Нұр-Сұлтан
Қазір
22
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Отырар ауданында алтын күз мерекесі өтті

Отырар ауданында күзгі жиын-терін жұмыстары аяқталуға жақын. Осыған орай аудан әкімдігі дала еңбеккерлерінің «Алтын күз-2021» мерекесін салтанатты жағдайда атап өтті. Мерекелік жиынға келген көпшілік алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып, күнделікті тұтынатын азық-түліктерді арзан бағада сатып алды. Жәрмеңкеде қауын, асқабақ, картоп, пияз, сәбіз, жұмыртқа, жылқы мен қой еттерінен бөлек ауданның брендіне айналған «Маяқұм шұбаты» мен «Отырар – Құрал» ЖШС-нің көк, қызыл алмалары, арнайы орамадағы тары-талқан, қауынқақ өнімдері көпшілікке назарына ұсынылды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов аудан диқандарын «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, ынтымақ-бірліктің арқасында қол жеткізген жетістіктерін жоғары бағалады.

«Биылғы жылы ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болды. Жыл басында 33 475 гектар аумаққа егіс егу жоспарланса, жоспар 1362 гектаржерге артығымен орындалып, 104,0 пайызды құрап отыр. Оның ішінде 11 000 гектар алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылы егілді. Жалпы аудан бойынша 9 айдың қорытындысымен 23 млрд.теңгенің  ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 101,3 пайызды құрады. Аталған жетістіктердің барлығы аудан дихандарының қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білемін. Бүгінгі мерекеде аудан халқының атынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан азаматтар мен ардагерлерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді аудан басшысы Әбдіғали Жүнісов.

Сондай-ақ аудан әкімі биылдың өзінде 85 жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынғанын атап өтті.

Жиында ауыл шаруашылығы саласы бойынша үлкен жетістіктерге қол жеткізген үздік ауыл округтері мен ауыл диқандары аудан әкімінің арнайы алғыс хаттарымен марапатталса, биылғы қуаңшылықтан зардап шеккен еліміздің батыс өңірлеріне шөп жеткізуге атсалысқан ауданның бір топ белсенді ерікті жастары белгілі қоғамдық қордың арнайы медалдарымен марапатталды.

Одан әрі мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әсерлі би мен көңілді әндер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Шара соңында жиынға келген қонақтар Қарақоңыр ауылында егістік алқапқа жаңбырлатып суару әдісін енгізу арқылы өнім алудың тың жобасын қолға алған  «Грим-Фарм» ЖШС-нің басшысы Сейітжаппар Ахметовтің шаруашылығымен танысты. Аталған шаруашылық басшысы биылдың өзінде осы әдіс арқылы 40 гектар жерге бидай дақылдарын ексе, одан бөлек 60 гектар аумаққа жүгері дақылын еккен. Еңбекқор шаруа алдағы уақытта да бидай, жүгері өнімдері мен жоңышқа егуді қолға алып, егістік көлемін 200 гектарға жеткізуді жоспарлап отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз