30 наурыз күні таңертең Үлбі және Октябрь аудандарындағы апаттың салдарынан Өскемен қаласы жарықсыз қалды.
Бұл туралы YK-news.kz өңірлік басылымы жазды.
Өскеменнің тұрғын үй кешені шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Асқар Жақсылықов пен “ВК РЭК” АҚ төрағасының орынбасары Руслан Қарманов болған оқиғаның мән-жәйін ашты. Руслан Қармановтың сөзіне қарағанда, апаттың негізгі себебі техниканың тозуында болған. Өңірдегі жоғары вольтты қондырғы 60-жылдардан бері қолданыста екен.
Техника істен шығып, тұтана бастаған. Компания қызметкерлері өртті шұғыл қызметтердің көмегінсіз өздері сөндірген.
“Қосалқы станциялардың бірінде ажыратқыш багында май шығарумен өрт шықты. Оны жою үшін, жұмыстардың қауіпсіздігі үшін тағы төрт қосалқы станция тоқтан ажыратылды”, — деді Қарманов.