ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Астана мерейтойына өңірлердің бөлген сый ақшасына қатысты пікір білдірді.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
“Өңірлер жасап жатқан сый ақшаларға келелік. Дұрысында мәселені былай қарасақ. Мысалы, Самал мен саябақ арасында салынып жатқан веложол бар емес пе? Енді ол қала әкіміне арналып салынып жатқан жоқ қой. Бұл осы қаланың тұрғындары мен қонақтарына, балаларға арналған. Көрдіңіздер ме?..”, – деді Абаев үкімет отырысынан кейінгі дәліздегі сұқбатында.
“Кешке дейін сіздер ақшаға баса назар аударта бересіздер. Бұл дұрыс емес. Неге сол шараның мультипликативтік нәтижесін көрсетпейсіздер а?.. Мысалы, инфрақұрылымдар қалады, қала дами түседі. Мұның бәрі осы қаланың тұрғындары мен қонақтары үшін емес пе?.. Бұл ақша той немесе салық түрінде бәрібір елге қайтып келеді” – дейді министр.
Сондай-ақ Дәурен Абаев елорда мерейтойын тойлауға қазынадан бөлінген ақша турасын да айтты. “Тексеруші органдар бар. Ақшаның мақсатты, мақсатсыз жұмсалуын олар кез келген уақытта тексере алады”, – дейді ол бұл ретте.