Алматыда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, артынша жолда жанжал шығарған қызыл нөмірлі көлік иесі жазаланды, – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Бүгін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында судья Ержан Алдабек жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қатысты шешім шығарды.
Ер адам ҚР Әкімшілік кодексінің 590 және 596-баптары бойынша айыпты деп танылып, жалпы 1,5 жылға көлік жүргізуші куәлігінен айырылды. Сот шешімі күшіне енген жоқ. Жүргізуші өз кінәсін толықтай мойындап, жазған түсініктемесінде көлікке картон қиындысынан жасалған жалған тіркеу нөмірін таққанын айтқан. Кейіннен оны өртеп жіберген.
Мұның алдында ҚР СІМ өкілдері Алматыда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған “дипломатиялық нөмірлі көлікке” қатысты пікір білдірген болатын. Министрліктің баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, видеодағы көліктің нөмірі Беларусьтің Қырғызстандағы елшілігіне тіркелген.
Ал өз кезегінде Беларусьтің Қырғызстандағы елшілігіндегілер Tengrinews.kz тілшісіне бұл D 09 007 мемлекеттік нөмірінің ақ түсті Hyundai маркалы көлікке тіркелгенін, ал видеода “ВАЗ” автокөлігі көрсетілгенін хабарлаған еді. Яғни жүргізуші жалған нөмір таққан.
Еске салайық, оқиға биылғы сәуірде Алматыдағы Әуезов – Жамбыл көшелерінің қиылысында болған. Оқырман жолдаған роликте қызыл нөмірлі Lada көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолмен жүріп, оған қарсы келген көлік жүргізушісімен жанжалдасады.
Дерек көз:Tengrinews.kz.