Оралдық бард әнші, ұлтаралық араздық туғызды деп айыпталған Жанат Есентаев кешірім сұрады. Ол тергеу органдары мен қоғам мүшелеріне өзінің ісіне шын өкінетінін айтып, хат жолдады.
Оның бұл хаты әлеуметтік желілерде кеңінен тараған. Хатта Жанат Есентаев өз отанының патриоты екенін, Қазақстанның, қазақ халқының бақ-қуатты өмір сүріп, әлемнен лайықты орнын алса деп тілейтінін айтады. Ол одан басқа бөтен ниеті мен пиғылы жоқтығын, сондықтан ешқандай жаппай тәртіпсіздіктер мен заң бұзушылықтар туралы ойламағанын жеткізді.
«Мен ешқашан Қазақстанымызда соғыс пен бей-берекетсіздік болғанын қалаған емеспін. Қазақтар ең бейбіт сүйгіш халық, солай болып қала да береді. Біз барлығымыз бейбітшілік пен келісімде өмір сүруіміз керек», – деген ол Қазақстанда қандай да бір қиын жағдай бола қалса, өзінің бәз бір арандатушыларға ермейтінін айтады.
«Осы хатпен қоғамға, тергеу органдарына басқа ұлт өкілінің намысына тиейін деген менде ой болмағанын жеткізгім келеді. Менің айтқандарым қандай да бір адамдардың ұлттық намысына тисе, шын көңілімнен кешірім сұраймын. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Алда мұндай жайттар қайталанбайтындығына уәде беремін» делінген хатта.