Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
9
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Нұрлы жол”: болашаққа жол бастаған жасампаз жобалар туралы не білеміз?

280

«Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық өңіріндегі құрғақ порт құрылысы

Болжам бойынша, 2020 жылға қарай «Қорғас – Шығыс қақпа» арнайы экономикалық өңірі арқылы болашақта өтетін жүктің көлемі 4,4 млн тонна болмақ. Ал осы аумақтан салынатын құрғақ порт күннен күнге көлемі өсіп бара жатқан Қытай тасымалдайтын жүк ағымын отандық көлік инфрақұрылымдарына бағыттап жібереді, мәселен Ақтаудағы теңіз портына. Келесі жылы Ақтау портын кеңейту жұмыстары аяқталады. Одан соң, порт жоба бойынша жылына 2,5 млн тонна құрғақтағы жүкті қабылдап алатындай деңгейге жетеді.

Алматының индустриалдық аймақтарында бизнес-инкубаторлар жұмыс істей бастайды

Бұл жобаның жалпы құны – 78,8 млрд теңге, Оның 38,4 млрд теңгесі ұлттық қордан бөлінді, 40,4 млрд теңгесі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тіркеген несие ақша.

Боржақты – Ерсай теміржол құрылысы

Ұзындығы – 14 шақырым

Темір жол магистралі Каспийдегі Құрық портында салынып жатқан жағалау инфрақұрылымдары нысандарына және теңіз порты арқылы мұнайды ауыстырып тиеуге орнықты жүк ағынын қамтамасыз етуге арналған. Бұл жоба Ерсай металл жабындылары зауыты, кеме жасау және кемелерді күрделі жөндеуден өткізу зауыты, паром кешендері сынды құрылыстарды да қамтиды.

Жаңа бағыттың жылына 5 млн тонна жүк өткізуге қабілеті бар деп бағаланады.

Жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге, оның 6,7 млрд теңгесі ұлттық қордан бөлінді, қалған 2,8 млрд теңге – ҚТЖ-ның өз қаражаты.

Қазіргі кездегі Ақтау порты паром жөнелтіп-қабылдауда өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп жатыр. Одан ары қарай дамытудың мүмкіндігі жоқ. Ал, Құрықтағы порт екі паром айлағымен жабдықталған. Алдағы уақытта оның саны көбейе түсетін болады. Паром кешенінің Боржақты – Ерсай тармағы арқылы еліміздің темір жол желісіне қосылуы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мультимодальдық мүмкіндігін арттырып, Каспий теңізі арқылы паромдық тасымал қызметін ұсынуына жағдай тудырып отыр. Бұл, өз кезегінде, Парсы шығанағын Ресеймен, Еуроодақпен байланыстыратын Каспий теңізі жағалауын бойлай өтетін ұзындығы 7200 шақырым «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі құрылысын жоспарлап отырған Ресей, Азербайжан, Иран мемлекеттерінің белсенділігін арттырумен қатар, транзиттік жүк тасымалы үшін бәсекелестіктегі отандық көлік дәліздерінің мүмкіндігін арттырады. Жоспарланып отырған ұзындығы 172 шақырым Решт (Иран) – Астара (Азербайжан) дәлізі пайдалануға берілгеннен кейін, Парсы шығанағынан Европаға тура темір жол қатынасы ашылатын болады.

Инфрақұрылымға құйылған инвестиция қайтарым беріп, еліміз транзиттік жүк тасымалдаудан табыс табуы үшін ұлттық компания жұмысын белсендіруде. Құрық паром кешеннің бірінші кезегі пайдалануға берілді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы Темір жол желісінің құрылысы жөніндегі дирекциясының мәліметіне қарағанда, құрылыс жұмысы толық жүзеге асырылған.

Жезқазған – Бейнеу, Боржақты – Ерсай сонымен қатар, «Қорғас – Шығыс қақпасы» ЕЭА жобаларымен қатар жүзеге асырылып жатқан Азербайжанның Алят портындағы паром терминалы, Баку – Тбилиси – Карс (Азербайжан – Грузия – Түркия) темір жолының құрылысы отандық және транзиттік жүкті тура мультимодальдық дәліз арқылы Европа нарығына шығаруға мүмкіндік береді.

Соның ішіндегі Каспий теңізі бағытындағы жұмыс бүгінгі күні белсенді жүргізілуде. Оның қарқынын Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша әріптес елдері лайықты бағалап отыр.

Жалпы алғанда, Құрық портындағы паром терминалы жылына 4 млн тонна жүкті қабылдап, Қазақстан порттарының жылына қабылдайтын жүк көлемін 25 млн тоннаға жеткізбек.

Алматы – Шу учаскесіндегі екінші шойын жолдың құрылысы

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Алматы-Шу» бағытында екінші жол құрылысы аяқталды. Оның арқасында жол кеңейіп, жүк тасу әлуеті үш есе артты. Атап айтқанда, 30 млн тоннадан 120 млн тоннаға дейін, пойыздардың жүріс уақыты да екі есеге қысқарды.

Аталған теміржол бағытының ұзақтығы 124,5 шақырымды құрайды.

Жобаның жалпы құны – 39,7 млрд теңге. Бұл бағытта ұлттық қордан 2015 жылы 8,3 млрд теңге, 2016 жылы 19,4 млрд теңге бөлінді.

Алдын ала шығарылған есеп бойынша, аталған учаске арқылы болашақтағы жүк тасымал көлемі 2022 жылы 13,5 млн тоннаға, ал 2027 жылға қарай 14,1 тоннаға артпақ.

Жоба құрылысын аяқтау мерзімі 2015-2018 жылдар деп белгіленген.

«Астана-Алматы» жобасы

Астана мен Ал­матыны жалғайтын күре жолды талапқа сай етіп жасау жұмыстары 2013 жылы Ас­тана – Теміртау (171 шақырым) учаскесі мен Алматы – Қапшағай (104 шақырым) учас­кесінде басталып кеткен болатын. 2016 жылы Астана – Теміртау учаскесінде 12 шақырым, Алматы – Қапшағай учас­ке­сін­де 72 шақырым жол пайдалануға беріл­ді.

Құрылысы аяқталған бұл жолдар төрт және алты жолақты І-категориялы тас жолға жатқызылды.

Биыл жыл соңына дейін Ас­та­на – Теміртау (159 шақырым) және Алматы – Қапшағай (32 шақырым) жолдарында қоз­ғалыс ашу жоспарлануда. Жобаға сәйкес, салынуы тиіс 1 282 шақырым жол. Теміртау – Қарағанды – Бурылбайтал – Күрті – Қапшағай (1 013 шаршы метр) учаскесін қаржыландыру Бүкіләлемдік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің заемдары түрінде жүреді. Құрылыс жұмыстарын 2017 жылдан бастау жоспарлануда. Жобаның толық аяқталуы – 2021 жыл.

«Астана-Өскемен» жобасы

Бұл жоба 2010 жылы қолға алынған болатын. Жол дәлізі Астана мен Өскеменді Павлодар, Семей және Қалбатау арқылы қосады. 2013 жылдан бастап Астана – Павлодар (441 шаршы метр) және Павлодар – Семей – Қалбатау (473 шаршы метр) учаскелерінде құрылыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 218 шаршы метр пайдалануға берілген, соның ішінде Астана – Павлодар – 47 шаршы метр, Павлодар – Семей – Қалбатау – 171 шаршы метр.

Астана-Өскемен автожолдарының жалпы ұзындығы 1016 шақырымды құрайды. Төрт және екі жолақты І-категориялы жолға жатқызылады.

2016 жылы Астанадан қоянды ауылына дейін екі жолақты трасса ашылды, одан кейін Ертістің үстінен салынған көпір мен „Омбы-Майқапшағай„ автожолы қолданысқа берілді. Жобаны 2019 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

«Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау» жобасы

Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау – жұмыстар Бейнеу – Ақтау учаскесінде (470 шаршы метр) жүргізілуде, 2014 жылы 200 шаршы метр қозғалыс ашылды. Ағымдағы жылы Бейнеу – Ақтау учаскесі бойынша 38,5 миллиард теңге бөлінген. 52 пайыз – 22,4 миллиард теңге игерілген.
2016 жылы 100 шақырымды құрайтын екі жол учаскесі қолданысқа берілді.

“Астана – Арқалық – Торғай – Шалқар – Қандыағаш, Ақтөбе – Мақат және Атырау – Астрахань учаскелері ХҚДБ, АДБ мен ИДБ қарыздары есебінен қайта құрылады. Қайта құрылымдау 2017 жылдан бастап жоспарлануда. Жобаның толық аяқтау мерзімі – 2022 жыл.

«Алматы-Өскемен» жобасы

Алматы – Өскемен автожол Алматы, Қапшағай, Талдықорған, Қалбатау, Өскеменді қамтиды. Қапшағай – Талдықорған учаскесінде (141 шаршы метр) жұмыстар қарқынды жүргізіліп, бітуге тақау. 53 шаршы метр пайдалануға берілген. 2016 жылғы бюджет 9,5 миллиард теңгені құрады. 52 пайыз – 4,9 миллиард теңге игерілген. Биыл Қапшағай – Талдықорған учаскесінің қалған 88 шақырымында жұмыстар жалғасып, Алматы мен Талдықорғанға дейінгі жолдың бір жолағы пайдалануға берілді.

Жол құрылысын „Нойбург„ және „Құлагер„ мердігер компаниялары жүргізді.

Талдықорған мен Қапшағай арасындағы учаскеде жұмыстар толықтай аяқталған.

Енді Талдықорған, Қалбатау, Өскемен аралығында 764 шарықырымның жолына түрен салынды. Оны аяқтау мерзімі 2019 жыл деп белгіленген. Жол құрылысы аяқталған соң, ол екі және төрт жолақты І және ІІ-категорияға жатқызылмақ.

«Астана-Петропавловск» жобасы

Астана – Петропавл жобасы Ресей Федерациясы шекарасындағы Солтүстік Қазақстан облысы аумағы бойынша Көкшетау – Петропавл учаскесінде жүргізілуде. 2016 жылғы бюджет – 11,1 миллиард теңге, соның ішінде ұлттық қордан 8,3 миллиард теңге бөлінді. 49 процент, яғни 5,4 миллиард теңге игерілген, соның ішінде 3,8 миллиард теңгесі – ұлттық қордікі.

Бұл жолдың қашықтығы 248 шақырымды құрайды. «Ақмола облысы шекарасы мен Петропавловск, және оны айналып өтетін жолды қосып алғанда жалпы ұзындығы 117 шақырымды қамтитын 5 учаскеде жол төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2015 жылы оның 30 шақырымы қолданысқа берілген. Жол сапасы ІІ-категоряға жатады. Жобаны ұлттық қор қаржыландырды. 2016 жылы 76 шақырымды қамтитын 3 учаске пайдалануға берілді.

«Орал-Каменка- РФ шекарасы» жобасы

Бұл жолдың жалпы ұзындығы 100 шақырымды құрайды. Болашақта ол екі жолақты жолды құрып, сапасы ІІ-категорияға жатқызылмақ. „тасқала„ шекара өткізу бекетіне бағыт алған жолды алты жолақты ету жоспарланған. Тас жол құрылысын 2018 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

«Орал – Каменка – РФ шекарасы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автожолдарын реконструкциялау жөніндегі жобалар тұтастай батыс макроөңірді дамытуға ықпал ететін болады және өнімнің өзіндік құнындағы көлік шығындарын қысқарту арқылы Ресей нарықтарына отандық тауарлар экспортын ынталандырады, себебі қозғалыстың орташа жылдамдығы ұлғайғандықтан, жолдағы уақыт қысқарады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру қарастырылған.

Инвестициялар және даму министрлігі берген есепке сүйенсек, 2017 жылдың бірінші жартыжылдықта іске асырылып жатқан жобалар бойынша 112 млрд теңге игерілген және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылған.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын кезең-кезеңімен 2022 жылға дейін аяқтау көзделген.

