«Өзімді жезөкше сезіндім…». Қазақ қыздарын сексжихадқа кім апарып жүр? (видео)

Сексжихад. Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөз қазір көп, өте көп айтылатын боп жүр. Әсіресе, әлем баспасөзінің аузынан түспей тұр. Не дейсің, кей мұсылман қыздарды Сирия асырып жатыр. Нәзік жандылар ол жақта содырлардың тоятын басады екен. Дінге солай да қызмет қылады екен деп шулап жатыр.

Бұл туралы Еуразия телеарнасы хабарлады.

Ең сорақысы, сол шайтан жолындағы жыныстық жихадқа барғандар арасында өзіміздің қара көздер де жетерлік.

ДАИШқа қойдай тізіп, қазақ қыздарын кім апарып жатыр екен?!

Сыртқа шықпай-ақ, ел ішінде сексжихад жасап жүргендер бар. Түрмеде отырған «ахи», «брат»-қа уақытша некелесіп, әлгілер қыздың қызығы таусылғасын талақ айтады екен.

Ал бойжеткен бейшара, түрме-түрмені гастролдетіп аралап шығады екен дегенді де естіп қап жатырмыз. Ұнаса үйленіп, аз күн ойнастан соң тастай салу немесе әйелдерін бір-біріне хадия, сый деп бере салу қазір салафизм, сол секілді өзге жамағаттарда қатты белең алып тұр.

Бір жылда 10 рет күйеуге шыққандар жайлы да, деректер бар. Бұл бәлекет жезөкшелікті дінмен ақтау емес пе?!

«Джихад дегенде, екі термин бір-біріне сәйкес келмейтін дүниелер. Ешқашан джихад жыныстық бағытта болмайды»

— дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.

Сирияға кетіп жатқан ешбір қыз жезөкше болам, содырлардың нәпсісін қанағаттандырам деп барып жатқан жоқ. Көпшілігі алданып, әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп қап барып жатыр.

«Менің есімім Наргиз. Менің сорым фейсбукте танымайтын жігіттің достығын қабылдағанымнан басталды. Басында, өмір жайлы, отбасы туралы әдемі-әдемі сөздер айтты. Қарасам, сұлу көзінде аздап мұң бар. Айтуынша дін жолында қан кешіп, соғыста жүр екен» — дейді содырлар тұтқынында болған келіншек Наргиз.

«Әдетте ол жәй ғана жасанды тұлға. Әлеуметтік желідегі суреттері оныкы болмауы да мүмкін. Тартымдылығы үшін басқа фотолар қойылады.

Сөйтіп қыз бала, өзінің сезіміне елітіп, сөйлесіп жүрген адамына барып жар боламын деп, көбінде осындай оймен кетеді.

Бірақ, олар бұл жағдайда әркімге қолжаулық болам деп ойламайды. Көп жағдайда қыздар нақты бір тұлғалармен танысып, адал жары боламыз деп барады» — дейді дінтанушы Айнұр Әбдірасылқызы.

Сөйлескен жігітін іздеп келгенде, ондай адам өмірде мүлдем жоқ боп шығады! Қызды содырлар қатын-қалаш толы жатақханаға тыққан. Ол жер тура бордель секілді. Бір жүнбас келеді, соған некелеп жібереді. Ол сорлы, қылжия қалса, тағы бір сақалдыға тұрмысқа шығарады. Осылай, бір жылда он-он бес еркектің «әйелі» боласың!

«Бізді қолдан қолға лақтырды. Бір содырдан соң, екіншісі еншілеп алып жатты. Батыр, сарбаздың жары болам деген қиялымның быт-шыты шықты. Өзімді кәдімгі жезөкше сезіндім. Салдақыдан бар артықшылығым қиылған некем шығар? Бірақ, 7-8 күйеу көрудің жезөкшеден не айырмасы бар?» — дейді дейді содырлар тұтқынында болған келіншек Наргиз.

Өзбек қызы Наргиздің айтуынша, желік сезімге алданып, соңыра содырлардың лагерінде жезөкшенің күнін көріп жатқан қазақ қыздары көп дейді. Жә, алыстағы Сирияны қойшы! Өз елімізде, қара көз қарындастарды алдап, үйленіп ап, сосын тура жезөкшедей бір-біріне сыйлап жіберетіндер көбейіп барады…

«Анама айтудың қажеттілігі жоқ. Ол кісілердің куәгер болуы, рұқсат беруі қажет емес деді. Сөйтіп анама айтпай, некемді қидырдым. Кейін сабаққа баруды да доғардым. Бүкіл есіл-дертім сол балада болды» — дейді Назира есімді келіншек.

Ата-анама айтқанда, бұлай болмас еді,-деп жылап отыр.

Бірақ, сектанттың дені қызбен некелесу рәсіміне ата-анасын қатыстырмауға барын салады. Керек болса, әкең де, шешеңде намаз оқымайды. Олар кәпір. Кәпірдің рұқсаты керек емес,-деп, безілдейді.

 

«Ең біріншіден, ата-анасы өзінің қызын дұрыс адамға некелестіргісі келеді. Екіншіден, оған бір арнайы той жасап, рәсім өткізіп, туған-туыс шақырып, жария қылғысы келеді» — дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.

 

Ата-ананың бұл шарты бірер апта ойнап, талақ қыла салам деп тұрған сектантқа қолайсыз. Сол себепті ғой, әкесін де, шешесін де жолатпауға тырысатыны.

Жә, үлкендердің рұқсатынсыз үйленіп алған соң ары қарайғысы белгілі ғой. Мың жылдық құдалық жасалмайды, қалың берілмейді, құда күтіспейді. Болашақ шаңыраққа жауапкершілік артып, ел-жұрттың аманатын жүктеуді мақсат тұтқан мұндай жоралғылар атқарылмаған соң, жауапкершіліксіз құрылған отбасының ойран болуы да, сұраусыз алынған қыздың талақ болуы да оп-оңай. Солай болады да!!!

Қайын жұрт үшін үнсіз, төркін үшін құнсыз неке «талақ» деген жалғыз сөзбен тарс айырылып кете барады. Панасыз қалған қарындасты тағы бірі некелеп алады. Келесі талаққа дейін…

«Осындайдың салдарынан біз тіпті, 7-8-13 ретке дейін тұрмысқа шығып, бірнеше баланың анасы болған, қай баласын кімнен туғанын білмейтін қыздарды да көріп отырмыз» — дейді дінтанушы Айнұр Әбдірасылқызы.

Бірер жылда 7-8 күйеу ауыстыру? Ол былай болады. Дінге қызыққан жас қызды, сектанттар өз тобына тартады. Намаз үйреткен болады. Сосын, «сен қыз баласың, бойдақ жүру харам» деп, некелесуге үндейді. Өздерінің арнайы дайындап қойған жігітіне жапсырады. Ол біраз ойнаған соң, талақ қылады. Топтан шығармас үшін, жұбатқан боп, тағы біреуі жақындайды. Не керек, ол да көндіреді. Сөйтіп, қаракөз қарындасты бір-біріне лақтырып, қақпақыл етеді. Өздерінше мұны уақытша неке. Бұл дінде бар,-деп ақталады.

«Бір күні ер адам, Хәзіретті Омардан уақытша неке жайында сұрайды. Сонда уақытша неке туралы сұрағанда, Хәзіретті Омардың қалай жауап бергенін білесіз бе?! Ол жымиған жоқ, күлген жоқ. Керісінше қатты ашуланды. Сөйтіп, алланың атымен ант етейін, Пайғамбардың дәуірінде біз зинақор және азғын болмадық деп, қатты жауап береді. Енді байқап қарасаңыз, бұл жерде уақытша неке зинақорлықпен теңестіріліп тұр, керек болса» — дейді дінтанушы Жалғас Сандыбайұлы.

«Біздің неке туралы қасиетті ұғымдарымыз бен жетім-жесір түсініктері мәселесін мүлем ойыншыққа айналдырып жіберді.

Айналып келгенде зардап шегетін бір ғана нәрсе- ол қыздың тағдыры. Өйткені ол ертең қанша күйеуге шыға береді?

Ары болса 3-4 бала жетектейді, ары қарай далада қалады. Ал одан кейін оны қоғамға бейімдеп көріңіз. Одан кейін оның бала-шағасын тәрбиелеп көріңіз. Сондықтан ол мемлекет үшін, жаппай белең алып кетті деп айту қиын, бірақ үлкен трагедияға айналып бара жатқан жағдайы бар» — дейді дінтанушы Кеңшілік Тышқан.

Не істеу керек?! Ең әуелі, әркім өз әулетіне ие болуы керек. Қызыңызбен көбірек, ұзағырақ әңгімелесіңіз. Ол ақыл-кеңесті біреуден емес, әкесі, анасынан сұрау керек. Ойын, мазалаған мәселесін сізге айтуы керек. Сонда, сектадан сақ боласыз. Сондай-ақ, бір-біріне әйелдерін қақпақыл қылғыш қылғыштардан қорғанудың ең озық тәсілі дәстүріміз бен ханафи мәзхабымыз.