Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен Швейцарияның Лугано қаласының мэрі Марко Боррадори өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат мәдениет, экономика, ғылым, технология, әскерлік байланыс саласындағы ынтымақтастықты арттыруға арналған.
Келісім аясында қос қала басшысы ақпарат алмасу, агломерацияны дамыту, өндіріс пен қоғамдық көлік саласын дамыту, сауда-саттық, денсаулық сақтау, білім беру саласындағы озық тәжірибелерімен бөліспек.
Алматы әкімі Швейцария мемлекетінің Алматы экономикасында алатын орны зор екендігін жеткізді.
Оның айтуынша, қалада өзара біріккен 37 кәсіпорын бар. 91 кәсіпорын Швейцар қаржысымен жұмыс жасап жатыр.
Өз кезегінде Марко Боррадори Алматының туристік потенциалын жоғары бағалады.
«Мен бүгін Алматыға алғаш келіп отырмын. Қаланың көркіне таң қалдым. Алматының туристік потенциалы өте жоғары. Бүгінгі қаланың даму көрсеткіші болашақта оның ірі мегаполиске айналарына кепілдік берері сөзсіз», – деді М. Боррадори.