Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-10
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Назарбаевтың шешімі…”. Байбектің бұдан кейін қайда барарын білесіз бе?

157

“Әкімнің орынтағына қырық жасында отырды ол. Әсте, жас емес. Оны елдегі ең жас атқамінер деп атағанда, асықпау керек. Байбек бұл буынға кірмейді. Жастардың буынына. Қырықтан әрі қарай, сен аға буынсың, ескі гвардияның өкілісің. Біздегі беталыс сондай.

Назарбаевтың кейбір шешімдері тосыннан туады. Күтпеген жерден. Бұған да үйрендік. Байбек Алматыға кенеттен келді.

Назарбаев өзі ұсынды оны. Құлағына ешкім сыбырлаған жоқ. Өз таңдауы еді. Есімов кеткесін, босаған орынға түрлі топтар мен кландар таласты. Үмітті болды. Дәмелі болды. Ештеңе істей алмады. Назарбаев таңдауы тосыннан туады. Назарбаев Байбекті таңдады бұл орынға…

Ол мұндай орынтақ бұйырған “болашақ” түлектерінің алғашқысы емес. Бағдарлама түлектерінің билікке араласуы 2002 жылдан басталған. 

Байбек қайдан келді?

Алғашқы жұмыс орнын Сыртқы істер министрлігінен бастаған. Германия елшілігінде қызмет атқарды. Кейін президент аппаратына тап болды. Сараптама жасаумен айналысты ол. Алғашқыда болашағы бар деген “болашақтықтарды” осы араға жинайтын. Аппараттың барлық сатысынан өтті. Ұйымдастырумен айналысты. Хаттама бөліміне ауысты, артынша. 

https://kaz.365info.kz/aza-zhigitteri-t-sekte-au-arsyz-246615

Айттық. Назарбаевтың кейбір шешімдері тосыннан туады. 2009 жылы Байбек Президент әкімшілігі жетекшісінің аймақтық мәселелер бойынша орынбасары қызметіне тағайындалды.

Назарбаев тәуекелге барды, анығында. Байбекті мұндай қызметке тағайындай отыра, оның жауапкершілігін де өз мойнына алды. 

“Болашақтың” мәселесі неде? Бағдарлама түлектері аймақтарға барғысы жоқ-тын. Олар осы арқылы әрі сыналуы, әрі ысылуы керек-тін. Кейбіреулер былай деген:

“Бұлар жұмысты  “акиматтар” мен министрліктің ең төменгі сатысынан бастағаны жөн”.

Түлектер ұнатпайтын мұны. Астанада қалғысы келетін. Министр болмаса да, вице-министрліктен дәмелі болатын. 

Хронология…

– 2006 жыл. “Болашақтықтарды” жаппай мемқызметке орналастыру науқаны басталған. “Әр министрлікте 2 орынбасар болады, біреуі міндетті түрде бағдарлама түлегі болуы тиіс” деген Назарбаев. Нәтижесіз аяқталды, өкінішке орай. Кейбір министрліктер түлектердің арасынан салаға жарарлық маман таппады.  

2009 жыл. Президент әкімшілігі жетекшісі орынбасары қызметіне тағайындала сала, Байбекке жауынгерлік тапсырма жүктелді.

Аймақтық билікті жасарту қажет. Міне, сол тұста саяси сахнада жас әкімдер төбе көрсеткен. Бұл да науқан тұғын. Науқанның нәтижесі әдетте көңіл көншітпейді. 

2011 жыл. Жаңаөзендегі жағдай. Әкімшілік ұрыс естіді. Назардан қалыс қалдырғаны үшін. Ақордадағы бірқатар атқамінер Жаңаөзендегі жағдайды әдейі ушықтырған деген болжам бар. Қырымбек Көшербаев пен Тимур Құлыбаевтың саяси мансабына балта шабу үшін…

https://kaz.365info.kz/khajrattyn-kinosyndagy-shyndykh-zorlangan-khyzdyn-mamandygy-mygalim-nege-286586

Бұлай ойлағандар белгілі бір дәрежеде мақсатына жетті, бірақ Байбекке кесірін тигізген жоқ, Жаңаөзен. Ол тұста оның өзі де, қызметі де санасатын деңгейде емес-тұғын. 

2013 жыл. Байбекті “Нұр Отан” партиясының жетекшілігіне тағайындады Назарбаев. Тағы да тосын шешім. Ешкім күтпеген, ешкім ойламаған. Айттық қой, Назарбаев сондай деп. Оның “Нұр Отанға” келуінен қауіптенгендер көп болды. Қарсылық танытқандар да жетіп артылды…

“Нұр Отан” президенттің қолындағы тоқпақ, анығында. Елдегі жағдайды партия арқылы барлауға болады. Айталық, аймақтағы ахуал қандай? Жемқорлармен күрес қалай жүруде? Әкім-қаралар жергілікті жұртпен қалай, қай деңгейде тіл табысып жатыр? Назарбаев Байбекке осыны міндеттеген. Жерге қаратқан жоқ.

Сайлау ма? Сайлау өз алдына. Президенттің партиясы сайлауда жеңілмесі әуелден белгілі болатын. 

Байбекті ұнатпайтындар болған, әлі де бар, бола береді де. Назарбаевтың адамы санайды, оны. Ескі гвардия қауіптенеді одан. Күндердің күні Байбек сияқтылар олардың орнына келеді, өйткені.

Ол биліктің партиясын 2 жыл басқарды. Президент сайлауы өтті, сол уақытта. Назарбаевтың сайлауалды штабын партияның бірінші төрағасы ретінде Байбек басқаруы керек-тін. Құл-Мұхаммедке сенді. Сол тұстағы президент кеңесшісі Құл-Мұхаммед сайлау аяқталғасын “Нұр Отанға” келеді деген сәуегейлер. Назарбаев асықпады, алайда. Байбекті 2015 жылға дейін ұстап тұрды. Ақыр аяғы, Алматыға әкелді.

Оны әкім болады деп ешкім ойлаған жоқ. Астанада қалады деп топшылады. Алматыға лайық көрмеді. Нұрқаділов, Құлмаханов, Храпунов, Тасмағамбетов, Есімовтердің жанында Байбек әлі жас бала еді. Тәжірибесі де жоқ-тұғын.

Храпунов?

Жаңа әкім алматылықтардың талғамына сай келе ме? Халық қалай қарайды оған? Әлі есімізде. Тасмағамбетовты жақтырмай қарсы алған. Есімовті, тіпті, ұнатқан жоқ.

Храпуновқа қана көңілдеріне қош келді. Жылы қарсы алды оны. Ол ұзақ отырар ма еді. Өзі бүлдірді бәрін. Тоймады. Тойымсыздығы түбіне жетті.

Тастың тұсында Алматы тазаланды. Аулалар қалыпқа келді, жолдар жөнделді. Таяқтың екі ұшы бар, бірақ. Тастың тұсында Шаңырақ оқиғасы бұрқ еткенін естен шығармаған жөн…

Есімов ше? Алғашқы уақытта ол Сейдумановқа сенді. Орынбасары. Сейдуманов Есімовтің жұмысындағы ағаттықтар мен кемшіліктердің көзін жауып, бітеді.  Сейдуманов кеткесін, Есімовтің қандай күйге түскеніне куәсіздер…

https://kaz.365info.kz/ne-mynau-bilim-salasyndagy-reforma-byryngy-vitse-ministr-myrat-abenovtin-ozin-kyjindirdi-286443

Байбекті де қабақ түйе қарсы алды, Алматы жұрты. Өзі де ұрынды. Қырсық шалды. Келгені кеше нөсер жауын, қалың қар жауды. Тазарта алмады. Үлгере алмады. Кім кінәлі? Әкім.

Ол өзімен бірге командасын ерте келген. “Нұр Отанда” мүдірмеген бұлар, алғашқы уақытта ақсап қалды.

Алматы үлкен. Өте үлкен. Әуселесі де, мәселесі де көп. Тастың тұсында қаланың орталығына мән берілді. Есімов шет аудандармен айналысты. Байбек ортаны да, шетті де қатар алуға тырысуда қазір.

Трамвайға неге тиісті? 

Иә, кейде артық кетеді ол. Асыра сілтейді. Айталық, трамвайды жапты. Қаланың халқына ұнаған жоқ, бұл. Травмай қаланың тарихы еді. Байбек мұны ескерген жоқ.

Қаланың тарихымен тамырлас ескерткіштер, сәулет нысандары үн-түнсіз сүрілді. Қиратылды. Осы дұрыс па еді?

Трамвайды неге тоқтатты, мысалы? Жаңалауға болар еді ғой?! Бұрынғы әкімдерді қыспаққа алса, сосын. “Солардың тұсындағы трамвай депосына бөлінген қаржы қайда жұмсалған?” деп. Трамвайдың өзі де, жолы да жаңартылмаған. Демек, жылдар бойы желінген. Бұған бөлінген ақша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Түбіне үңілу керек еді. Қазбалау керек еді. Жауып тастамай…

Иә, жасаған жақсылығы да көп. Қаладағы көлік кептелісін азайтуға күш салып жатыр. Шайтан арбалар мен жаяу жүргіншілердің жолағын кеңейтті. Жалпы, жақсы идея. Көліктегілерді жаяу жүргізу, жеке көліктен автобусқа, метроға отырғызу саясаты жатыр, астарында.

Болашағы 

Ол бұдан кейін қайда барады? Бір құдай біледі. Болжау қиын. Назарбаевтың шешімдерін дөп баса алмайсың, өйткені. Оның қайда қонарын, қайда барарын Назарбаев шешеді, бәрібір де.

 Алматыны басқарған оңай емес. Астанада жеңіл. Назарбаевтың өзі екі шұқып, бір қарайды.

Алматыдан кеткен күннің өзінде, саяси тұрғыдан болашағы жоқ аймақтарға Байбекті апармасы анық.

Байбек қана емес, кез-келген әкімнің жұмысына баға берген қиын. Әкімге бағынбайтын құрылымдар бар. Оның жұмысын ҰБТ нәтижесіне, қылмыстық деңгей немесе салықтық көрсеткіш бойынша бағалаған да қисынсыз. 

Байбекке мінез керек, бұл орайда.

Өзіне тікелей бағынбаса да полицияны, прокуратураны, салықшыларды, ректорларды, ірі бизнес өкілдерін, инвесторларды аяғынан тік тұрғызатын Көшербаевтың, Тасмағамбетовтің, Нығматулиннің бойындағы мінез керек оған. 

Оның жұмысын жаман демейміз. Жасап жатыр. Кемшілігі де бар, артықшылығы да… 

Басты беттегі сурет Nur.kz сайтынан алынды

Мақала ВК-дағы “Атамның басы-ай” тобында талқыланып жатыр 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз