Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Мұның өтірік…”. “Қазақта ұлттық мемлекет болмаған” деген Путин неден қателесті?

255

70 жыл бойы жүргізілген саясаттың, соған сәйкес, жазылған том-том тарихтың, жекелеген кезеңдерге арналған ресми жинақ, зерттеулердің ең басты тұрғысы, өзекті арқауы – қазақта тарих болмады деген қағида. 

Ашық айтылмаған бұл тұжырым қалай негізделеді десеңіз –

ең алдымен, қазақта бұрын-соңды, ұлттық мемлекет болмады деп жарияланады.

Мемлекет болмаған, мемлекеттік құрылыстың кейбір элементтері ғана ұшырасқан. Оның өзінде бұл – біртұтас құрылым емес; әрбір ру, әрбір аймақ өз басына би болған; бұл қазақ басы біріккен хандық құрып көрген жоқ дейді. Басы бірікпеген себепті үнемі өзара жауласып жатқан, жел аударған қаңбақтай қалай болса солай көше берген, егіншілікті білмеген, мал бағудың өзі артта қалған жабайы кепте. Оқып отырсаң, ойлап тұрсаң, бұл халықты жеңбеген жұрт жоқ, бұл халықтың жанын айдап, малын олжаламаған көршісі жоқ. Барлық соғыстарда жеңілген, барлық қақтығыстарда ығысып отырған. 

Арыдағы даңқты тарихымызды айтпағанда, бергі, қазақ атымен аталатын дәуірдің өзі біздің ұлы халық екендігімізге айғақ. Біз ХV ғасырдың орта шенінде қазіргі ұлттық республикамыздың шегінде Қазақ Ордасы аталатын айбынды мемлекет құрдық. Бұл қуатты ұлыс төрт жүз жыл бойы кең даланы еркін жайлап, өзгеше тұрпатты озық мәдениет жасады. Бай болды, бағлан болды. Елімізді, жерімізді еркін сақтап тұрды, ешкімге кеудесін бастырған жоқ. Нәтижесінде, осыншама бай, ұлан-байтақ жерді иеленді, өзіне лайық ұрпақ өсірді.

Большевиктік геноцид басталған 1932 жылғы қызыл қырғын қарсаңында, қазақ халқы өзінің саны жағынан, әлемдегі отыз халықтың бірі болып тұрған.

Біздің қор болуымыз, ата-бабамыз кешпеген мүшкіл халге түсуіміз – соңғы алпыс жылда, советтік, коммунистік отаршылдық заманында ғана. 

Сол заманда жасалған тарихқа қарсы тарихтың ең негізгі ұстанымы – қазақтың өткенін біржола мансұқ ету дедік. Осыған орай, қазақ жұрты Ресейге қосылғаннан соңғы жерде ғана қатарға ілініп, ел бола бастады деген қағида қалыптасты.

 

Ұлы орыс халқының тікелей қамқорлығы арқасында, қазақтардың көкірегіне там-тұмдап жарық сәуле құйылыпты, ұлы халық – орыс халқының жебеуімен тағылықтан, надандықтан арылып, біз де бірте-бірте адам кейпіне түсе бастаппыз. 

Сонда, өктем елдердің отаршылдығы туралы марксистік тұжырым қайда? Ол – испандар мен ағылшындарға, француздар мен немістерге ғана қатысты кеп екен. Орыс отаршылдығы – отаршылдық емес, бауырмалдық, қамқорлық деп жарияланады. Қазақ халқының өткен-кеткені, бүкіл болмыс-тіршілігі, өнері мен мәдениеті тек орыс көзімен, коммунистік шовинизм тұрғысынан ғана бағаланады. Басқаша ойлауға тыйым салынады, сызылған жолдан аз-маз ауытқыған адам ұлтшыл деп жарияланады, қатаң жазаға тартылады. 

Советтік тарих оқулығының ең үлкен, темір бетон ұстыны – әрине, адамзаттың сәулетті болашағы – коммунизм туралы қияли сандырақ. Коммунистік утопия тек бір-ақ мақсатқа – орысшыл қызыл империализмнің жер жиһанда тежеусіз билік жүргізу мұратына қызмет етті десек, тарих кітабына көшірілген коммунизм сол ұлттың бар тынысын тұншықтырған еді.

 

Қазіргі құлдық өміріңізге ризашылық айту керек, болашақта көреріңіз бұдан да ғажап, яғни, ұлы орыс халқының, коммунистік партияның басшылығымен жер бетінде жаппай теңдік орнаған кезде, тіліңіз де ұмытылады, өзіңіз де ұлт ретінде біржола жойыласыз. 

Тәуба, коммунистік программа жүзеге аспады, қызыл империализм келмеске кетті; тәуелсіздік алдық, дербес ел болдық деп отырмыз. Бірақ еңсемізді қайта көтеру үшін, рухани жаңғырып, санадағы жарақат жазылу үшін әлі де бірталай еңбектенуге тура келеді. 

Мұхтар Мағауин

“Қазақ тарихының әліппесі” кітабынан үзінді

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз