Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
9
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

“Мирзиёевпен дош қой…”. Қырғыз заңгері Атамбаевтың не істегелі жүргенін айтты

600 қырғызстандық шекара заңын бұзбаса да өткізу бекетінде ұсталып, өз еліне депортацияланды. Кәдімгідей, соттың шешімімен 5 жылға дейін оларға Қазақстанға кіруге тыйым салынды. Оның ішінде Қазақстанға жеке бас шаруасымен келіп-кетіп жүрген кісілер де бар.

Құқыққорғаушы ретінде тура емес айтылған сөздер басқа деңгейде шешілуі керек деп ойлаймын. Бұлай халыққа зиянын тигізбеуі тиіс. Жалпы, қазақ-қырғыз мәмілесі жаңа президент қызметіне кіріскенге дейін шешілсе біз үшін өте жақсы болар еді.

Өйткені екі ел арасындағы кикілжіңнің шешілуін күтіп отырғандар бізде өте көп.

Неге келіп жатыр ғой дейсіз бұл жаққа? Құр депортациялап, тыйым салып қатаң шараға барудың керегі жоқ. Оның орнына үлкен айыппұл салсын, сауда жасаса салығын төлесін. Осылай-осылай жөнге келсін деп еларалық дипломатия тетігін пайдаланып, келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қырғыздар салық төлеуден қашпайды. Жақсы емес пе, бюджеттеріңіз де толығады.

Жаңағы 600 адамның ішінде қаншама жыл бойына екі ел арасында сауда-саттықпен айналысып, „оборотын„ өсірген адамдар бар. Олар енді: „Қанша жыл болды, осылай сауда-саттықпен отбасымызды асырап жүрміз, енді қалай жан бағамыз?„ деп айтып жатыр. Заң бұзылса, онда айыппұл төлесін деп айтып жатырмыз, тілегіміз осы. Заңға бағынатын, құқықтық мемлекеттер емеспіз бе?

Бірақ осы тілегімізге қарсы геосаяси деңгейде шыр-шатақтар шығып, қиын боп тұр…

Билік ішкі емес, сыртқы былықты айтып, халықты алдауда

Қырғыз маманы шекара маңындағы жайт қиын тиіп, қырғыз жұртының наразалығын туғызуда екенін де жеткізді.

– Мысалы, біз осы жаққа келе жатқанда шекарада бір сағаттай тұрып қалдық, ал ауыр жүк көліктері 6-7 шақырымға дейін созылып кезек күтіп тұр. Бір жүк көлігінің кезегімен келіп, шекарадан өтуіне бір жұма кететін күндер болыпты. Контрабанданы тыйған жақсы, алайда екі ел арасындағы көлік ағымының тежеліссіз өтуінің бір жолын табуға болады ғой, сауда-саттықпен жүретіндерді алдын ала жүгіне ақшасын төлеп қойса, кедергісіз өткізе беретін жағдай жасасақ ол да халықтың жағдайын реттер еді. Бұған наразы боп жатқан адам бізде көп.

Білем, мұны саясатқа айналдырып, өз ұпайына пайдаланғысы келетіндер де бар.

Қырғызстанның ішінде тізе берсе қордаланған мәселе өте көп.

Бірақ билік іштегі сол мәселелерді көрсетпей, сырттағы айқайды айтып, халықтың назарын басқа жаққа бұруда. Міне, қырғыз ағайын бұл қатты мәлімдемелердің астарын осылай ойлайды.

Қаншама жыл тату отырған екі елді бір-біріне жаман қып көрсеткісі келетін тура емес саясат деп ойлаймын, өз басым. Халық та оны жақсы біліп отыр. Қарапайым халыққа не керек? Алдымен тамағы керек, ол үшін екі елдің арасы жақсы болғаны керек. Сондықтан қырғыздар әліптің артын бағуда.

Біз де басында эмоцияға беріліп, айтқан шығар дедік, бірақ…

– Бірінші кезде мен былай ойладым. Президенттік сайлауға түсуші кандидаттың бірін Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады ғой. Е, бар гәп содан басталды дедік. Өйткені қазақ басшысымен кездесіп, оның авторитеті өсіп, сайлауда жеңіп кете ме деп қатты қорықты олар. Содан эмоцияға беріліп, Атамбаев қатты сөз айтып қойды деп ойладық.

Ал екінші рет ауыр сөз айтқанда шыныменен түсінбей қалдық.

Содан екі жақты жауластырғысы келетін үшінші тарап бар бұл арада деген дүдәмал ой келді. Екіншісінде осылай ойладым. Өйткені бізде қырғыз-өзбек этникааралық мәселесі өзекті әрі созылмалы болып келді.

Міне, осы күрмеуі қиын мәселені жаңадан сайланған Өзбекстан президенті Мирзиёев билікке келгелі шешілді. Екі ел арасы жақсарды.

Шекара ашылып, алыс-беріс көбейді. Сауда-саттық да жақсы дами бастады. Туған-туысқандарын көріп шекараралық аймақта тұратындары жақсы болды. Бірақ деймін де, бір жағынан осылай қиын жағдай шешіліп жатса, екінші жағынан бұрыннан жақсы қарым-қатынастағы елмен араға сызат түсті. Меніңше, осы екеуінің арасында қандай да бір байланыс бар секілді. Осы жағынан алғанда, геосаяси мәселе бар бұл арада.

Латынға көштіңіздер ғой, әрине, ұнамайды…

-Тағы бір жағынан, Сіздердің латын әліпбиіне көшудің де салдарыма бұл деп те қалам? Өйткені, менің білуімде, орыстың кейбір талдаушылары бұған қарсы пікір білдірген. Сол кезде ойлап қалады екенсің, бұл арада үшінші тарап бар секілді деп…

Қалай дегенмен де біз бір туған елміз, тамырымыз бір. Құдайдың арқасында көрші болып қалғанбыз. Бұл мәселені біз басқаша шеше алмаймыз. Біз халық дипломатиясын қолданып, оны бейбіт шешуге бел буудамыз. Құқық, заң тұрғысынан шешсек, одан қазақ та қырғыз елі де ұтылмайды. Біз бүгінгі жиында түркі елдерінің конференциясын өткізіп, кейін оны бір ұйымға айналдырып, арамыздағы өзара мәмілелерімізді күшейтеміз деген ойда тарқастық. Заңгерлер, дипломаттар және өзге де мамандар еларалық мәселені дер кезінде осылай талқылап, зерттеп отырса, онда біз:

„Бөліп ал да билей бер„ деген бөтеннің саясатына оңайшылықпен бой ұсынбаймыз.

Атамбаев енді саудаға көшеді…

– Кеткен президент елден қашпауы керек. Біз саяси мәдениетіміздің өсіп жатқанын көрсетуіміз керек қой. Сондықтан кетіп жатқан президент келіп жатқан президенттің қолын қысып, жұмысын өткізіп беріп, экс-президент деген атағын абыроймен алып жүре алатын, ел арасында сыйлы ақсақалға айналуы керек.

Өткен жылдың желтоқсанында ел конституциясына өзгеріс енгізілді. Өзгеріске сәйкес, премьер-министрдің құзіреті кеңіп, артқан. Сол кезде көп саясаткер қарсы шықты, өйткені мұны Атамбаев өзі үшін жасап жатыр дедік.

Енді ол президентті қойып, премьер болып келмекші дестік. Бірақ сол кезде ол ел алдына шығып, мен премьер болмаймын деп уәде берді. Сөйтіп қоғамдағы бұрқ еткен бұл наразылық басылған еді. Қазір де ол уәдесін жиі есіне салып тұрамыз.

Қалай дегенмен де саяси ауанға экономика тығыз әсер етеді ғой. Сондықтан бізде премьер-министр жыл сайын жазда ауысады. Енді премьер-министрдің құзіреті кеңейгеннен кейін ол бұдан ұзағырақ отыратын болады деп ойлаймын. Ал оны кім тағайындайды? Әрине, Парламент. Ол үшін Парламент тарқауы керек. Қазірдің өзінде президент әр жерге өз адамдарын отырғызып жатыр. Мәселен, парламент спикерін өз адамынан сайлады дегендей. Парламенттік мемлекетпіз деп жатқаннан кейін билік өзіне лояльды адамдарды әкеліп алып, бәлкім содан соң Үкіметті жасақтайтын шығар. Меніңше, Атамбаев Парламентке келуге әрекеттенетін сияқты. Бірақ…

Атамбаев көп нәрсені бүлдіріп кетті. Жаңа президентке оңай болмайды. Бір топ мемлекетпен мәміле жүргізу керек болады оған. Жұмыс көп. Ұлттық мәселені көтере отырып, екі ел арасын жақсартса бұл оған көп абырой әкеледі. Көрдіңіз бе?..

Осының бәрін саудаға сала алады Атамбаев.

Ол жаңадан келген президентке айта алады: „Сені кім президент қылды, мен қылдым. Бұл шатақтың бәрін шығарған кім, тағы мен. Ал сен соны шешіп жақсы атты боп жатырсын„ дегендей…

Қырғыз халқы Жиенбековке емес, Назарбаевқа сенеді

– Жаңадан сайланған президенттің өмірбаянын алып қарасақ, ол ешқашан оппозицияда болған емес. Дайын биліктің ішінде жүрген адам. Сондықтан ол өз бетімен ел саясатын жүргізіп кетеді деген нық сенім жоқ. Бірақ қырғыздарда баяғыдан тұрақты нәрсе жоқ. Саяси қалып тез өзгере салады, саяси белсенділік өте жоғары.

Президентті бізде тынышына қоймайды. Оны жан-жақтан түртпектей бастайды. „Ал келдің, не бітірдің„ деп. Сондықтан жан керек болса, президенттің өзі білек сыбана өз ісіне кіріседі. Оны Атамбаев әкелді дегенге 100 процент сенім жоқ қой. Ол да жүре келе білініп қалады.

Назарбаев тәжірибесі мықты, дүниежүзілік көшбасшылармен келіссөз жүргізіп жүрген адам ғой. Ол кісі біздің жаңа президентпен жақсы мәмілеге келіп кетеді дегенге бек сенімдімін. Сондықтан бұл уақытша проблема дегенге сенгім келеді, біздегілердің көбісі де солай ойлайды.

Бабанов Назарбаевпен жарқ еткенде бізде бәрі бітті…

Рита Карасартова қырғыз зиялы қауымы Атамбаевқа неге тәйт дей алмағанын өзінше түсіндіріп көрді.

– Өйткені ақырғы күндері ойын ашық айтатын қиын оппозиционерлерді қамап тастады. Конституцияға өзгеріс енгізгенде президент пен үкіметтің құқығын арттырды да, парламенттікін шектеді. Осындай қатаң шаралар қабылдап жатқан кезде анандай мәлімдеме жасалды. Үркіп қалған ел не дерін, не істерін білмей абдырады.

Жалпы, бізде сайлау кезінде президент оппонентерінің жеңіп кетуі мүмкіндігі жоғары.

Бабановтың ұтып кету шансы жоғары болды. Өзі бай, өзі жас, өзі креативті. Оның үстіне теледидардан Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жарқ еткенде бәрі бітті. Оппозицияны жағалай қамады.

Не де болса, бұл үлкен саясаттың ойыны, арадағы бөтендердің жат пиғылы. Сондықтан оны үрлеп, үлкейтудің қажеті жоқ, осыны екі елдің халқы түсінсе деймін, ашуға берілмей, сабырға келіп халық достығын ойлаған абзал.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз