Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Пәмиті» нашар екен. Өтірікші-министр желіде мазақ болуда

Біздің сөз соңғысы туралы болмақ. Министр кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы кезінде заң жобасы аясында депутаттардың қазақ тілінде қойған сұрақтарына тек орысша жауап беріп, кейіннен мұнысын журналистерге Ресейге барып, ана тілін ұмытып қалуымен түсіндірген.

Сөйтіп, басы пәлеге қалған шенді: “6 ай ішінде қазақ тілін үйренуге уәде беремін” – деумен құтылды.

Министрдің бұл сөзі БАҚ беттерінде жариялана салысымен, қоғамның наразылығын туғызып, түрлі ойға итермеледі.

Әлеуметтік желіні қолданушылар өз жазбаларында министрдің өтірік айтып тұрғанын дәлелдеп, қалжыңмен қағытып, мемлекеттік қызмет саласындағы келеңсіздіктерді көзге шұқып көрсетіп, өз өкініштерімен бөлісті.

Өтірік!

Көпшілік министр ел алдында өтірік айтты, осылайша, бүтін жұртты адам құрлы көрмеді, намысымызға тиді деп санайды. Сондай пікірлердің бір-екеуіне тоқтала кетелік:

Facebook желісін қолданушысы Алмагуль Макатова:

“5 жылда қазақшаны ұмыттым дей ме? Мүмкiн емес, сенбеймiн. Менiң танысым 25 жыл Москвада тұрып келдi, еш ұмытқан жоқ, қазақша сайрап тұр. Мынау өтipiк айтады. Сөйлемеудің амалы”, – деп жазады.

Рустем Базарханов деген бір қазақ былай депті:

“Ана тілі ұмытып қалатын тақпақ па? Одан да білмеймін деп шындығын айтпай ма”.

Kizir Madi:

“Осыдан басқа ешкім шетелде болмағандай! Мен де Германияда 5 жыл тұрып, ана тілімді ұмытпадым”.

Бағлан Шекеш:

“Менің әкем соғыста 3 жыл, 5 жыл оқу мен әскері бар, 8 жыл Белорусияда, Смоленскіде болған. Тілін ұмытпаған”.

Қағытпа

Әлеуметтік желіні қолданушылардың бірі:

“Памяті нашар адамға цифрларды қалай сеніп тапсырамыз”,

– деп қағытса, тағы бірі:

“Ресейге барып, ана тілін ұмытып қалған министрге енді еліне келіп, орыс тілін ұмытып қалуына тілектеспіз”,

– деп қалжың тілек білдіреді.

Енді біреулері:

“Склерозға шалдыққан министр қалай қорықпай уәде берді екен”,

– деп таң қалады.

Келеңсіздік

Министр қызметіне тағайындалар кезде мемлекеттік тілден Елбасының өзі тапсырған емтиханды ол қалай тапсырды екен? Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білуі шарт. Заңды дөкейлер сыйламаса, халыққа олар қалай талап қояды?

Міне, осындай сауалдарды жолдаған әлеуметтік желідегі қауым осы заңды белден басып жүрген Үкіметтегі Тимур Сүлейменов секілділерге келгенде тәртіптік кеңес неге шарасыз, деп толғанады.

Өкініш

Бүгінгі қауым биліктегі тілсіздерді жөнге салатын Бауыржан Момышұлындай адамның жоқтығына қынжылып, сан соғады.

Иә, Бауыржан Момышұлы да әліппені орысша бастаған. Бүкіл қызметі орыс тілінде өтті. Бірақ ол НАҒЬІЗ ҚАЗАҚ болып қалды.

Ол орысша сөйлегенде, оның асқан шешендігіне, ой жүйесінің, логикасының жампоздығына, биік білімділігіне ең зиялымын деген орыстардың өзі таң қалып, таңдай қағар еді.

Бірақ ол орысша оқыған қазіргі биліктегі қазақтар сияқты ана тілінен безінген жоқ. Керісінше, ұлттық болмысты сақтау, қазақ тілінің тазалығы бұзылмауы үшін күресті. Сол үшін өзі қызмет еткен Кеңес өкіметіне қатты сөздер айтып отырды.

“Тілсізді – айуан дейді” деп басталатын 1944 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықов жолдасқа жазған хатында Бауыржан ағамыз:

… Февральдің 15-і күні, кеселханаға түсе салысымен, көңілімді сұрағалы, көптен көріспеген бір орыс әйелі Сахарова дейтін келіп отырып, қазақша жазылған бір парақ қағазыма көзі түсіп:

– Бауыржан, почему вы пишете по казахски, – деп таңқала сұрақ қойды.

– Вы меня удивляете Нина Александровна, почему я не должен писать по-казахский, на своем родном языке, – дедім мен.

– Ведь многие казахи не пишут и не разговаривают, потому что не выразишь свои мысли. Того, что хочешь сказать, не скажешь… Говорят, Ваш язык бедный…, – деп түйеден түскендей, ұялмай-қызармай айтып отыр…

Не дерсің, сөзі өңменімнен өтіп кетті. Ол кісіге әлімнің келгенінше, теріс ұғымын дұрыстап түсіндірдім.

Кейіннен білдім, Сахарова осындағы бір халық комиссарының бірінші орынбасары екен. Қазақстанға келгеніне 10 жылдан асқанын бұрыннан білуші едім. Жай, орыстың шүйкебас әйел-қыздары емес, көзқарасы, ұғымы қазақ тілі туралы осындайлығына ішімнен қапаланып «жарыған екенбізді» қалай айтпассың, қалай ойламассың. Осы қағаздағыларды жазуыма қамшы болғанның біреуі сол, он жыл тұрып, Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз ел басқарушылардың қатарына кіріп қалған (не арқылы екенін, құдай білсін), надан-хабарсыз «Замнаркомша» елдің сорына біткен, кейбіреулердің уәкілі болған соң, оларға ондай ұғым тудыруға алдымен өзіміз жазықты екенімізді мойынға ала отырып, бүгіп қалуды қажетсіз деп тауып, мысалға келтіріп отырмын дей келе, қазақ тілін былғап жүрген көп жайттан мысал келтіре отырып:

– Мен әскери адаммын – тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын, – дейді.

Батыр бабамыздың бұл хаты 1944 жылы 25 ақпанда „Ана тілі„ газетінде жарық көрген.

Міне, тілін білмегені үшін билікте отырған талай азаматтың бетін күйдіріп, жөнге салған қазақтың Бауыржан Момышұлы сынды намысты батыр тұлғалары қазір бізге жетіспей жүр.

Ол рас енді…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз