Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
4
USD
450
-0.49
EUR
487
-1.57
RUB
4.86
0.00

«Ортақ планетамызға ортақ тыныштық керек» – дінтанушы

Осынау алқалы жиынға қатысушылар бүтін бір секцияны жаһандық қауіпсіздіктің мойындалған концепцияларының бірі саналатын Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне арнамақ, дейді Қазақстан дінтанушылары конгресінің төрағасы, дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов:

– Айта кету керек, бұл манифест 2016 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы мінберінде жария етіліп, жаһандық саясаткерлер мен мемлекет басшыларының зор қолдауына ие болған еді. Сол себепті, оны БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты ретінде қабылдап, S/2016/317 нөмірімен тіркеуге алған. Сонымен қатар арада бірнеше күн өткенде БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі комиссиясы да құжатпен мұқият танысып, көтерілген мәселелердің маңыздылығына байланысты оны өздеріне ресми құжат ретінде қабылдап, тиісті жұмыстар жүргізе бастады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей,

біздің планетамыз жалғыз және барша адамзатқа ортақ!

Сондықтан оны қорғауға, зымырандай жылдамдықпен дамыған ғылым мен технологиялар жарыса күшейіп келе жатқан заманда планематызды қауіп-қатерден сақтап қалу да барша адамзаттың ортақ міндеті екені сөзсіз. Оған тек саясаткерлер мен мемлекеттер басшылары ғана жауапты десек, қатты қателесеміз. Сол себепті де әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары аталған құжатта көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды талқыға салып көрмек. Бұл негізсіз де емес. Бүгінгі таңда

көптеген соғыс пен жанжалдың діни сипаттарда өрбіп жатқаны белгілі. Көптеген қауіп-қатерлерді саясаттағы қателік туындатады.

Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің 5-ші съезінде атап айтқан болатын.

«Этносаралық және дінаралық жанжалдарды қате саясаттың туындататынын ашып айтқым келеді. Ол елдерді, адамдар мен қоғамды бүлдіреді. Біз бүгінде де оны әлемнің түрлі түкпірлерінен көріп отырмыз. Бірақ халықтардың өзара тартылысы, тілдерді, мәдениетті, рухани әлемді өзара тану, сауда мен тату көршілікті дамыту әр кезде де мәңгілік болған, болып қала береді. Халықтар достығының осынау үрдісі әсіресе, жаһандану ықпалымен ХХІ ғасырда күшейе түсуде. Рухани және саяси лидерлер бірлесе отырып, адамзат әлемін неғұрлым өнегелі және толерантты жасай алары анық», деген еді ол.

Расында да, ешбір дін зорлық-зомбылыққа, соғыс пен жанжалға шақырмайды. Тек адамдардың діни наным-сенімдеріндегі әртүрлі айырмашылықтарды үлкен қайшылықтарға айналдырып, жеке саяси мүдде жолында соғыс өртін тұтандырып жіберетін жекеленген адамдар екені, бірақ сол тұтанып кеткен өртті өшірудің мүмкін болмай қалатыны белгілі жайт.

Осылайша, кішкентай қате саясаттан туындайтын соғыс өртінің зардаптары орасан.

Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде түсінікті айтылады: «Жер өркениеті, ғалымдардың есебі бойынша 15 мыңнан астам соғысты, яғни, әр жыл сайын 3 соғысты басынан өткерген. Оларда жүздеген миллион адам қаза тауып, Жер бетінен қалалар мен елдер жоғалған, мәдениеттер мен өркениеттер жойылған».

Соңғы жылдары әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда халықаралық ұйымдардың дәрменсіздік танытуы мен ірі державалардың өңірлерге өз ықпалдарын жүргізуге жарыса жанталасуы жағдайды ушықтыра түсуде. Әсіресе, ғылым мен технологияның бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен қарыштап дамуы жағдайында «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт» өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе.

Халықаралық терроризм қаһарлы сипатқа ие болды. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия және Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді.

«Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы – осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда. Экономикалық санкциялар мен сауда-саттық майданы да қалыпты құбылыс болып отыр. Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады. Дүние әзірге өткен төрт онжылдықтың оң инерциясының арқасында сақталып тұр», делінген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты ретінде қабылданған Елбасы манифесінде.

Осындай қауіп-қатерлер жаңа сипат алған тұста біздің де алаңдауымыз орынды.

Бұрынғыдай «Өз үйіміз – Қазақстанымызда тыныштық болса жеткілікті, басқа жердегі жанжалдың біздің елге қатысы жоқ», деп бұғып жата беретін заман емес қазір.

Қазіргі қауіп-қатерлерді ешқандай шекара мен тосқауыл тоқтата алмайды. Сондықтан Елбасы атап айтқандай, ортақ планетамыздағы тыныштықты барша адамзат болып бірге сақтап қала алмасақ: «…жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез-келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл – бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Осыған кімнің жауап беретінін анықтаудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс».

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің осы мақсатқа жұмылуы маңызды қадам екені анық. Себебі, дін лидерлеріне халық арасындағы сенім бұрынғыдан нығаймаса, кеміген жоқ.

Соңғы деректер бойынша, әлем тұрғындарының 60 пайызынан астамы өздерін діндар адамдар санайды, яғни олар өздерінің дінбасыларын тыңдайды. Дінбасы – осындай діни наным-сенім иелері үшін қасиет қонған, көп жағдайда Құдайдың рақымы түскен айрықша адам саналады. Сондықтан да дін лидерлерінің «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесіне назар аударуының маңызы ерекше. Сайып келгенде,

манифест — дін мәселелеріне арналған құжат емес. Соған қарамастан, оны жүзеге асыру жолында жаһандық дін көсемдерін жұмылдыра алуы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің салмағының қаншалықты артып келе жатқанын көрсетеді.

Жалпы, осы жолғы съездің діни және саяси қайраткерлер арасындағы диалогты нығайтуға басымдық беруінің өзі тың жаңалық. Бейбітшілік сияқты ең өзекті мәселе дін лидерлерінің ғана өзара талқылауымен шектелмеуі керек. Оған серіктес ретінде ықпалды саясаткерлер мен танымал тұлғаларды көптеп тартудың маңызы зор.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев съезд хатшылығының кезекті XVI отырысы барысында бұл туралы кеңірек түсіндіріп өткен еді:

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы қазақстандық бастама шеңберінде нығайып келе жатқан үнқатысу — форумның айналасына мүдделі қатысушыларды көптеп тартуда. Мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, танымал саяси және қоғам қайраткерлері, ғылыми қоғамдастық пен азаматтық сектор өкілдері діни көшбасшылардың үнқатысудағы тікелей серіктестеріне айналды», – деді ол.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы әлем нің көптеген аймақтарындағы теке-тірестер мен ядролық қарудың таралу қауіпіне байланысты жаһандық саяси алаңдаушылықтың күшейіп келе жатқанын атап өтті. «Көптеген елдерде әлемдік тәртіпті құлдырату, ксенофобияны өршіту, этностық-діни белгілер бойынша кемсіту қауіпіне ұшырататын популизмге ұмтылу үрдісі шегіне жетіп тұр. Жер бетіндегі өркениеттің барлық жетістігін жоқ қыла алатын жаһандық экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемалар да планетамыздың қауіпсіз болашағына қатер төндіруде», деді төраға. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде уақыт алдымызға қойып отырған жо ғарыда аталған қауіп-қатерлерге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінен жауап табуға болатынын айтты. Оның пікірінше, VI съезд барысында аталған маңызды құжатты әлемдік дін мен саясаттың көрнекті өкілдерінің талқылауы – қауіпсіз және әділетті әлемді құрудағы ортақ мақсатымызға жақындата түседі. «Қазіргі әлемде дін лидерлерінің рөлі аса маңызды. Халықаралық өткір мәселелерді шешуде сіздерге көп нәрсе байланысты. Біз ортақ күш-жігеріміз бен діндер мен өркениеттердің шынайы теке-тірестеріне жол бермеуіміз керек. Сіздерге, дін көшбасшыларына бүкіл әлем зор үміт пен қарап отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қорыта айтқанда, осы жолғы съезд жай діни қақтығыстар төңірегінде немесе діни мәселелер жөнінде ғана болмайын деп тұр. Көтерілетін мәселелердің ауқымы едәуір артқан. Сондықтан осы шара дін ұстанған жұртшылық қана емес, әлемнің бейбітсүйгіш тұрғындарының баршасы зор үмітпен қарайтын жиын болса игі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз