Қазақстанда латынға көшуге қарсы белгілі бір топ бар. Сөйтсек, мұндай құбылыс бір бізде ғана емес екен. Мәселен, Әзірбайжанда латынға көшуге ниет білдіріп жатыр. Міне, бұл ұсынысты қолдап, көтерген бір әзірбайжан қоғам белсендісі осыдан соң, қалай „нацист„ болып шыға келгенін баяндап беріпті.
Бұл туралы әзірбайжан қаржыгер-маманы Фикрет Мәмедов Facebook-тегі жеке парақшасында жазды.
„Мені мыналар „бабай„ қып алды. Нацистсің дейді. Бар жазығым – посткеңестік кеңістіктің латынға көшуіне қарсы РФ Білім министрінің бетін қайтарып, оның сөзіне жауап қайырғаным„
– дейді ол.
Ольга Васильева, РФ Білім министрі
Сөйтсе, сауалнама қорытындысы бойынша латынға ешкімнің көшкісі жоқ көрінеді.
Осыдан келіп тұжырым жасаған министр:
„… ТМД кеңістігі бірыңғай әліпбиге оралуы керек, яғни кириллицаға. Жақын шетел халқы арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі олардың кириллицадан ажырағысы келмейтінін, оның қолданысының ауадай қажеттігін байқатты„, – деп салыпты. Мұны РФ Білім министрі ІІІ Ливадийскі форумында мәлім етіпті.
Мұндай шіли өтірікті көзі шалған әзірбайжандық маман РФ Білім министріне „Иди на ф….„ деп жөн сілтеп, әлеуметтік желіде өз ойын жазады ғой.
Бұл жазбадан соң, оған „нацист„ деп айдар тағып, ағаш атқа теріс отырғызғандай қыпты. Содан ол күйініп, келесі жазбаны жариялайды:
Фикрет Мамедов
– Шындығында, латынға көшкісі келген КСРО кеңістігіндегі елдерде керемет бір „нацизм„ бар деп айта алмаймын. Мен өзі прагматик адаммын. Мысалы, Әзірбайжан үшін әзірбайжан тілінен бас тартқан тиімді, мен оны қос қолдап қолдар едім. Айтайын дегенім, кириллицаға қарсы болуым, „орыстарға қарсылығым„ емес. Діттеп келгенде, кириллица Ресейдің Еуропадан айтарлықтай артта қалуына әсер еткен бірден бір фактор.
Демек, Кирилл мен Мефоди екеуі өзінің өнертабысымен Ресейді Еуропадан жұлып алып, еуропалық оқу-ағарту жұмыстары мен әлеуметтік дамудан әбден алшақтатты. Шынтуайтында, бұл екеуі кириллицаны Ресей емес, Болгария үшін ойлап тапқан еді ғой. Бірақ нақ Ресей, жер астынан жеті қоян тапқандай, кириллицаға тас кенеше жабысып алды. Ал не болды? Не болушы еді, артта қалды. Еуропада болып жатқан дамудан, реформадан, оқу-ағарту процестерінен әлдеқайда көп қалып қойды. Салдарынан…
Көптеген орыстың мықты-мықты ғалымдары әлемге танылмай-ақ дүниеден өтті. Олардың өзі де, еңбектері де танылмады. Өйткені олар тек орыс тілін, кириллицаны ғана білді.
Ал егер орыс тілінің әлібиі латынша болғанда ғой, онда тілді игеру әліпби деңгейінде қалып қоймас еді.
Жалпы, көптілділік деген жақсы нәрсе емес. Ол алауыздыққа, түсінбестікке, менталиттердің түрлілігіне әкеліп соғады.
Бірнеше тілдің қолданылуы елдің тұтасып, жұмыла жұдырық болып әрекет етуіне кедергі келтіреді. Тілдің әртүрлілігі халықтардың жалпыәлемдік даму процесіне ілесуіне, мойындалып, танылуына да мұрсат бермейді.
Мәселен, Сантьяго Рамон-и-Кахальды алалық. Ол мидағы нейрондардың іс-әрекеті теориясын ойлап тапқан. Оның бұл еңбегі көптеген жылдар бойына танылмай, шаң басып жатты. Өйткені ол испан тілінде жазылған ғой. Бірақ бір күні бұрқ етті. Ойбай, мынау не деген тамаша жаңалық деп бүкіл әлем шуласты.
Сөйтсе, бақытқа орай, әлгі ғалымның бағы бар екен, оның еңбегі неміс және ағылшын тілдеріне аударылапты. Осылайша ол еңбек көзге ілініп, Нобель сыйлығына ұсынылады ғой. Міне, көрдіңіз бе, тілдің құдіретін!
Тағы да қайталап айтамын, мен кириллицаға отансүйгіштігім немесе ұлтшылдығым ұстағаннан қарсы барып отырған жоқпын, менің арманым – елімнің дамып, қарыштап өсуі. Ол үшін жалпыәлемдік даму үрдістеріне ілесетіндей қалыпта болуымыз керек. Міне, сол үшін де бізге латынға көшу аса маңызды.