Нұр-Сұлтан
Қазір
20
Ертең
17
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

“Мені жынды қылды”. Ашынған фермер субсидия мен ветеринарияның былығын ашты

254

Бұдан әбден зәрезап болған фермерлер талай табалдырықты тоздырған. Сондықтан үлкен жиындарда ветеринарларға “басқа-басқа буаз малдан қан алып, екпе салуға болмайды”, деп талай ескертілген. Бірақ ветеринарлар оған қарап жатқан жоқ.

Міне, осындай қиянатқа ұшырағандардың бірі — Алматы облысының, Ақсу ауданындағы «Нұр мекен» шаруа қожалығы. Қожалық басшысының әділдік іздеп жүргеніне 4 айдан аса уақыт болып барады. Қазір оның қолында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі бар. Бірақ ол «Нұр мекен» шаруа қожалығы басшысы Мұрат Ормановтың емес, басқа тараптың дәйегі бойынша шығыпты.

Сонымен, сойылып кеткен 11 бас малдың 70 пайызын мал бордақылаушы — «Рауан» фирмасы, қалған 30 пайызын ветеринарлар төлеп берсін депті, сот.

Жақсы ғой, деп қаласыз. Әйтеуір, өтейді екен дейсіз. Бірақ шығынды өтеу есебін көргенде, соттың өзі аң-таң қалған.

Негізі, Талдықорған өңірінде бір сиырдың нарықтық орташа бағасы – 190 мың теңге болады. Ал «Рауан» фирмасының 11 ірі қараның бәріне төлейтін ақшасы 154 мың теңге бопты. Кім қазір 11 сиырын 154 мың теңгеге сатады?..

Су тегін ғой. Әрине, шаруа қожалығының басшысы аттай тулайды. Бұл қайдан шыққан баға?

Осы сұрақты «Рауан» жеке кәсіпкерлік басшысына төтесінен қояды. Аш бәледен, қаш бәле деген ол Ормановтың қолына әкімшілікпен ортада бар мына меморандумды қолына ұстата салыпты.

Сөйтіп, ол өзі де байқамай, әкімдіктің қулығын аша салған.

Бұлай дейтін себебіміз, тіпті, ауру мал болып шыққанмен, оны кім сояды? Бұл тендер арқылы шешілуі тиіс ұзақтау процесс. Тендерге бірнеше фирма қатысып, оны біреуі жеңіп алуы керек.

Ал «Рауан» жеке кәсіпкерлігі мен әкімдік арасында, әу бастан, меморандум жасалып қойған. Оған қоса, онда қабылданған мал етінің келісі қаншаға бағаланатыны да, тайға таңба басқандай, көрсетіліп қойыпты.

Сиыр етінің 1 келісі (1-санаттағы) — 300 теңге; ІІ-санаттағысы — 200 теңге делінеді құжатта. Ал Мұрат Ормановтың даулы малы етінің 1 келісі 180 теңгеден бағаланыпты. Ал, не дейсіз? Күйесіз бе, күймейсіз бе? Мұндай бағаны қайдан алдыңыздар десе, әкімдік те дым дей алмапты.

Содан барлығы таң-тамаша. Мұндай да болады екен, – дейді. Иә, осылай еңбек адамын жынды қылып, оның малын алып қойып жатқанын біздегі құзырлы органдар біле ме екен, өзі?..

Қалай болғанда да мұның жайын бір білсе, Ауылшаруашылығы министрлігі біледі. Мүмкін, осы мақаладан кейін ауру малдың еті қанша тұратынын құзырлы мекемедегілер бізге нақтылап берер деген ойдамыз.

Мал бордақылау алаңдары фермерлерге жұт боп тиюде

Көрдіңіз бе, құжаттар көрсетіп отырғандай, бұл арада әкімшілік, ветеринар және мал бордақылау фирмалары арасында тығыз байланыс бар. Оны түсінуге де болатын секілді. Себебі соңғы кездері мемлекеттің пәленше ақшасына салынған мал бордақылау алаңдары жұмыссыз қалса, жоғарыдағылар әкімдікті сілкілей бастайды ғой. Сондықтан әкімдік мұның алдын алып, ветеринарларға жақсылап тапсырма беріп қоятын секілді.

Негізінен, ондай жерге ауру малды сойдырмаса, жұрт жекеменшік малын өздігінен апара қоймайды. Ол үшін енді ауру малды анықтау керек қой. Қандай жолмен болса да. Міне, содан кейін, қыстың суығына, жаздың ыстығына төзіп, адал еңбегімен мал бағып, табыс тауып, жүрген Мұрат секілді шопандардың малы «құрбандыққа» шалынып кете баратын секілді.

Экономикалық соттың Ормановтың арызын қанағаттандырмайтындайы да бар. Өйткені онда дәйек пен дәлел көп. Мұны сотта прокурордың өзі де растап, көптеген құжаттар қолдан жасалған деді. Егер енді олар баршаға әшкере болса, бүкіл жүйеге қара күйе жағылмақ. Бар мәселе осында.

Сондықтан сақтық та қорлық жоқ. Мұны сот жақсы түсініп отыр.

Сөйтіп,

ол Ормановқа “арызыңды қанағаттандырмаймын, бірақ сіз шағымданған тарап шығынды өтеймін деді, ендеше, соны негізге алып, шешім шығарайық” деп сылап-сипап қоя берген.

Ал оның арты анандай күлкілі бағамен мазақ қылғандай болып шыққан.

Енді экономикалық сот екі қолын сермеп, қашып отыр. Қайтеді енді? Аудандық, облыстық инстанциялардан өткен Орманов, енді ҚР Бас прокуратурасына шағымданбақ.

Қорадағы малға қырғидай тиген ветеринарлар даладағы өлексені керек қылмайды

Ормановтың жағдайында, ветеринарлар биыл 2-сәуірде шаруа қожалығы басшысы малына екпе салдыртып қойғанына қарамастан, екінші рет тағы екпе салып, қан алып кетеді. Ертеңінде-ақ 90 малдың 70-сі ақсап, 5 ірі қара тұра алмай жатып қалады. Ақсу аудандық ветеринарлық стансасына қанша хабарласса да бұл жайтты тіркеуге олар келмей қояды.

10-сәуірде ірі қараның екеуі өліп қалады. Ал 11-сәуірде мал дәрігерлері жаман хабарды асыға жеткізеді.

Олар Ормановқа

қан алған 90 малдың 11-і бруцеллез деп айтады. Бірақ індетті айғақтайтын құжатты қолына  бермейді.

Осындай құжаттың жоқтығына қарамастан, мал ауырып жатқанда шақыртып ала алмаған ветеринарлар Орманов үйде жоқта 11 малды тиеп әкете барған. Ал сотта ветеринарлар бұл құжаттарды кейінгі датамен тіркеп, ұсынған, тіпті, арасында күн мен айлары да шатасып жүреді.

Ал бруцеллез деген 11 малдың 4-еуі буаз, екеуінің бұзауы бар, ал бесеуі көтерем бопты. Сондықтан олардан ондай індеттің тіркелуі қалыпты жағдай.

– Ертең ауызы көкке тиген соң, қайтадан қоңданып кетеді. Ол үшін шетінен қырып салуға болмайды. Мұны кез келген малшы біледі, – деп ашынады Орманов.

Керісінше, ол малын аурудан қатты сақтап, баптайтынын айтады. Ол бір күні өзінің шаруа қожалығына тиесілі жер телімінде көмілмей қалған малдың өлексесін тауып алады. Қанша жерден мал дәрігерін шақыртса да олар келмепті. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ветеринарлар мұндай малды өртеп, көзін жоюға міндетті. Ақыры, ешкім келмеген соң, оны өзі көмген. Бірақ көктемде өлексе қайтадан жер бетіне шығып қалыпты. Еріксіз тағы звондауға тура келді дейді.

– Көрдіңіз бе, қорадағы малға келгенде қоңдай, ал ауру малмен айналысса, міне шашылып жатыр ғой, бір жыл болды, – дейді ол мына видеоны көрсетіп.

Субсидия берсін десе, бірдеме беруің керек, бермесең, бәрібір амалдап алып алады

Мұрат Орманов әділдік іздеп шырылдап жүруінің бір себебі — мемлекеттің субсидиясына іліну дейді. Мынандай жайттардан кейін ерегескен тарап түрлі амалды қолданып, оның жолын жауып жатқанға ұқсайды.

Мәселен, мәліметтер базасына оның бір бұқасын өлді деп тіркетіпті. Бұл жаман көрсеткіш дейді.

Сұрастыра келсем, құзыретті мекемедегілер “мұны өзіңіз ғана жасай аласыз, өйткені электронды кілт Сізде ғана болады ғой”, – депті. Бірақ далада мал бағып жүрген Мұраттың электронды кілті тұрмақ, электронды поштасы да жоқ көрінеді. Электронды кілт туралы „Бизнес картасы — 2020„ бағдарламасы бойынша субсидия алу кезінде естігенін айтады.

Сол кезде құзырлы мекеме жанындағы жігіт оған “субсидия алғыңыз келсе, маған 250 мың теңге беріңіз”, – депті.

Ол ақшасы жоқтығын айтады. Артынан субсидия келген, ақшасы 59 ірі қара мен 3 асыл тұқымды бұқаға жеткен, бірақ құжатта ол 90 бас деп көрсетіліпті. Осылайша, бермесе де бергендей қып алыпты одан.

Демек, осы субсидияны тіркеткендерде электронды кілт бар. Енді, Мұрат бұл бойынша да сотқа бөлек жүгінбек ниетте.

Мұны компьютерлік қылмыс деп атайды.

Бұл жолы Мұрат мал емес, енді, қолындағы малдың жем-шөбіне субсидия алғысы келеді екен.

Осы мақала арқылы біз бір тараптың жан айқайын жеткіздік, егер қарсы тараптың бұған айтар уәжі болса, біздің медиа-портал ашық пікірталас алаңы болғандықтан, оны да сүзгіден өткізіп, жариялауға дайын.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз