Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
15
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

“Олар орысша білмегені үшін қаңғып жүр”. Бажкенова, сіз қызық екенсіз…

Екеуі ұзақ дауласты. Екі дүниетанымның өкілдері ала-алмады бір-бірін. Бажкенова бой бермейді. Орыс әлемінің, орыстілді әлемнің өкілі санайды өзін. Соның туын көтеріп, соның сөзін сөйлейді. Сөз саптасынан ұққанымыз орысша білмейтіндер бақытсыз. Бұл өмірде мақсатына жете алмайды. Кедейлікте өмір сүреді.

Шыны керек, мұншалықты сорақы пікірді естімеппіз…

“Мен бұдан бұрын Алтынбесік деген шағынауданға бардым. Осындағы лашықтарда аумағы 5 шаршы метрден аспайтын бөлмелерде 5-6 адамнан тұрады екен. Не дүние-мүлік жоқ, не басқа жоқ. Әйтеуір сыз өтпеу үшін астыларына жайған көрпе-жастықтары бар. Бұл жастар кім? Бұлар орысша білмейтін жастар”, – дейді Бажкенова.

Сарым сөзін бөлді оның.

“Сонда сіз олар орысша білмегендері үшін бақытсыз, жұмыссыз деп ойлайсыз ба?”

“Әрине, басқа қандай себеп бар?

Олар қазақ мектебін бітірген. Орыс тілін білмейді. Орыс тілін білмеуі себепті көпшілігі қара жұмыста жүр. Екі қолға бір күрек тапқанына қуанады. Әрі кетсе, күзетші болады. Ал электрика, техника жағында барлығы орыстілділер”

–  дейді Бажкенова.

Иә, Гульнара солай ойлайды. Шындықты айттым деп ойлаған шығар. Шындықты айтқанда болуы мүмкін.

Мәселе бұл арада Бажкенова жастарға жаны ашып тұрған жоқ, орыс тілінің сойылын соғып, сөзін сөйлеп отыр.

Өзі сондай тоқтамға келген. Сарыммен арадағы сөзталаста сол пікірін жарнамалап үлгерді. Көрдіңіз бе?

Мұндай адаммен сөз таластыру мүмкін бе? Орыстың дүниетанымымен өмір сүретін, қазақи құндылық атаулыдан ада Бажкенова әлгі жастардың  жұмыссыз жүруіне, өмірден өз орнын таппауына орысша білмеуін себеп санаса, ендеше, одан қайыр жоқ.

Ол үшін орыс тілі ана тілі.

Ол орыс тілінің сақталуы үшін күреседі, ендеше.

Бәлкім, қаны қазақ шығар. Бірақ, ұстанымы жат, жолы бөлек. Бөтен. Орыс емес, қараорыс. Ең қиыны, осы. Өз ішіңнен шыққаны…

 

Думан БЫҚАЙ 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз