Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
16
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Ресейліктер әкетіп жатыр…”. Маман доллар мен бензиннің неге қымбаттай беретінін айтты

Айта кетелік, бүгіндері Ресейде ұсақ банктер бірінен соң бірі банкротқа ұшырап жатыр. Кеше ғана „Открытие„ деген банк банкрот екенін жариялады. Үкімет бұл мәселені қалай шешерін білмей дал.

Ал бүгін Ресей Орталық банкі қорында доллардың түгі қалмады деп мәлімет таратты. Ал бұл ресейліктер ақшасын шетел валютасына алмастырып, сыртқа әкетіп жатыр деген сөз. Демек, Ресейде тағы бір девальвацияның басы қылтитып тұр.

Ілияс Исаев

Үкіметтің уақытша дегені қайда?

– 2015 жылғы девальвацияны әлі ешкім ұмыта қоймаған болар. Бірінен соң, бірі болды ғой. Сол кезде Үкімет теңге бағамының еркін құбылмалы дәлізін бекіткен болатын. Іле-шала бензиннің бағасын да сөйтті. Ақыры, әлеуметтік тауар боп саналатын нанның да бағасын реттемейміз деді. Өйткені экономикамыз тығырыққа тірелді.

Бір баррелі 110 доллардан сатып жүрген мұнайымыздың бағасы оңбай, 45 долларға дейін құлады. Оған қоса, Кеден Одағына кірдік. Санкциядан әлсіреген Ресей рублін қайта-қайта девальвацияға ұшыратты. Соңынан, біз де кеттік. Өйтпесе, болмады. Тұрақты баға дегенді, армандап қалдық. Бұрын тариф жылына бір рет қымбаттаушы еді, енді баға тоқсандап, түрленетінді шығарды.

Негізінен, Үкімет мұны уақытша шара деген. Бірақ 2 жыл уақыт өтті. Ешқандай өзгеріс жоқ.

Бағаны еркіне жіберу деген алып тасталмады. Демек, құнсыздану ары қарай жалғаса береді. “Дәніккеннен құныққан жаман”, деуші еді. Меніңше, бұл арада солай секілді, – дейді ол.

Маманның пікірінше, қазір табиғи ресурстар саласындағы монополистер мен коммерциялық банктердің дегені жүріп, Үкімет қымбатшылыққа жол ашып қойды.

https://kaz.365info.kz/osy-zholy-bari-bitedi-sarapshy-resejge-salynatyn-sanktsiyanyn-symdykh-khypiyasyn-ashty-276042

– Валюталық еркін құбылмалы баға деген кімге керек? Әрине, бұл шикізат өндірушілер мен банктер үшін қолайлы. Шикізат өндірушілер өз тауарын шетел валютасында саудалайды, оны осы араға әкеліп, теңгеге айырбастағанда, тағы бір көбейтіп алады. Ал банктер қордағы ақшасын валюта бағамындағы өзгерістерге сай ойнатып, көбейтіп мәз.

Ал Үкімет неге оған барып отыр дейсіз бе? Себебі, бұрынғыдай сырттан алатын  арзан ақша көзі жоқ. Банк секторындағы дағдарыс кезінде біздікілер біраз абыройдан айырылып қалған. Қазір шетелдік банктер немесе халықаралық ақша қоры Қазақстанға сеніп, ақша бермейді. „Черный списокқа„ кіріп кеткен ғой. Содан оларға осындай зор мүмкіндік беріліп отыр, – дейді Ілияс Исаев.

Банктерді әлі де қысқарту керек

Осы тұрғыда қаржыгер-маман банктерді топтастыру процесін толықтай қолдайтынын айтады.

– 90 жылдардың аяғында елімізде 210 банк болған, қазір одан 34-і қалды. Оны әлі де азайту керек. Негізінен, банк өндіріске негізделдіп құрылуы тиіс. Ал бізде кімнің қолында билік бар, соның банкі болды. Оны қалай болса, солай құрды. Мақсат біреу еді. Банктің болуы деген заңсыз ақшаны ешкімге білдірмей, заңдастыруға мүмкіндік беретін нәрсе.

https://kaz.365info.kz/dollardy-ajnalymnan-zhappaj-alyp-tastau-khazakhstanga-khalaj-aser-etedi-281413

Бастапқыда, шенеуніктер көбіне банкті  ақшасын шетелге жылыстату үшін пайдаланды. Қаншама ақша, осылайша, шетелге кетті? Банктер экономикалық қылмысқа, жемқорлыққа жол берді. Бұл – таза сауатсыздық.

Қазір де бұл салада бассыздықтарды аңғару қиын емес. Мәселен, мен депозиттік базасы жоқ, тек араб елдерінің бірінен инвестиция тартумен ғана айналысып отырған банкті білемін. Оның не керегі бар? Өте залалды, шығынды нәрсе ғой. Жапсын оны да. Өңірлік қор нарығын құрамыз деп жатырмыз, сондықтан

қазір бұл секторда қандай да бір тәртіптер енгізіліп жатыр. Ұлттық банктің өзі де айтты, мына еркін бағамды алып тастайық деді. Онысы дұрыс. Спекульянттарды қашанға дейін тайраңдатып қояды? Бірақ Үкімет өз шешімін әлі айтпады.

Демек, қымбатшылық әлі есік қағып тұр бізде.

Ресейдің қалтасын толтыруға неге біз алаңдаймыз?

Саясаттанушы Кеңес Сманов өзіміздің „жалмауыздар„ аздай, оған басқасы да келіп қосылып жатқанын айтады.

– Бензин, көбіне, Ресейден келетіні қымбаттап жатыр. Сол үшін бағаны еркіне жіберіп қойдық. Нан да солай. Жасырын емес, біздегі бидайлы алқаптардың иелері көбіне орыстар, оған қоса, өздерінің де бидайын біздің нарыққа тықпалайды олар. Сол үшін де еркіне жіберілді.

Бір сөзбен айтқанда,

бізді сауын сиыр құсап сауып отыр ғой олар.

Неге? Кінәміз – бір одақта болуымыз. Ал Ресейдегі жағдай қазаннан соң, тағы да қиындай түспек. Оған басты себеп – АҚШ салған соңғы санкцияның іске қосылуы. Жаңа санкцияның талабы бойынша әлемдегі барлық қаржы институттары Ресей шенеуніктерінің шетелдегі жасырын барлық мал-мүліктерінің тізімін жария етуі тиіс. Ал жария етілген шоттар бұғатталады, әрине. Онда дүрліккендер банкте ақша қалдырмауды жөн көруде. Демек, айналымдағы ақша қоры күрт қысқарып жатыр. Мұндайда не істеуші еді Үкімет, тағы да бәрін қымбаттады ғой. Ал рубль бүлінсе, теңге де дірілдей бастайды. Осы жағынан алғанда, біз жақын арада қымбатшылықтан қашып құтыла алмаймыз, – дейді ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз