Нұр-Сұлтан
Қазір
18
Ертең
23
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

Нұрлан Нығматулин: “Ұлттық мүддені қорғауымыз керек”

Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ЕАЭО аясында Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі жайын қамтыған заң жобасын таныстырды. Министр өнеркәсіптік субсидияларды беру бойынша одаққа мүше мемлекеттердің арасында Қазақстанның комиссиялық тәуелсіз арбитр ретінде қатысу маңыздылығын атап өтті. Депутаттар аталған заң жобасын қызу талқылады. Бұдан кейін сөз алған Мәжіліс Төрағасы өзекті мәселе туралы айтты.

«Біз қазіргі уақытта ЕАЭО аясында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Дәл осы экономикалық одақ ішінде де бәсекелестіктің барын түйсінуіміз керек. Бұл – нарық. Бүгін депутат Азат Перуашев айтқандай, «осы сұрақпен айналысатын біздің мамандар білікті болуы әрі біздің экономиканың ғана емес, Одаққа қатысушы елдердің өзгешелігін білуі керек».

Ұлттық мүддені қорғау үшін министрліктердің құрылымдық бөлімшелерінде де, мемлекетаралық интеграциялық органдарда да даярланған мамандарымыз болуы керек.

Өкінішке қарай, ашығын айтқанда біздің шенеуніктер толыққанды отандық тауар өндірушілердің құқығы мен заңды мүддесін бүгін айтылғанындай ЕАЭО аясында қорғап жатыр деп айтуға келмейді», – дейді ол.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, бұл мәселе туралы бірнеше мәрте депутаттық сауал кезінде де, отандық бизнес өкілдерінің Парламентке жазған өтінімдерінде де айтылған.

«Мысал келтірсем, қазіргі уақытта нарықта бір мәселе өте көп талқыланып жатыр. Ресей тауар өндірушілері қазіргі таңда біздің елге жыл сайын 700 мың тоннаға жуық цементті кедергісіз экспорттайды.

Ал қазақстандық кәсіпорындар сол цементті РФ-ға апарғанда күрделі мәселелерге тап болады.

Интеграциялық органдағы біздің өкілдер Ресейдегі жаңа стандарттардың, экспортталатын цемент бойынша сертификаттау бойынша жаңа ережелерінің енгізілуін уақтылы ескертпеген. Яғни, бізге ақпарат бермеген. Осылайша, олар біздің отандық тауар өндірушілерді күрделі жағдайға қалдырды», – дейді Нұрлан Нығматулин.

Осы себепті Мәжіліс Төрағасы «интеграциялық органдардағы біздің өкілдер ол жақта не істеп жүр?» деген сұрақтың туындауы заңды екенін атап өтті.

«Егер біздің шенеуніктер осындай ұйқылы күйде жұмыс істей берсе, онда отандық бизнес өте үлкен шығынға ұшырайды. Шағын және орта бизнесте шенеуніктер ұлттық мүдде тұрғысынан жұмыс істеуі тиіс. Біздің министрліктер мен интеграциялық бірлестіктердегі біздің өкілдерге ерекше талап қойылуы керек», – деп түйді Нұрлан Нығматулин.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз