Астанада Шекаралық су арналары туралы конвенцияға мүше елдері кеңесінің VIII сессиясы басталды. Аталған шара Азия аймағында алғаш рет өтіп отыр.
Осыған орай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отырыс қатысушыларына өз үндеуін жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаһандық маңызы бар осындай жиын Азия аймағында алғаш өткізіліп отыр. Конвенцияға қатысушы елдердің саны артып келеді. Демек, дүниежүзінде су ресурстарын пайдалану проблемасының маңызы артты. Су – шектеулі ресурстардың бірі.
Оның тапшылығы әлемнің көптеген аймақтарында тұрақты дамуға кедергі келтіріп отыр. Ал су көздері үшін күрес геосаясаттың құралына айналып, сан алуан текетірестерге себеп болуда. Жер-жаһанда 260-тан астам трансшекаралық су бассейіндері бар. Соның барлығы жер шарының жартысын алып отыр.
Онда барлық халықтардың 40 проценті тұрады. Сондықтан су ресурстары мен трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі халықаралық қатынастарда басымды бағыттардың бірі болып саналады», – деді Н.Назарбаев өзінің бейнеүндеуінде.