Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Мектепте қыздарының орамал тағуын талап еткендер ата-аналық құқығынан айырылады

Жаңа оқу жылы басталғалы бері оқушы қыздардың мектепке орамал тағып келуіне қатысты дау бір басылар емес. Мұғалімдер білім министрлігінің бұйрығын алға тартып, діндар ата-аналарға талап қойғанымен, көбі әлі күнге дейін қарсылық танытып келеді.

Бір Ақтөбенің өзінде үш жүзге жуық оқушы мектепте бетін бүркемелеп жүреді. Алғашқыда ата-аналар оны ұлттық киім – кимешекке теңеп алдаусыратқан еді. Кейін тіпті кейбіреулері баламыздың құқығы бұзылды деп мектеп басшыларын  сотқа сүйреген. Бірақ бұйрықтың да заңдық күші барын білгенде ғана райларынан қайтыпты.

«Ата-аналарды шақырып алып, қаншама рет ескерттік. Мектепте орамал тағуға болмайтынын айтып түсіндірдік. Бірақ қарсы болды. Ақыры мектеп басшылығы мен білім бөлімін сотқа берді. Сот отырысы болатын күні арыздарын қайтарып алды»,-дейді №19 мектеп директорының орынбасары Эльмира Ниеталина.

Бір ай бұрын Жаңазендегі оқушылардың әкелері наразылыққа шыққан еді. Әйтсе де ондағы жағдай түзеліп, оқушылар жаппай орамалдарын тастапты. Ал Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Жезқазған қаласында тәртіпке бағынбайтын ата-аналар жеткілікті. Сондықтан заңға мойынсұнбағандарды жазалау артық етпейді дейді дін істері министрлігіндегілер. Себебі, ескертуді елемегендер әкімшілік жуапкершілікке тартылады.

Бірінші ескертуден соң талапты орындамаған ата-анаға жиырма мың теңгеден астам айыппұл салынады. Бұған мойынсұнбаса ол айыппұл екі есеге көбейеді. Яғни 45 мың көлемінде. Бұдан кейін айтқанға көнбей, заңды елемей қойған ата-анадан баланы оқшаулап, арнайы мектепке жібереді. Ал баласына қатысты заңды орындаудан мүлдем бас тартып жатса ата-аналық құқығынан айрылады.

«Неке және отбасы туралы кодексте қарастырылған. Ол жерде егер ата-ана төртінші мәрте мұны тағы да табандап тіреп, қолданыстағы заңдарды орындағысы келмеген жағдайда ата-ана құқығынан айыру қарастырылған. Сондықтан бүгін біз ата-анаға түсіндіріп жатырмыз»,-дейді ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басқарма басшысы Балғабек Мырзаев.

Мұғалім заңгер емес. Олар орамалға қатысты ата-ана өз құқығын алға тартқанда көбісі абдырап қалады екен. Ақтөбенің өзінде дін басқармасындағылардан жиырмадан астам мектептің директоры заңдық тұрғыдан көмек беруді сұрапты.

Қазір оларға Астанадан келген мамандар кеңес беріп жатыр. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіндегілер мұндай жұмыстарды өзге де аймақтарда жүргізетіндерін айтады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз