ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин билік өкілдеріне бағынбағаны үшін айыппұл көлемін арттыруға қарсылық білдірді.
Бұл жайында ол палатаның бүгінгі жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыстық қылықтар үшін жазаны жеңілдету мақсатын қойды. Оның орнына заң жобасында айыппұлдарды қатаңдатып, оның көлемін 11 млн теңгеге дейін арттыру ұсынылып отыр»,-деді Нұрлан Нығматулин.
Билік өкіліне бағынбағаны үшін айыппұлды 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру ұсынылып отыр, ал өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш көрсеткені үшін 2000-нан 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру ескерілген. Осы орайда Нығматулин айыппұлды арттыру өз кезегінде қылмыстылықты төмендетуге кепілдік бермейтінін айта келе, заң жобасын екінші оқылымда қарастыру кезінде тиісті түзетулер енгізуді ұсынды.