Көлік және коммуникация саласындағы білікті мамандардың бағалауынша, Орталық Азия өңірі алдағы 20-25 жылда Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғаушы басты бөлікке айналмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Астанадан барлық аймаққа жол тармақтары таралмақ. Бағдарлама жол құрылыс жұмыстарының қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді деп күтілуде.

Көлік инфрақұрылымын модернизациялау аясында 2020 жылға дейін 7 мың км жол салып, 200 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.

Осы Бағдарлама шеңберінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау макроөңірлерді сапалы автомобиль қатынасымен бірыңғай тұтас жүйеге біріктіреді, бұл макроөңірлер мен хаб-қалаларды жақындастыруға және өзара дамытуға, сондай-ақ еңбек көші-қонын жақсартуға мүмкіндік береді және азаматтардың жүріп-тұруы үшін қолайлы жағдайлар туғызады.

«Шұғыла» қағидаты бойынша өзара бір-бірімен байланысқан елдің әрбір өңірі үшін өнімнің өзіндік құнының көлік шығындарын қысқартудан түсетін экономикалық пайда, өңіраралық тасымалдау жылдамдығын ұлғайту және тиісінше жолға кететін уақыт пен жолды пайдаланушылардың пайдалану шығындарын қысқарту, сондай-ақ ЖКО санын төмендету есебінен жобаларды іске асырудың тиімділігіне қол жеткізіледі. Жобалардың инвестициялық фазасы кезеңінде 200,0 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.

Бағдарламаны іске асырудан барынша жоғары әлеуметтік-экономикалық нәтиже алу мақсатында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуды жоспарлау кезінде қалыптасып отырған демографиялық үрдістер және көші-қон ағындарының қарқындылығы ескерілетін болады, олар хабтар мен екінші деңгейдегі қалалардың дамуына қарай күшейе түседі.

Екінші деңгейдегі қалалар бірқалыпты өсумен және өмір сүрудің орташа стандарттарымен ерекшеленетін болады. Мұнда бүкіл ел бойынша бірдей болып келетін инфрақұрылым мен әлеуметтік стандарттардың қажетті деңгейі сақталатын болады.

Халықтың күтілетін көші-қон қозғалысының артуын ескере отырып, көші-қон ағындарын реттеу, оның ішінде қала маңындағы аймақтарды дамыту арқылы реттеу шараларын көздейтін өңірлік саясатты үнемі түзетіп отыру, халықтың нақты қажеттілігіне сай келетін және оның санының одан әрі өсуін ескеретін білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ қалаішілік көлік инфрақұрылымын дамыту қамтамасыз етілетін болады.

Ішкі көші-қон саласында еңбек ресурстарын жұмыс күші шамадан артық елдің оңтүстік аймақтарынан солтүстік, солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс өңірлерге көшіруді ынталандыру бөлігінде көші-қон саясатын түзету жүзеге асырылатын болады.

Макроөңірлердің базалық инфрақұрылымын (жолдар, порттар, энергетикалық тораптар) дамыту құрылыс материалдары, туризм, өңдеу өнеркәсібі сияқты сабақтас салалар үшін оң әсер етеді, сондай-ақ тұтастай ел экономикасына маңызды мультипликативтік әсер етеді.

Тасымалдау жылдамдығын және көлік бағыттарын ұлғайту, көлік шығыстарын төмендету және энергиямен тиімді қамтамасыз ету іскерлік белсенділіктің, өнімділіктің және елдің көлік әлеуетінің өсуіне оң ықпал етеді.

Индустриялық инфрақұрылымды және туризмді дамыту, ШОБ субъектілерін қолдау және өмір сүру жағдайларын жақсарту макроөңірлердің экономикасын әртараптандыруға, жұмыспен қамтуды және халық табысының деңгейін жоғарылатуға, сондай-ақ олардың әл-ауқатын өсіруге септігін тигізетін болады.

Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсуін қамтамасыз ету мақсатында «шұғыла» қағидаты бойынша тиімді инфрақұрылым түзу негізінде елдің макроөңірлерін ықпалдастыру арқылы бірыңғай экономикалық нарық қалыптастыру, сондай-ақ сыртқы нарықтағы конъюнктураның нашарлауы жағдайларында экономиканың жекелеген секторларын қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз