Нұр-Сұлтан
Қазір
-10
Ертең
-8
USD
522
+6.56
EUR
544
+7.76
RUB
5.05
-0.13

Мүгедектер банктерді сотқа берді: судья банкирлердің көкбеттігіне таңғалды

112

Қайрат Иманалиев атындағы Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі комиссия үш жыл бойы парламент депутаттарымен және агенттікпен бірлесіп қаржылық инклюзия жобасымен жұмыс істеді. Нәтижесінде қаржылық ұйымдарға мүгедектігі бар адамдарға физикалық, ақпараттық және қарым-қатынастық кедергілерді жою бойынша әдістемелік ұсынымдар жасалған.

Кедергілермен күрес

— Алдымен біз оларды банктер орындайды деп ойладық, ал орындалудың толық мониторингін жүргізген кезде банк бөлімшелеріне кездейсоқ бара отырып, қаржы ұйымдарының ұсынымдарға агенттіктің кезекті хаты ретінде көзқараспен қабылдағанын көрдік, — дейді агенттіктің қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Айгүл Қанатбаева. – Содан әрмен қарай жүрдік:

халықаралық тәжірибені зерделедік және мүгедектігі бар адамдардың қаржылық қызметтерді алуға физикалық, ақпараттық және басқа да қолжетімділігі үшін норманы заңнамалық бекіту қажет деп шештік

Стандартты әзірледік, оны қазір қаржы ұйымдарымен талқылап жатырмыз және заңнамаға өзгерістер енгізу аясында ұсынамыз.

Шын мәнінде, белгілі қоғам қайраткері Вениамин Алаевтың басшылығымен комиссия ұжымы жасаған үш жылдық жұмыстың нәтижелері мүгедектігі бар қазақстандықтардың басым бөлігі үшін зор жеңіс. Олардың саны 700 мыңнан асады. Бұл олардың отбасы мүшелерін қоспағандағы көрсеткіш. Алаевтың деректері бойынша,

мүгедектердің жалпы санының кемінде 400 мыңы — еңбекке қабілетті жастағы адамдар, олардың 125-тен 150 мыңға дейін тұрақты жұмыс орны мен кірісі бар

Комиссияның заңгері Гүлмира Бурашеваның айтуынша, зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес 1 және 2-топтағы мүгедектер БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады. Яғни, егер олар жұмыс істеп, тұрақты табысы болса да, жұмыс берушілер БЖЗҚ-ға 10 пайыздық аударым жасамайды. Осы негізде адамдар банктерде кредит алу мүмкіндігінен айырылады, дегенмен барлық параметр бойынша олар мүгедектігі жоқ адамдар сияқты қаржылық қызметтердің толыққанды тұтынушылары болып отыр.

— Мүгедектігі бар қызметкерге зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініш беруге мүмкіндік беретін норма бар, — дейді Гүлмира Бурашева, — бірақ құқықтық сауаттың төмендігіне байланысты адамдар оны пайдаланбайды.

Мүгедектерді кемсіту

Қайрат Иманалиев атындағы Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары жөніндегі комиссия — жүйелі деңгейде қаржылық инклюзия мәселесімен айналысқан Қазақстандағы алғашқы ұйым.

«Тәуелсіздік жылдарында әртүрлі ұйым мен ҮЕҰ өз құқықтарын қалпына келтіру үшін сотқа жүгінген, бірақ жеңіске жете алмады», — дейді Вениамин Алаев. — Қаржылық инклюзия — банк бөлімшелеріндегі пандустар мен тактильді бағыттағыштар ғана емес, бұл мүгедек адамдарға бейімделуі тиіс банк өнімдеріне кедергісіз қолжетімділік.

Табысы туралы мәліметтердің жоғынан мүгедек адамдар банктен кредит алудан әрдайым дерлік бас тартып келген

Жалпы, азаматтардың қаржылық тұрақтылығын, оның ішінде әлеуметтік тұрақтылықты бағалаудың әртүрлі жүйелері бар. Біз бұл мәселені жалғастырамыз және банктер мен біздің қаржылық инклюзия жөніндегі коалициямызға кіретіндер мүгедек азаматтардың қаржылық тұрақтылығын бағалаудың жаңа тетігін әзірлеу туралы ойлануы қажет деп санаймын.

Комиссия басшысының айтуынша, Қазақстанда осы санаттағы адамдар да сол визаны алу үшін сақтандыруды ресімдей алмайды.

— Сақтандыру — бұл да қаржылық қызмет, — деп өз ойын бөлісті Вениамин Алаев. — Мүгедектігі бар адамның стигмасы неғұрлым айқын болса, сақтандырудан бас тарту қаупі соғұрлым жоғары болады. Осылайша, біз барлық жерде мүгедектік негізінде тікелей кемсітушілікке тап боламыз.

Комиссияның үш жылдық жұмысын қорытындылай келе, оның қатысушылары кедергісіз қызмет алу құқығын қалпына келтіру бойынша үш сот кейсі туралы айтып берді. Үш талаптың екеуін банктерден мүгедектер жеңіп алыпты.

Құқық қорғап, сотқа жүгінеміз

Зағип Кенжеғұл Сейітжан бірден үш банкті сотқа берді. Оның талаптарының ішінде:

  • банк бөлімшелерін бөлімшелер ішіндегі қозғалыстың заманауи тактильді схемаларымен қамтамасыз ету
  • дыбыс мәзірін және Брайль әліпбиі бар панельдерді оқуға оңай және түсінікті түрде қабылдауға арналған құлаққап кірісі бар банкоматтарды жабдықтау
  • көру қабілеті бұзылған және көрмейтін клиенттер үшін банктердің интернет-сайттары мен мобильді қосымшаларын бейімдеу

— Банк өкілдері, өкінішке қарай, біздің дәлелдерімізбен келіспеді және мүгедектігі бар адамдардың банк және қаржы қызметтерін алу үшін ешқандай кедергі көрмейтінін айтты, — дейді заңгер Гүлмира Бурашева. — Сот тыңдаулары кезінде оқиға орнына бардық, тексеріс жүргіздік және толық қолжетімділік жоқ екенін тіркедік.

Пандус бар, бірақ қоршау жоқ. Немесе тактильді жол болса, онда ол еш жерге апармайды. Біз көзі көрмейтін талапкердің қатысуымен банкоматтарда көрнекі түрде көрсеттік. Егер ол картаны салатын орынды тапса, онда ол жұмыс тілін таңдамайды — экрандағы ақпарат дыбысталмайды, құлаққап салып пайдаланатын мүмкіндік жоқ.

Ең қызығы, мүгедек жеңіске жеткеннен кейін екі банк Медеу аудандық сотына апелляциялық шағым түсіріпті.

— Тіпті сол кездің өзінде судья банк өкілдеріне қарап, зағип клиент банкоматты пайдалана ала ма деп сұрады.

Судьяның өзі банк қызметкерлерінің зағип жандарға қалай қарайтынын, оларды банкоматқа апаратынын, адамдар оларға картасын беріп, пин-кодын ашықтан-ашық атайтынын жеке өзі көргенін айтты

Бұл жағдайда біз қандай құқықтар туралы айтып отырмыз? – дейді Гүлмира Борашева. – Апелляция бірінші инстанцияның шешімін толық қолдады, мүгедектер үшін жағдай жасау қажеттілігі туралы біздің талаптарымызды сот қанағаттандырды.

Уәде берді және оралды

Арбаға таңылған мүгедек Богдан Джепка да қазақстандық банктердің бірінде қызының оқуын төлеу үшін бөлімшеге барып, төлем жасай алмаған жағдайға тап болғаннан кейін сотта жеңіске жетті.

— Мен қызымның оқуын төлеу үшін банкке барғанмын, маған қызмет көрсетуден бас тартты, — дейді талапкер. — Мен тіпті бөлімше ғимаратына арбамен кіре алмадым, ал бұрын көшеде тұрған банкомат алып тасталған. Банк қызметкерлері сыртқа шығып, бұл олардың ісі емес екенін айтып, маған басқа жерге баруға кеңес берді.

Мен банктің Call-орталығына қоңырау шалдым, барлығын түсіндіріп, хабарласуды өтіндім. Бұл сәуір айында болған жағдай еді. Сол беті қоңырауды күзге дейін күттім, бірақ мені ешкім шақырған жоқ. Сәуір айында оралатынымды ескерттім.

Оралдым, бірақ бәрі бәз-баяғыдай. Сондықтан сотқа бердім. Осыдан кейін бірден банкке келіссөз жүргізуге шақырды, кіреберісте бірден көтергіш пайда болыпты, бірақ бөлімше ішінде мен өте алмайтын кедергілер қалыпты.

Сотта жеңіп шықтым, бірақ бізді, мүгедектерді банктерді қасақана арандатып жүр деп айыптай бастады.

Арбаға таңылған мүгедек жан Ернар Сәрсеев қазір банкпен соттасып жатыр. Оның шағымы банк бөлімшесі мен банкоматына өтуге мүмкіндік жоғына қатысты. Сал ауруының ауыр формасына шалдыққан ол банктер құқығы шектелгеніне және ыңғайсыздық келтіргені үшін банктен моральдық шығын талап етіп отыр.

— Үйімнің маңында банкоматты қолдана алатын едім, бірақ қоршау салып қойған соң, арбаммен мен банкоматқа жете алмай қалдым — дейді шағымданушы. — Бұл туралы банк қызметкерлеріне де айтқанмын, екі рет банкке сотқа дейінгі талабымызды жеткіздік, бірақ жауап берілмеді.

Ал сотқа берген соң бізге бірден хабарласып, алматылық бөлімшеге шақырылдық.

Ақыры бір айда бөлімшені ретке келтіріп, қосымша банкомат орнатыпты, бірақ моральдық шығын төлегісі келмей отыр, себебі банктің ішкі құжаттарына сай емес деген жауап айтады. Енді сотты күтіп отырмыз.

Заң болмаса құқық та болмай ма?

Гүлмира Бурашеваның айтуынша, осы үш жағдайда да банкирлер шағымданушыларға асығыстық жасағанын айтты деп отыр.

— Аргументациясы мынадай: біз әріптестікке дайынбыз және тікелей бас тартып тұрған жоқпыз, — дейді заңгер. — Бірақ бізде мүгедектерді қорғау заңы 2005 жылдан бастап бар ғой, Қазақстан Мүгедектер құқығын қорғау туралы конвенцияға 2015 жылы қол қойған, яғни бөлімшені ретке келтіруге кем дегенде жеті жылы болған. Барлық жағдайда шеттету, мүгедектігіне байланысты құқықты таптау байқалды.

Бірақ біздің заңнамада әсіресе мүгедек жандарға қатысты дискриминация ұғымы тіпті болмағандықтан, шеттету дерегі болғанын дәлелдей алмадық

Вениамин Алаевтың сөзінше, Қазақстанда шеттетуге қарсы заң тіптен жоқ. Сол үшін дискриминация дерегін дәлелдеу мүмкін емес.

— Кемсітушілікке қарсы шаралар контексінде Конвенция нормаларын отандық заңнамаға имплементациялау қажет, — деп есептейді Комиссия басшысы. — Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заңнамаға, сондай-ақ жалпы кемсітушілікке тыйым салу туралы заңға түзетулер қажет.

Конвенциялар — бірінші кезекте орындалуы тиіс құжаттар. Ал соттарда банктер ішкі заңнамада нормалардың жоқтығына сүйенуін қоймай жүр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз