Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Мұғалімдер оқушыларды енді жаңа әдістемелік нұсқаулық бойынша тәрбиелейді

169

Жобаның жетекші идеясы – рухы мықты, ұлттық намысы жоғары, патриот, әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан, парасатты, адал ниетті ұрпақ тәрбиелеу жұмыстарын іске асырудың ғылыми негізін жасап, оны практикалық тұрғыда жүзеге асыру механизмдерін дайындап, іске асыру болды.

Осы мақсатта «Қазіргі мектептерде саналы ұрпақ тәрбиесін жетілдіру» тұжырымдамасы жасалып, мақұлданды. Мектептерде нәтижелі жұмыс жүргізу мақсатында, тұжырымдама аясында, мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне, ата-аналар мен оқушыларға арналған 13 әдістемелік нұсқаулық дайындалып, барлық қазақ және аралас мектептерге берілді. Оларды кеңінен түсіндіру мақсатында видеодәрістер дайындалды. Арнайы эксперименттік мектептер белгіленіп, жүйелі жұмыстар жүргізіле бастады.

Бір жылғы жұмысты қорытындылау мақсатында 2022 жылы 21 мамыр күні Алматы қаласы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияда «Ұрпақ тәрбиесіне жүйелі көзқарас: заман талабы және болашақ» тақырыбында  Республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Жобаның ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы Құсайынов Асқарбек Қабыкенұлының айтуынша, барлық дамыған ел бірінші кезекте бала тәрбиесіне басты назарда ұстайды.

— Адам тәрбиесі, бала тәрбиесі қазір қоғамда өте маңызды проблема болып тұр. Білім сапасы ерекше дамыған елдерді алып қарайтын болсақ, және олардың табыстылығын зерделейтін болсақ, ол елде ең алдымен бала тәрбиесіне көңіл аударып отырғанын байқаймыз. Кім бала тәрбиесіне көп көңіл аударады, сол елдердің білім сапасы жоғары болады. Екінші — ұстаз. Ұстаздық қызметке икемді, жақсы атқаратын адамдар көп болу керек. Біз білім сапасын көтеруді ойластыра келе, қалалық білім басқармасының бастығы Ләззат Әуесханқызымен ақылдаса келе, Алматының қазақ аралас мектептерінде тәрбие беру жүйесін жүйелі түрде ғылыми-практикалық тұрғыда бір жүйе жасасақ деген ой келді. Оның мақсаты — мектепте бастауыш сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін жүйелі түрде тәрбиелеу. Сол жобаның тұжырымдамасын жасадық. Тұжырымдаманың аясында 13 әдістемелік нұсқаулық дайындадық. Онда алты бағыт бар:

Бірінші бағыт — мектептің мәдени тәрбие ортасын қалыптастыру.

Екінші — ұлттық тәрбие.

Үшінші — отбасы тәрбиесі.

Төртінші — балалардың салауатты өмір салты.

Бесінші — ақпараттық коммуникациялар құзыреті.

Алтыншы — балаларды келешекте еңбек жолын таңдауға көмектесу.

Міне осы бағыттарда мектепте жүйелі жұмыс жасау үшін, жаңа әдістемелік нұсқаулықтар дайындадық. Содан былтырғы жылы көп тиражбен шығарылып, қаланың қазақ аралас мектептерге таратылды. Биылғы жылдың басынан бастап, жұмыс басталды.

Осы №140 мектеп — эксперименттік жоба бойынша тірек мектеп болды. Соның қорытындысын бүгін осы конференцияда талқылаймыз.

Бұл жоба сол бағдарламаның аясы негізінде өткізіліп отыр. Мектеп директорлары осы жобаға қатысты өз пікірлерін айтады. Осы ой-пікірлерді алып жетілдіреміз. Содан кейін қайтадан дайындап шығарамыз, – дейді педагог.

Алматы қаласы Білім басқармасы басшысы Жылқыбаева Ләззат Әуесханқызы бала тәрбиелеуде әр елдің өз ата-дәстүріне негізделген жобасы болу керек деп есептейді.

— Бала тәрбиесі қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Көптеген озық елдердің оқыту жүйесін қабылдап ала аламыз, бір-ақ нәрсені ешбір елден үйрене алмаймыз. Ол құндылық, тәрбие мәселесі. Мағжан Жұмабаев педагогикалық еңбегінде жазған: «Тәрбиеші тәрбиені сол ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы береді». Яғни тәрбиені ешбір елден үйрене алмаймыз. Оны тек сол елдің ғалымдары жазу керек, ұстаздары іске асыру керек, – дейді ол.

Жоба аясында өткізілген конференцияның пленарлық және секция отырыстарында 30-дан аса баяндама жасалып, конференция резолюциясы талқыланды. Конференция жұмысына қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Сүлейменова, ардақты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері А.Миразова, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Д.Біләлов, ҚазҰҚПУ ректоры Г.Қанай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазӘТУ белгілі ғалымдары, Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА, білім беру саласы мекемелері мен ата-аналар қоғамдық бірлестіктерінің басшылары өз ұсыныс-пікірлерін айтты.

Конференция жұмысына оң баға беріліп, осы жоба негізінде жұмыстарды жалғастыру мақсатына 14 баптан тұратын резолюция қабылданды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз