Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
15
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Мерзім бітті…”. Қарақалпақтар Мирзиёевтың мазасын алып жатқаны рас па?

831

25 жыл бұрын…

Порталдың жазғанындай, осыдан 25 жыл бұрын Қарақалпақстан Өзбекстанның “өз ішінде” тәуелсіздігін жариялаған. Құжаттың күші шамалы-тұғын. Бірақ, бір мақсатын орындады. Құжатта қарақалпақтардың

бір кездегі Қызыл империя қамытынан құтылған  республикалардай жеке отау құруға конститутциялық құқығы бар екені көрсетілген.

 20 жылда не өзгерді? Қазақстан құлпырды. Қарақалпақстан құлады. Құрдымға. Кедейшіліктің қамытын киді, жоқшылықтың зардабын тартты. Тартып та келеді. Осы тұста кейбір қарақалпақтар Қазақстанның құрамына қайта оралу туралы айта бастады, жаза бастады (хабардар болсаңыздар 20 ғасырдың бірінші жартысында қарақалпақтар Қазақстанның құрамында болған). 

Осыдан 24 жыл бұрын Ташкент пен Нүкістің (қарақалпақтар астанасы) арасында үкіметаралық құжатқа қол қойылып, 

 алдағы 20 жылда Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында қалады 

деп сөз байласқан. Мерзім бітті. Келісімнің мерзімі бітті. 2013 жылы. Кәрімов тақта отырған тұс еді бұл. Ташкент билігі белсенділердің референдум туралы талабын құлағына да қыстырған жоқ.

Сағидуллаев не сұрап отыр?

Кәрімов тағында өлді. Ол жоқ. Осыны пайдалағанғысы бар қарақалпақ белсенділері, оның ішінде, ұлттық қозғалыстың көшбасшысы Аман Сағидуллаев ОБСЕ-ге өтініш айтыпты. “Ташкент Нүкістың талабына құлақ түрсін” деп…

Сағидуллаев не сұрап отыр?

Оның өзбек билігіне қояр 11 талабы бар. Ең алдымен,

өзбек әскерлері мен қауіпсіздік қызметі Қарақалпақ жерін тастап шығуы тиіс.  

Сөз еркіндігі, ой еркіндігіне ерік берсін. Қазақстанмен интеграциялануға, жаңа республиканы БҰҰ мен ОБСЕ-нің мүшелігіне өткізуге жол ашсын. Шетелдік адам құқығын қорғау ұйымының өкілдерін елге кіргізсін. Жолын бөгемесін олардың…

Сағидуллаевпен сөйлескен, сөйлеспегені белгісіз, бірақ Еurasiareview солай жазыпты. 

 

Мәскеу не бүлдірді? 

Сарапшылар не дейді бұл тарапта? Не ойлайды? Қандай пікірде олар? 

Саясаттанушы Мейрат Омаров қарақалпақтардың қазіргі жағдайы аянышты дейді. Өзбектен бөлек кеткісі келетіні сондықтан. Тұрмысы ауыр. Өте ауыр. 

– Бұдан бұрын Қарақалпақстан Қазақстанның құрамында болды. Кейін “бөліп алда, билей бер” деген саясатты ұстанған Мәскеу алды да, автономияны Өзбекстанның құрамына кіргізе салды. Этникалық факторды ескермеді. Ұлттық шекара дегенді ұмытты.

Экономикалық ахуал ушыға түскенде, осы жайт қарақалпақтардың ойына оралды 

— дейді Омаров.

Бұдан бөлек, Арал теңізінің қазіргі ахуалы да отқа май құя түсті.

Соған қарамай, саясаттанушы Еurasiareview порталының жазғанын жоққа шығарып отыр. Сенбейді.

“Өзбек билігіне Мирзиёев келгелі жағдай өзгеруде”, – дейді ол. 

 

– Қатардағы халықтың көкейінде Өзбекстандағы әлеуметтік-экономикалық тұрмыс түзеледі деген үміт пайда болды,

бұл қарақалпақтарға да қатысты.

— БҰҰ-ның мінберінде сөйлеген Мирзиёев күллі әлем назарын Аралдағы ахуалға бұрды. Аралдың құрғауын жаңа ғасырдың экологиялық апаты деп атады. Аманшалық болса, алдағы уақытта бұл аймаққа шетелдік инвестициялар жетуі тиіс, – дейді Омаров.

Сөзінің жаны бар. Күні кеше Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан бірігіп Арал теңізін құтқару қорын құрды.

Теңіз де біртіндеп “тіріліп” келеді. Теңіз тірілсе, тіршіліктің де оянатыны анық. 

—  Арал маңында тұратын қазақтар мен қарақалпақтың мәселесі бір. Ортақ. Қос тарап та қиындық көріп отыр, — дейді Омаров.

Бар үміт Мирзиёевта

Айтуынша, Кәрімов кеткелі, Мирзиёев келгелі, қазақ-өзбектің арасындағы байланысқа жан біткен. Жылымық бар. 

Кәрімовтың тұсында Қазақстанмен бақталасу басым еді

– Ол кеткесін Назарбаев пен Мирзиёевтың арасындағы диалог мүлде басқа арнаға ауысты. Екеуінің бірқатар мәселеге қатысты көзқарасы ортақ, ұстанымы бір. Өзбектің жағдайы жақсарса, әлгіндей әңгімелер де сап тыйылады, – дейді саясаттанушы. 

Омаров қарақалпақтар көшбасшысы Сағидуллаевтың талаптарын әншейін популизм деп отыр. Осы арқылы саяси ұпай жинауда ол. 

— Жоқ, рас. Оның түпкі ойын бір құдай біледі. Қалақалпақтар арандап қалмауы керек. Бұл бастама абырой да, пайда да әкелмейді оларға. Күту керек. Өзбекстандағы жағдай міндетті түрде жақсаруы тиіс”, – дейді саясаттанушы. 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ,

арнайы kaz.365info.kz үшін 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз