Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Тимур Құлыбаев: «Әлия Раева жанкештілік пен табандылықтың нағыз үлгісін көрсетті»

265

Халықаралық Герман Гмайнер жүлдесі жетімдерге арналған отбасылық SOS балалар үйінде өмірдегі қиындықтарға мойымай өскендерге беріледі. Сондай-ақ, өз саласының (әлеумет, мәдениет, спорт немесе кәсіби спорт) үздігі атанғандар мен өзгелерге көмек қолын созып, қоғамға еңбегі сіңген жандарға табысталады.

Аталған жүлдеге барлығы 200-ден астам үміткер болған. Маусым айында финалистер белгілі болды. Сегіз елден сегіз үміткер ақтық сынға жолдама алған. Оның төртеуі – әйел, төртеуі – ер адам. Бүгінде Хорватия, Кения, Болгария, Албания, Эфиопия, Қазақстан, Румыния және Ливия өкілдері өзара бақ сынасуда.

«Әлия Раеваның басынан өткен оқиғалар табандылық пен жанкештіліктің нағыз үлгісі әрі ерік-жігердің кез келген қиындықты еңсеретінінің белгісі. Оның өмір үшін күресте жеңіске жетіп, мұқтаж адамдарға көмектескенін ешбір байқау мен спорттық жарыстағы жеңіс алмастыра алмайды. Бұл спорт арқылы қалыптасатын чемпиондық мінездің көрінісі. Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада комитеті тек жарыс кезінде ғана емес, үнемі бір-бірін қолдау көрсетеді. Біздің олимпиадалық құндылықтарымыздың негізінде сыйластық, ынтымақтастық, бірлік пен баршаға тең мүмкіндіктер беру жатыр. Әлия Паралимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғайды деп шын жүректен үміттенеміз және биік мақсаттарына қол жеткізуіне тілектеспіз», – дейді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев.

Әлия Раева туа бітті сал ауруына шалдыққан, ал оның биологиялық анасы туғанына бірнеше күн толған сәбиден бас тартады. Ол алғашқы жылдарын мемлекеттік жетімдер үйінде өткізіп,1996 жылы, бес жасында Алматыдағы SOS балалар ауылына көшіп келген. Бала кезінде оның аяғына қажетті үш ота жасалды, ұзаққа созылған оңалту процесінен кейін Әлия қадамын нық басып, спортта жетістіктерге жете бастады. Біраз уақыттан бері спортшы жеңіл атлетикамен айналысып, 100, 200 метр қашықтыққа жүгіруден және ядра лақтырудан үздіктер қатарынан көрініп жүр. Бүгінде Раева да өзгелер секілді төртжылдықтың басты бәсекесіне дайындалуда.

Әлияның арманы – Токио төріндегі Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғау

Қазіргі таңда Әлия мүмкіндігі шектеулі жастар және жас аналармен жұмыс істейді. Сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болған жетім балалар мен жанұялардың құқығын қорғайды.

«Бала кезімнен басталған күнделікті күрес мені сындыра алмады. Сондықтан, маған қойылған диагноз бен мен сияқты адамдарды қиындыққа берілмеуге, мойымауға үгіттеп, жігерлендіруді, жеңіске жетелеуді жөн санадым. Қиын кезеңде үнемі керек адамдар пайда болатынын маған өмір көрсетті», – дейді спортшы.

Өткен аптада қазақстандықтар Әлияға белсенді түрде дауыс бергендіктен, қазіргі таңда ол екінші орында тұр. Дауыс беру 23 шілде күні аяқталады. Дауыс беру нәтижесі бойынша екі жеңімпаз анықталады. Дауыс берудің аяқталуына санаулы күндер қалғанын хабарлаймыз. Әлияға дауыс беру үшін мына сілтемеге өтесіз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз