Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Өмірбек Байгелді: “Біздің жолымыз адамгершілік пен биік құндылыққа, берік дәстүрге негізделген”

353

Әлі есімізде. Дін мәселесі дәл бүгінгідей ушыға қоймаған, алайда алғашқы белгілері байқала бастаған тұста мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Байгелді «Қазағым-ау, қайда барасың осы?!» деген көлемді мақала жариялаған еді. Ислам дінінің өз ішінен бөліне бастағанын және мұның енді ғана егемендік алған балаң елге теріс әсер етерін аңдаған Байгелді елімізде діни қатынастарды реттеуге байланысты заң қабылдауға себепші болған тұлғалардың бірі. Ағамызға хабарласып дін мәселесі төңірегіндегі ой-пікірін білген едік.

– Шетел асып, сол жақтан діни білім алған жастардың көпшілігі кері идеялардың қақпанына түсіп қалды. Елге келген соң сол идеяларды жұрттың санасына сіңдіруге тырысты. Бүліну, бөліну осылай басталған еді.

Мұны бірден аңдадық. Алдын-алу қажет болды. Шеттен оқып келген жастардың жүріс-тұрысы, киім киісі, өзін-өзін ұстауы, тіпті құлшылық құлуының өзі қазақтың болмысымен үйлеспейтіні бірден байқалатын. Теріс ағымның жетегіндегі мұндай жастар уақыт өте келе аудан-ауылдарды аралап үгіт айтатынды шығарды. Қарсы шыққандарды қудалауға кірісті. Тіпті әке-шешесіне қарсы шықты, туған-туыстарына талап қоятын болды.

Анасы істеген тамақты «харам» деп бас тартқан жастарды да көрдік. Бұл адасудың басы еді. Адасу да емес, айуандық еді бұл…

Бірақ, біз зайырлы мемлекетпіз. Бұған жол беруге болмайтын еді. Тәуелсіздікті, рухани кеңістігімізді шайқалтып алар едік әйтпесе. Өзіңіз ойлаңыз, жарық дүниеге әкелген ата-анаңа қарсы келу қалай айтсаң да ақтап алуға келмейді. Кез-келген діннің қағидасына қайшы. Мұндайларды исламды ұстанушылар деп айтудың өзі қылмыс, – дейді өз әңгімесінде Өмірбек Байгелді.

«Батыс келіп жалаңаштады. Шығыс келіп тұмшалады» — Зейнеп Ахметова

Оның айтуынша, халифат құрамыз деп аттандаған арандатушы топтың алдау-арбауына сеніп, саяси ойынның құрбаны болған кей жастарды енді қайтып жөнге келтіру қиын. Олар жоғалған ұрпақ…

«Сырт елде қолына қару алып, қан майданда жүргендер қандай күнә арқалап жүргендерін сезе ме екен? Олар кімнің сойылын соғып, кім үшін, не үшін соғысып жатқандарын да білмейді. Ертең шейіт болса, ненің жолында өлгенін білмей өтеді. Өгей елде, өгей жерде жүр. Сирияға астыртын кеткен талай жас ақыр түбі мақсатсыз ойынның құрбаны болады.

Олар елге оралған жағдайда айқаймен ақыл кіргізе алмайсыз. Қудалай жөнелген де жөн емес. Баппен сөйлесу керек. Қазақтың бітім-болмысына сай келетін ой-пайымдарды біртіндеп қана санасына сіңдірген жөн. Мұндайлардың ой-санасы өзгермей, жасап жүрген ісі өзгермейді.

Дәл қазіргі жағдайда, бұдан кейінгі жастарды өзінің алдындағы адасқан буынның жолына түсіп кетуінен барынша абай болуымыз керек», – дейді Өмірбек Байгелді.

Бұл ретте академик хиджаб мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, Ислам дінінде

«әйел баласы хиджаб кисін» деген сөз еш жерде жоқ, тіпті Құран мен хадисте де айтылмаған.

«Хиджаб әуелден-ақ арабтың киімі. Ұлттық киімі, тұрмыстық киімі. Себебі, жағрафиялық ортасына сай келеді. Құмды даланың аңызағы мен аптап ыстығынан қорғану үшін арабтар бет-ауызды тұмшалап тұрар киім киген. Қазіргі күні осы хиджабты мұсылмандықтың белгісі, Исламның міндетті киімі деп, қазаққа тән емес дүниені күштеп таңғысы келетін табылып жүр. Әрбірден соң бұл да арандату, адастыру, дәстүрді табанға таптау. Қазақ қыздары кисе, хиджабқа қарағанда әлдеқайда ыңғайлы, қолайлы ұлттық үлгідегі киімдерін кисін. Пәрәнжә жамылу, нихаб, хиджаб кию қазақта болмаған! Елді адастырмау керек. Осының кесірінен жылда дау шығады. Баласының бет-аузын тұмшалап мектепке апаратын ата-аналар қыздарын қоғамнан бөлектеп жатыр. Ертең сол балалардың өмірге кірігуі де қиын болады. Жаңылу, бөліну осыдан басталады.

Біздің жолымыз адамгершілік пен биік құндылыққа, берік дәстүрге негізделген. Осыны ұмытпауымыз керек», – дейді ол.

Академиктің айтуынша, бүгінгі ұрпақ ілім-білімді тең алып жүруі қажет. Тек діни білімді негіз ету адасушылыққа алып келеді.

– Мысалға, қазір не болса соны «ширк» деп шығатындар көбейді. «Тәңір емес, Алла деп айт» деп түзететіндер шықты. Әй, «Тәңір» деген сөз де Алланың бір аты ғой! Мысалға, бабаларымыз «Тәңір жарылқасын» деген. «Ислам жарылқасын» дегенді естідік пе осы? Себебі, адамды жарылқайтын Тәңір, бір Алла ғана. Адам содан ғана демеу күтеді.

Бір жолы туған ауылыма бардым. Жамбыл атаның 170 жылдық тойына орай ескерткіш ашылды. Сол кезде ескерткішке барып, гүл қойдым. Сол-ақ екен, қайдан тап болғаны белгісіз, басында тақиясы бар жас жігіт шыға келіп, «мұнда гүл қоюға болмайды, дінге қайшы» демесі бар ма? «Шаруаң болмасын, өз жөніңмен жүр! Маған ақыл айтатын сен емес» деп бетін қайтарып тастадым. Ал осы дұрыс па? Гүлге қарсы, әнге қарсы адамдар шығып жатыр. Мұның бәрі айналып келгенде адасу.

Ілгеріде айттым, ілім-білімді тең алып жүру қажет.Тек діни бағытта кетсек, ғылым дамымай, кенжелеп қаламыз. Көш соңында қаламыз. Бұл тұтас мемлекетке кері әсерін тигізеді», – дейді Өмірбек Байгелді.

Жалған ақпар алған жастар жат ағымның жетегінде кетуде

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз