Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Майкл Пенспен кездесті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мейлінше өзекті мәселелерін талқылады. Әңгімелесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы “Nasdaq” компаниясының президенті Адина Фридманмен, “Goldman Sachs” компаниясының президенті Харви Шварцпен және “ExxonMobil” компаниясының бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев “Астана” халықаралық қаржы орталығы Американың “Nasdaq” биржасымен және Шанхай қор биржасымен ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен 16-қаңтарда барған болатын. Қазақстан Президенті АҚШ-тың ресми өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, Назарбаевтың 18-қаңтарға белгіленген БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қару қолдануды жаппай жоюға арналған брифингке қатысатыны айтылады.