Жақында интернет басылымдарда жарияланған кейбір ақпаратқа байланысты «Назарбаев Қоры» келесіні хабарлайды.
Қор Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен құрылды, 2009 жылы 3 желтоқсанда заңды тұлға ретінде тіркелген және өз қызметінде «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Коммерциялық емес ұйымдар туралы Заңды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін және Қордың Жарғысын басшылыққа алады.
Заңға сәйкес Қор «тек қана «Назарбаев Университеті» ДБҰ-ның («НУ») және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ-ның («НЗМ»), сондай-ақ олардың ұйымдарының қызметін қаржыландыру үшін құрылған» коммерциялық емес ұйым болып табылады (ҚР 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 394-IV Заңының 4-бабының 4-тармағы). Жарғыға сәйкес Қордың қызметі дербестік, өзін-өзі басқару, шешімдер қабылдаудың алқалылығы, әлеуметтік жауапкершілік және ашықтық қағидаттарына негізделеді. Осы уақытқа дейін Қор НУ-ды 20 миллиард теңгеден астам сомаға қаржыландырды.
Қор білім беру саласындағы коммерциялық емес қызметпен айналыса отырып, дербес құқықтық қабілеттілігіне, сондай-ақ құрылтайшыдан және өзге де үшінші тұлғалардан тәуелсіз мәртебеге ие болады, құрылтайшының қарыздары мен міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өз мүлкін дербес басқарады. Қордың демеушілерден/донорлардан алатын жарналары қайтарымсыз және өтеусіз болып табылады.
Қор Жарғысының 2-бабы 2-тармағының 1) және 7) тармақшаларын негізге ала отырып, Қордың қызметі: (а) Қорға қаражат тарту және оның активтерін басқару, сондай-ақ (b) жарғылық мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады. Қамқоршылық кеңес донорлық жарналар мен қайырмалдықтардың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қордың активтерін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық саясатты бекітті. Осыған сәйкес Қордың активтері ақша нарығының құралдарына, инвестициялық деңгейдегі облигацияларға, қоғамдық акцияларға және тікелей жеке инвестицияларға инвестиция ретінде пайдаланылуы мүмкін. Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша инвестициялық саясатқа сәйкес Қор қаражатты Pioneer Capital Invest (PCI) инвестициялық компаниясына инвестиция ретінде құйды.
2018 жылы НФ-ның осы қаражаты ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық Банкі, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ арасындағы негіздемелік келісімнің негізінде PCI «Цесна Банк» АҚ (2018 ж.) және «ATF Банк» АҚ (2020 ж.) сатып алуға және капиталдандыруға жіберді. Жоғарыда көрсетілген банктерді PCI бірыңғай «Jusan Bank» АҚ-ға біріктірді, портфельдерді тазарту, борыштарды қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізілді, бұл тұтастай алғанда банктің, сондай-ақ бұрын жоғарыда аталған екі банкке тиесілі болатын оның еншілес ұйымдарының қызметін қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. PCI қызметінен және оның активтерінің өсуінен түсетін барлық пайда бастапқыда жоспарланғандай Қорға НУ мен НЗМ-ді қаржыландыру үшін бағытталатын болады, бұл мемлекеттік бюджеттен оларды ұстауға арналған шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Қордың қызметі Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған. Ол халықаралық аудиторлық компаниялардың есептерімен расталады және Қазақстан Республикасының заңнамасына толық сәйкес келеді.
Қордың қызметі туралы жалған ақпарат таратылған жағдайда, Қор өз мүдделерін құқықтық салада қорғауға құқылы.
НАЗАРБАЕВ ҚОРЫ