Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Нақұрыс балдыз. Букмекердің құлы. Жүз мың теңгемді жоқ қылды

245

Қазір осы мекемелердің ғимараттарына қона жастанып ақша тігетіндер саны көбейіп барады. Тіккен ақша пайда әкеліп кері қайтып жатса кәні?

Керісінше, тіккен сайын ұтылып, тігуші «қораға» кіре түсуде. Ұтылған сайын «салған ақшамды қалайда қайырып аламын» деп, үйдегі бар құнды заттарды сатып, ломбардқа өткізіп, айнала жұрттан қарыз сұрап, тіпті онлайн несие алып сорлап жүргендер қаншама?
https://kaz.365info.kz/ajelder-de-yjin-tigip-khymarojyn-ojnajdy-otbasyn-ojrandagan-zhigit-osylaj-akhtaldy-259757

Жақында өз басымда мынадай оқиға болды:

Балдызым спортты жақсы көретін. Шекілдеуікше шағады дей алмаспын. Бірақ спортық ойындар жөнінде жасаған болжамдары көбіне дәл келіп жататын. Сол балдызым (жасы жиырма екіде) міне, бірнеше жыл болды, спорттық ойындарға ақша тігіп, ұтылып, туғандарына да, өзге жұртқа да жексұрын болып бітті.

Колледжін бітірген соң бірер жыл Астанада тұратын бажамның қолында болды. Тұрғаны құрсын, оны да сорлатқан көрінеді. Оның үйіндегі бағалы заттарды ұрлап сатып, ломбардқа өткізіп, сол жерде тапқан-танысқан достарының сеніме кіріп несие алдырып, оны қайтармай үлкен шу шығарған екен. Бір емес, үнемі жағдай осылай қайталана берген соң, бажам желкесінен бір түйіп, үйден қуып шығыпты.

Әлгі найсап, сүмірейіп Алматыдағы әпкесінің үйіне келді. Әпкесі – менің әйелім. Амал жоқ, үйге кіргіздік. «Түзелемін, дұрыс жолға түсемін, жұмыс тауып беріңдер. Жұмыс істеймін» деген соң әйелім екеуміз жүгіріп жүріп жұмыс таптық. Онымен қоймай, «жап-жақсы баланың жан-дүниесін түсінбей, дұрыстап ақыл айтып сөйлеспей неге қуған» деп мен бажама, әйелім сіңлісіне ренжіді.

Сөйтсек, олардікі дұрыс екен. Әлгі жұмыс істеймін деген балдызым ештеңе қатырмады. Түске дейін ұйықтайды. Одан кейін тамаққа тойып алып, қала аралап кетеді. Кеш келеді, одан түнімен интернет ақтарып, тағы ұйқыға кетеді. Сөйтіп өмірі өтіп жатты.

Бір күні үйге бірнеше жігіт келіп тұр. «Біз сіздің балдызыңыздың досымыз. Ақша алып еді. Қайтармады. Ол ақшаны сіз бізге қайтарыңыз» дейді. «Мен сендерден ақша алған жоқпын. Кімге бердіңдер, соны тауып, қайтарып алдыңдар» деп үйден боқтап қуып шықтым. Сөйтсем, балдызым мұнда да тыныш жүрмей, осындағы достарынан мол ақша алып, қайтармай қашып жүр екен.

Бауыр деген қиын ғой. Әйелім зар илеп жүгіріп жүріп оны психологқа да, молдаға да апарды.

Бірақ түзелген ол жоқ. Онымен қоймай әлгі нақұрыс балдызым бір оңаша сөйлескенде «ақша тікпесем ауа жетпей тұрғандай болады. Қандай жолмен болсын ақша тауып, ойынға тіксем, денем бір жеңілдеп қалады» дейді.

Бір күні үйден ноутбок жоғалды. Бір күні әйелімнің ұялы телефоны ізім-қайым болды. Үйге ұры түсті ме дейін десең, олай емес. Ақыры әйелім мойындады. Ноутбоктыда, телефонды да інісі сатып, ақшасын ойынға тігіп жіберген көрінеді.

Тіпті жазда үйге ремонт жасаймыз деп қағыстырып жүрген миллионға жуық ақшамыз да жоқ болып шықты. Оны әйелім «інім қарызға кіріп кетті. Достары жабылып өлтіреміз» деген соң қорыққанымнан соларға таратып бердім, ренжімеші. Үйге кейін ремонт жасаймыз» деп қарап тұр. Не дейін? Қолымды бір сілтедім.
https://kaz.365info.kz/ne-istesem-eken-kyjeuim-khymar-ojynmen-auyrady-291616
Оны қойшы, осыдан бірер күн бұрын жұмыстан айлығымды алғанмын. Үйге оны-мұны алдық. Біразын көлігімді жөндеуге жұмсадым. Ақшамның басым бөлігі қалтамда қалған. Сол түні тып-тыныш ұйықтап қалғанбыз. Балдызым интернет ақтарып отырды.

Ертесінде әйелімнің көзінде жас, дір-дір етеді. «Не болды?» деймін ғой. Ол болса, «анау таң алдында келді. Түнеріп кетіпті. Бір нәрсе болған-ау. Қалтаңдағы ақшаны қарашы, тұр ма екен?». Дір-дір етеді.

«Басқа басқа, енді менің қалтамдағы ақшаға қол салмас» деп орымнан тұрып, кіре берістегі шкафта тұрған пиджагымның қалтасындағы портменеге қол салғанмын. Портмене тұр. Бірақ ішінде бір тиын ақша жоқ. Жүгіріп барып балдызымның жағасынан алдым. «Шыныңды айт ақша қайда?» дедім. Ол болса былқ етпестен,

түнде «Барселона» мен «Реал» ойнады. Соған тіктім. Бірақ ұтылып қалдым. Ақшаңызды екі-үш сағаттан кейін орнына қоямын, деп қояды.

Шыдамай кеттім. Бір түйдім де, қолына сөмкесін ұстатып үйден қуып шықтым. Мың теңге емес, жүз мың теңгені ол қайдан тапсын? Сонымен кеткен. Енді Алматының қай бұрышында қаңғып жүргенін кім білсін? Әйелім жылап, кешіре салмадың ба, деп қояды.

«Ондай сүмсікке обал жоқ. Ешуақытта кешірмеймін. Үйдің есігі енді оған жабық», деп кесіп айттым.

Міне, менің басымнан өткен жағдай осы.

Дәл осы балдызымдай бар дүниені букмекерлік мекемелерге тасып, оларды байытып, өздері сорлап, жексұрын болып жүрген қаншама жас бар? Оларды қалай емдеуге болады? Түсінбедім.

Қайрат Бақтығалиұлы
https://kaz.365info.kz/sorly-basym-aj-kvartirant-yz-otbasymdy-shaj-ap-ketti-244186

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз