Алматы қаласы Түріксіб ауданындағы „Маяк„ ақша айырбас пунктінің қожайыны Пархат Зурдинов 2016 жылдың 20-желтоқсанында үйінен шыққаннан қайта оралмаған.
Оның туысқандары бірден полицияға хабар беріп, ер-азаматқа іздеу жариялаған. Алайда көп ұзамай одан зәбір көрушілер де полицияға арыз түсіре бастапты деп хабарлады Алматы телеарнасы.
Сөйтіп ол Алматыда ақша айырбастау орнының бұрынғы иесі тұрғындардың бір миллион долларын ұрлап кеткен деген күдікке ілінді. 43 жастағы күдікті жұртты түлкібұлаңға салып, валюта айырбасы кезінде ақшаларын еселеп беремін деп, барлығын тақырға отырғызған. Әзірге Түрксіб ауданы ішкі істер басқарамасына 4 жәбірленушінің арызданғаны анықталды. Полицейлер «алданған адамдар бұдан да көп болуы мүмкін», – дейді.
Алаяқтық жолмен қап-қап қаражатқа кенелген күдікті шетел асып үлгерген.
Бірақ тәртіп сақшылары оны көп ұзамай қолға түсірді. Осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша тергеу изоляторына қамалған.