Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Өзбекстанда қамауға алынған отандасымыздың жағдайы не болмақ?

Бірақ, арада бір айға жуық уақыт өтсе де қазақстандық құзырлы орындар қамаудағы отандасымызға көмек түгілі, жарытып ақпар да ала алмай отыр.

Жасы 70-тен асқан Мінәй Амантаева Қонысбаев бекетін жағалап жүргеніне бір айға жуық уақыт болды.

Жалғыз ұлы Нұрлан Құлтаев сусын мен шоколад артқан екі өзбекстан азаматына жалданып, 14-ші қыркүйек күні осы бекет арқылы өзбекстанға өтпек болады.

Біздің кеденшілер 33 тонна жүгі бар көлікті оп-оңай жүксіз деп құжат толтырып, шекара асыра салыпты.

Бірақ, Өзбекстанға кірмей жатып ала шапанды кеденшілер ұстап, екі өзбекті бірден қамауға алса бір аптадан кейін Құлтаевты да жапқан. Қамауға алынар бұрын баласы бейтаныс нөмір арқылы өзбекстанда айыпталып жатқанын хабарлап үлгеріпті.

 

“Менің балам жүктің егесімен өткен. Қасында сол брокерлер тұрған. Бірақ ойда-жоқта жоқ боп кеткен. Содан кейін кеденшілер менің баламды алып кеткен”, дейді қамаудағы Қазақстан азаматының анасы Мінәй Амантаева.

Өзбек кеденшілерінің мәліметінше Нұрлан Құлтаев ұсталған азамат Түркістан облыстық кірістер департаменті мен кеденшілеріне хабарлама жіберіпті. Бірақ, ондаған тонна тауары бар көлікті жүксіз деп өткізіп жіберіп масқара болған кеденшілер бұл хабарламаны тіпті анасына да айтпаған.

Кеденшілердің былығынан кейін бекет басшысы өз қызметінен кетіп, осы жәйт бойынша «салғырттық» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Сорақысы сол өзге елде бір айға жуық қамауда жатқан отандасымызға Қазақстан тарапынан не қорғаушы, не аудармашы жіберілмеген. Сыртқы істер министрлігінде жарытқан ақпар да жоқ.

“Өзбекстан тарапының мәліметіне сәйкес, оған салық және басқа да өзге де төлемдерден бас тарту деген айып тағылуда. Оның екі адвокаты бар.

Екі адвокатын туыстары жалдаған. Аудармашы берілмеген. Себебі біздің азамат өзбек тілін жетік меңгерген. Қазіргі таңда біздің консул Қазақстан азаматымен кездесуге әрекеттер жасап жатыр.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігіне тиісті нота жіберілді. Соған жауап күтіп отырмыз”, дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік комитетімен тұтқынға алынған Нұрлан Құлтаевтың денсаулығы да дімкәс екен.

Асқазанында ашық жарасы, бүйрегінде ісігі бар оның қазіргі хәлін туыстары біле алмай отыр. Оның қамауға алынуына кеденшілер кінәсінен екеніне сенімді туыстары енді бар үмітін елшілік пен сыртқы істер министрлігіне артып отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз