Мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко туралы тосын ақпарат тарап жүр. Божко Қазақстан казактарының бірлестігін құруға ниеттеніп жүрген көрінеді. Ол үшін арнайы жасақталған Қазақстан халқы Ассамблеясы дейтін ұйымның ауласынан казак этникалық бірлестігін құрыпты.
Abai.kz сайтының тілшісі Нұргелді Әбдіғаниұлы Божконың казактар бірлестігін құрып жатқанын естіп, ҚР “Жетісу казактары” (олар өздерін осылай атайды) одағына, Жоғарғы атаманның орынбасары, Қазақстандағы Орыс қауымдастығының жауапты хатшысы Сергей Машканцевқа хабарласқан екен.
– Иә, мен бұл жаңалықты естідім. Ол әлгі «Орыс-славян» ұйымына (ассоциациясы) төраға болып сайланды ғой. Бұрын Терещинко төраға болған. Божко соның орнына келді. Казактар ұйымын сол жерден ашпақшы екен.
– Бұл сіздердің одаққа альтернативті одақ болмақ қой?
– Дәл солай. Божконың Шихотовпен байланысы барын білесіздер ғой. Өткен жолы ол жайлы егжей-тегжейлі әңгімелескен едік. Сосын ол атаман емес.
Сұхбатты осы арадан үзуге тура келіп түр. Шихотов деген кім? Соны айтайық.
“Қазақстанда «Орыс маршы» жалауын желбіретіп, Украина жерінде соғысуды насихаттаған радикалды топтар ішінде казак этникасының да өкілдері болған! Солардың бірі – бұрынғы атаман, Владимир Шихотов еді. Бұрынғы дейтініміз Қазақстандағы ресми тіркелген Жетісу казактары одағынан қуылып, атамандықтан айырылған Шихотов үй ішінен үй тігіп түрлі шараларға қатысып жүрген. Сол кезде Қазақстандағы «Орыс-славян-казактар» бірлестігінің жетекшісі Владимир Божко мырзаның сол Шихотовпен ым-жымы бір екендігін анықтағанбыз” деп жазады Abai.kz .
Сұхбаттың әрі қарайғы жалғасы…
– Қисынға салсақ, атаман емес адам, казактар одағына төраға бола алмайды. Демек, бірлестікке, я болмаса ұйымға басшы болып сенімді өкіл тағайындалады деген сөз ғой. Божко мен Шихотовтың байланысы туралы білеміз.
– Шихотовқа қатысты біздің қолымызда Сот шешімі бар. Ол атамандық лауазымнан толық айырылған. Оның еш жерде өзін атаманмын деп айтуға құқығы жоқ. Божко да мұны біледі. Біле тұра ол соларды қолдайды. Тіпті, былтыр «орыс-славян-казактар» форумында ресми тіркеліп келген бізге емес, казактар атынан Шихотовқа сөз берді. Біз даулап едік, бізге сөз бермей қойды. Сонда Сот шешімі бар екенін біле тұра, Божко мырза сондай әрекетке барды. Менің түсінбейтінім, ол Заң шығарушы орган өкілі. Өздері сол заңдарды қабылдайды да, өздері орындамай ма?
– Егер ұйым құрылса ше? Не істейсіздер?
– Егер ұйым құрылса, біз Сотқа жүгінеміз. Маған Заңды бұзған кез-келген адам ұнамайды. Егер ол сол заңды шығарушы болса, тіпті. Мен бәленбай жыл әскери қызметте болдым. Басқалар сияқты отанымды сатып, басқа мемлекеттегі топтармен жұмыс жасаған емеспін. Себебі, Қазақстан менің отаным.
– Божкомен ымыраға келуге тырыспадыңыздар ма?
– Біз бірлесіп жұмыс жасайық деп талай рет айттық. Нәтижелі болмады. Біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді үлкен ұйымдармен жұмыс жасаймыз. Ал олардың құрған ұйымы қаншалықты заңды болатыны белгісіз.
– Шатаспасам, Қазақстандағы казактардың негізгі одағы – сіздердің одақ. Онда Жоғарғы атаман – Нұрсұлтан Назарбаев.
– Рас, біздің Жоғарғы атаманымыз – Президентіміз.
Cөз соңында мына жайды ескерте кеткіміз келеді. Біз Владимир Божко мырзамен байланыс орната алмадық. Дегенмен, алдағы уақытта Божко мырзаның бұл жайтқа қатысты пікірін беретін боламыз.