Бүгін шамамен 15.00 кезінде дауыл соғып, соның салдарынан жарты сағат ішінде қаланың әр жеріндегі ағаштар көліктер мен үйлердің үстіне құлады. Сондай-ақ, соққан жел үйлер мен мемлекеттік мекемелердің шатырларын ұшырып әкетті, деп хабарлайды bnews.kz.
«Қала тұрғыны хабарласып, үйдің үстіне ағаш құлағанын айтты», – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының ТЖД маманы.
«Бізге сағат 15:48-де хабарласып, 2008 жылы туған баланың басына темір қақпа құлағанын хабарлады. Бала бассүйек-ми жарақатын алған. Жедел жәрдем қызметі оны қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізді», – дейді Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Бір күн бұрын синоптиктер желдің күшейіп, секундына 17-22 метр жылдамдықпен соғатынын хабарлаған болатын. Дауыл 29 сәуірге дейін жалғасады деп күтілуде.