзарту және 2020 жылғы 1 қыркүйектен кешіктірмей ақпаратты ашу бойынша міндеттемелерді орындау шараларына қатысты қолданылады. Карантиннің басталуымен АХҚО-ның барлық бизнес-үдерістері онлайн-режімге көшті, ал АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) дауларды шешу қызметтеріне үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, онлайн-режімде жұмыс істейді. Өткен жылдың маусым айында АХҚО соты мен ХТО алымдар мен төлемдерге мораторий енгізді, сондықтан компаниялар осы инстанциялардағы дауларды шешу қызметтеріне тегін қол жеткізе алады.

Шілде айының басында Мемлекет басшысының төрағалығымен АХҚО басқару жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Қазақстан президентінің пікірінше,

«пандемия мен мұнай бағасының құлдырауы мен дамушы нарықтардан бұрын-соңды болмаған көлемде капиталдың жылыстауынан туындаған жаһандық сілкіністер жағдайында ұлттық экономиканы әртараптандыру үшін жаңа реформалар жүргізу қажет».

АХҚО-ға елдің орта мерзімді перспективадағы стратегиялық даму бағытын анықтау мақсатында экономикалық күн тәртібін іске асыруға белсенді қатысу міндеті қойылып отыр. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, АХҚО Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту үшін өзінің әлеуетін пайдалануы тиіс.

АХҚО әлеуетін бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту үшін де пайдалану қажет. АХҚО құрылғаннан бастап өз алаңына шетелдік ойыншыларды ғана емес, қазақстандық компанияларды тартуға ниетті. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстандық қор нарығына халықаралық капиталды тарту» деген тақырыппен өткен конференцияда АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов

АХҚО – «бұл өзі жұмыс істейтін анклав емес, бұл ең алдымен инвестиция тартуға қызмет ететін Қазақстанның және өңірлік экономиканың ажырамас бөлігі, ол Қазақстанның технологиялық модернизациясы мен инфрақұрылымдық дамуының моторы және драйвері болуы тиіс» деп атап өтті.

Ақорда АХҚО бірегей мүмкіндіктерін пайдаланып, аймақ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде әрекет ете алады деген пікірде. Бұндай пайымдауға Еуразиялық экономикалық одақ пен сауда және өндірістік байланыс орнаған Орталық Азия елдерінің күш-қуатын пайдаланбау өзімізге тиімсіз болады деген көзқарас негіз болды. Сондықтан, бұл мемлекеттер арасындағы бәсекелестікті өзара күшейту және дамуға уәждеу призмасы арқылы қарайтын болсақ, инвесторлардың осы елдердің біріне деген қызығушылығы басқалардың табысының артуына сөзсіз әсер етеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз