Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Орыстардың мақсаты сол еді…”. Оғыз Доған қазақ тіліне жасалған қастандық туралы шындықты айтты

221

Қазақтар көшпелі халық болғанымен, ауыз әдебиеті мен аңыз-әңгіме, жыр-дастандары атадан балаға ауызша айтылып, тілдік қоры ерекше дамыған.

Әрқашан да түрік жастарына «үйренуге тиісті тілдердің бірі ‒ қазақ тілі», ‒ деп айтып жүремін.

Біріншіден, қазақ тілінің сөздік қоры өте бай, екіншіден кез келген ойды, эмоцияны, сезімді жеткізуге өте тиімді. Мысалы, түрік тілінде қазіргі шақта айтылатын «иор» және «макомекте»  сынды екі сөз ғана бар. Ал қазақ тілінде «жатыр», «тұр», «жүр», «отыр» болып түрлене береді. Сөздері де оқиғаға байланысты түрленіп, шығарманың мағыналық жағын ерекше толықтыра түседі.

Меніңше,

барша түркі халықтары қазақ тілін мойындауы тиіс.

Өзім Мағжан Жұмабаевты рухани көсем деп есептеймін. Ол кісінің «Қазақ тілі» деген өлеңінің соңында:

«…Таралған түрік балаларын бауырыңа,

Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім…»  ‒ дейді. Мағжанның бұл өлеңі өз елі отарланып, өз басы тұтқынға түскен ақынның қазақ тілінің болашағына қарата айтқан сөзі еді. Жан-жаққа тарап кеткен түрік балаларын: «Ақ қолыңмен тарта аларсың, сен тілім», – дейді. Сондықтан келешекте түркі халықтарының басын қосатын қазақ тілі екеніне кәміл сенемін.

Қазақ тілі өткір және құдіретті. Мысалы, қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі бар. Мұндай сөздік басқа ешқандай елде, халықта жоқ.

Кейде бәзбіреулер қазақты кемсіту үшін «көшпелі, қой соңында жүрген ел» деп айтып жатады.

Бірақ, қазақтың сөздік қорына терең бойласаң, мүлдем ондай емес екеніне көзің жетеді. Мектепте оқып жүрген кезімнен қазақ тілін зерттеп бастадым.  Түркияда бізден бұрын қазақ тілінің фонетикасын ешкім зерттемеген екен. Алғашқылардың бірі болып зерттеуді қолға алдым. Ахмет Байтұрсынұлы дайындаған төте жазу мен бүгінге дейінгі алфавиттерді тереңінен зерттедім.

Бір қызығы, байырғы кезде қазақ, қырғыз, өзбек, татар ұлттары сөйлескенде өз тілдерімен сөйлесті, ал жазғанда шағатай тілінде жазған екен. Мысалы, Шығыс Қазақстанда «шақырып жіберші» дегенде «ш» әрпін қатты дыбыстайды. Осы сөздің  де айтылуы мен жазылуында айырмашылық бар. Бұл байырғы түркі тілдерінен қалған ғадет. Қазақтың бірінші филологы Ахмет Байтұрсынұлы төте жазуды қазақ тіліне реформалап, ереже құрастырып, тілдік ерекшеліктерін қалыпқа келтіріп,  қазақ фонетикасының негізін қалаған. Ғалымның бұл ережелерін Алаш зиялылары да мақұлдап, сол ережемен жаза бастады. «Айқап», «Қазақ» газеттері де  осы жазу ережесімен шығып тұрды.

Тілді тоқыратқан кім?

Түркі халқтарының бір-бірінен  ажырап, тілдік фонетикасының тоқырауға ұшырауына басты себеп ‒ Патша үкіметі мен орыс большевиктерінің түркі халықтарын бөліп жіберуі болды.

Отарлаушылар түркілердің ортақ тілдік қорын бұзса, оларды бір-бірінен алыстатып, бірлігінен айырып  жіберуге болатынын білді.

Мысалы, қазақ, өзбек бір-бірін сөйлескенде түсіне беретін. Бірақ отаршылдар оларды жазғанда түсінбеуі керек деген саяси идеологияны қолданды. Большевиктерден кейін латын әліпбиі деген идея айтыла бастады. Бұл тіл үйренуге оңай, бәріне ортақ деген желеу ғана еді. Дегенмен түпкі мақсаты түркі халықтарының байырғы бірлігін таратып жіберу болды. Себебі сол тұста түркілер бірігіп ортақ төте жазуды қолданып жатқан-ды.

1928 жылға дейін Түркия төте жазуды қолданып келді. Төте жазу араб әліпбиі болғанымен түркілер бірін-бірі жазбашада оқып, түсінуіне оңай болатын.

Жазуы, әліпбиі бір болғасын түркі халықтары бір-бірін түсіне алды. Большевиктер латын әліпбиін енгізіп, түркілерді Түркиядан айыруды көздеді. Сол кезде Мұстафа Кемал Ататүрік  1928 жылы Түркияны латын қарпіне өткізіп, большевиктердің түркі халықтарының тілін бөлуіне мәдениетті түрде қарсы шықты.

Ататүрік орыстардың әліпби ауыстыруының түпкі мақсаты ‒ бірлікті бөлу екендігін білді.

Сонан соң шовинист большевиктерде «енді не істеу керек?» деген алаңдаушылық басталды. Одан соң олар кириллица әрпін ойлап тапты. Бірақ олар өздерінің озбыр саясатын 1938 жылы Мұстафа Кемал қайтыс болған соң ғана жүзеге асыра бастады.

Кеңес отарында қалған барлық түрік елдері кириллицаға өтті. Кириллица ауызекі тілде бірін-бірі жақсы түсінген түркі халықтары үшін жазбаша түсіне алмастай күрделі болатын және әліпбиді қолдануда жазу ережелерін, таңбалау түрлерін өзгертіп жіберді. Бірақ, біз құлдық санадан құтылу үшін кириллицадан латынға көшуге тиіспіз. Қарап отырсаңыз, латын да, кириллица да біздікі емес.

Біздің жазу руна.

Рунаға өту қазір мүмкін емес шығар, бірақ латын әліпбиіне өткен түркі халықтары көп болғандықтан, сол әліпбиге  өтіп, бірігуді ойлау қажет.

Түбінде бірігеміз…

Тарих, тіл, саясат түбінде түркілерді бірігуге мәжбүрлейді. Бір болсақ әлдеқайда күшті боларымыз сөзсіз. Біздің кирилл әріптерін қолданып жүргенімізге бір ғасырдай уақыт болды. Осыған байланысты

қазақ тілінің дыбысталу әуезділігі жоғалып бара жатыр.

Мысалы, «ң» «і» т.б. әріптерінің дыбысталуын айта алмайтын жастардың қатары көп. Бұл кириллицаның әсерінен деп білемін.

Түркия арабтардан, ал Қазақстан орыстардан көп сөзді алып, қолданып жүр. Түрік филологтары өзге тілден енген сөздердің мағынасын сақтай отырып, түрік тіліндегі терминдерді қалыптастырды. Мысалы, «ұшақ» деген сөз түріктерде де, қазақтарда да «ұшу» деген мағынаны береді. Онан бұрын түріктер арабтардың «тойр» (ұшу) деген терминін қолданып келді. «Ұшақ» сөзі бірінші рет Түркияда қолданылды. Кейін қазақтар қабылдады. Негізінен қазақ пен түрік тілінің ұқсастығы өте көп.

Сондықтан түркі тілдерінде терминдер қалыптастыру керек.

Осылай біздің сөздеріміз ортақ болады. Қазіргі таңда 70 пайыз сөзіміз ортақ. Он ғасырдай ажырап қалсақ та, тілдеріміздің түпкі мағынасы бір.

Интернетте «Ұлы далаға ашық хат» деген мақаламды жарияладым. Онда бәрін ашық жаздым. Түркияда араб тілінде хабар тарататын телеарналар бар. Арабтарға Түркияның саясатын насихаттайды. Ал неге қазақ тілінде телеарна жоқ?! Ресейдің қазақ тілінде хабар тарататын теле арнасы бар екен.

Түркия неліктен қазақ, өзбек тілдерінде хабар тарататын телеарналарды ашпайды?

Елдің әлеуеті оған жетеді. Мысалы, АҚШ-тың  «Азаттық радиосы» әлемнің көптеген тілінде хабар таратады.

Түркиядағы бауырларыңыздан көп үміттене берудің қажеті жоқ. Керуенді қазақтар бастауы керек. Елбасы Н.Назарбаевты қолдаймын, мүмкіндігінше, түркі халықтарының басын қосуға тырысып жүр. Тіл жағынан, мәдениет жағынан бірігуге қазақтар түрткі бола алады деп сенемін.

Көзбен көргенім…

Ресейдің құрамындағы түркі халықтарының мәдени жағдайы өте нашар. Өткен жылы Астраханьға, Дағыстанға бардым. Шынымды айтсам, жаным ашыды, олар өз тілдерін ұмыта бастапты. Астрахань байырғы қазақтың жері болса да, жергілікті қазақтардың көбі бір ауыз қазақша білмейді. Сонымен қатар Татарстан, Башқұртстан автономиялық республикалары түркі тілінің тамыры болғанына қарамастан, қазіргілер өз тілдерін ұмыта бастаған.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз