Маңғыстау облысында полиция 12 жасар баланың өлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіп жатыр. Қайғылы оқиға Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы жеке сектордағы үйлердің бірінің ауласында болған. Тұрғындар тұншығу белгілері бар оқушы баланың денесін тауып алған.
«Оны алдымен басқа бала көрген, бастапқыда ол әткеншек теуіп отыр деп ойлаған. Қасына жақындап келіп, мұқият қараса баланың беті көгеріп, аузынан ақ көбік аққан. Ол қорыққанына дауыстап әке-шешесін шақырған. Өз кезегінде олар полиция мен жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Оқиғаның себебі әлі анықталған жоқ», – деп жазады Lada.kz.
Баланың өлімін облыстық жедел жәрдем станциясының қызметкерлері растады. Дәрігерлердің айтуынша, оқиға орнына шақырту 1 маусымда тіркелген. Дәрігерлер 2014 жылғы кәмелетке толмаған баланың өлімін растады. Өңірлік полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
«1 маусымда полицияға Мұнайлы ауданы Атамекен ауылындағы үйлердің бірінде баланың көз жұмғаны туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәліметтер бойынша, 12 жасар бала аулада қолдан жасалған әткеншекпен ойнап жүргенде жазатайым оқиғаға тап болып, салдарынан өміріне сәйкес келмейтін жарақат алған. Қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпараттар жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Маңғыстау облыстық ПД.