Елімізде импорттық азық-түлік тауарларына барлық жағдай жасалып, ал қазақстандық тауарлар сөреге де жетпей қалауының себебі неде? Мұндай жағдайдың соңғы нүктесін қою үшін заңнамамен не істеу керек? Осы сауалдарға Ет одағының басшысы қарапайым түрде жауап берді.
– Біз бұл бағдарламаны өзекті, бірақ өте кешіктірілген бағдарлама деп санаймыз. Яғни ол 10-15 жыл бұрын іске қосылуы керек еді. Импорттық тауарлар бөлшек сауда желілерінде үстемдік етуін жалғастыруда, қазақстандық тұтынушының отандық өнімге деген сенімі әлі қалыптаспаған. Ал «Қазақстанда жасалған» мемлекеттік бағдарламасы өнімдеріміздің оң имиджін қалыптастыруға көмектесер еді және де бұл өз кезегінде сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өндіруге мүмкіндік берер еді.
Бағдарламаның бастамалары, идеялары мен міндеттері айқынадауда, реттеу тәртібін жетілдіру мәселесін бірінші орынға қою керек. Бұл тәртіп импорттаушы сауда фирмаларының емес, қазақстандық өндірушілердің мүддесін қорғауы тиіс. Бір қызығы, қазір импорттық тауарлардың сапасын бақылаудан гөрі, Қазақстандағы өндірісті бақылау қатаң түрде жүзеге асырылып келеді. Мұндай жағдай шынымен біртүрлі болып көрінгенмен, нормативтік база осылай реттелген. Импорттаушылардың мүдделерін қорғау жағдайы айдан анық көрініп тұр. Әрбір қазақстандық фермерге жеті тексеруші мекеме дайын тұр (ветеринариялық, СЭС, салық және т.б. қызметтер), ал импорттаушы болса, өз өнімін жылына бір рет тексеруге ұсынып, содан кейін кез келген топтамамен импорттық тауарын елімізге кіргізе береді. Осы өнімдерге ешкім шағымданбағанша, олардың сапасын ешкім шындап тексермейді.
Біз реттеу тәртібінің мұндай тәсілін ел имиджі тұрғысынан қате әрі орынсыз деп санаймыз: жергілікті отандық өндіруші шетелдік өндірушіден әлдеқайда төменгі деңгейде тұр. Әлемнің бірде-бір елінде мұндай нәрсе жоқ. Кім және неге осылай реттегені түсініксіз, бірақ, кез келген жағдайда, бөлшек сауда желілері импорттық тауарларды өткізу үшін осы ережелерді белсенді түрде пайдаланады. Соның салдарынан кейбір өңірлердегі бөлшек сауда сөрелеріндегі ет пен шұжық өнімдерінің 80 процентке дейінгі мөлшері шеттелдік өніммен толықты. Бұл қисыны жараспайтын дүниелер. Менің пікірім бойынша, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасында салмақты шаралар мен бастамалар кешені қамтылуы керек. Мұндай талап импорттық өнімдерге бақылауды түбегейлі күшейтетіні сөзсіз. Тамақ өнеркәсібіндегі отандық кәсіпорындарға, әсіресе нарықта ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан және тұрақты жоғары беделге ие кәсіпорындар үшін де преференциялар қажет. Олар үшін сауда желілеріне қол жеткізу мүмкіндігінше жеңілдетілуі тиіс, тексерулер барынша азайтылуы қажет. Тағы бір қайталап айтамын, мұндай реформа 10-15 жыл бұрын жүргізілуі керек еді. Отандық кәсiпорындар толыққанды дамып, олар өздерін қожайын сезiнiп, қазақстандық тұтынушы шын мәнінде жоғары сапалы азық-түлік өнімдерін лайықты таңдай алуы тиіс.
– Бүгінгі таңда отандық азық-түлік өндірушілер үшін мемлекет тарапынан қолдау үдерісіне қандай баға берер едіңіз? Бұл қолдау жеткілікті ме?
– Әзірге, ашығын айтайын, біз бұл қолдауды көріп тұрған жоқпыз. Мәселе еліміздегі «сатып алу-сату» қағидасын қолдаушыларының отандық өндірушілерге қарағанда өзін еркін сезінуінде, яғни олар лоббишілерді тартып, жасырын мәселелерді шеше алады.
Соның салдарынан қазақстандық өндіруші Ауыл шаруашылығы министрлігінен өзге нақты қолдауға ие болмай отыр. Бірақ бұл мекеме де соңғы уақытта қолдаудың бағытын шектеулерге қарай ойыстырды.
Мысалы, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының жол картасы аясында азық-түлік супермаркеттеріндегі бөлшек сауда сөрелерінің кем дегенде 50 процентін қазақстандық тауарларға беру ұсынылды. Бірақ содан кейін, қалай екені түсініксіз, бұл іс тоқтады. Отандық азық-түлік өндірушілердің саны көп және олар экономиканың маңызды сегментін құрайды. Сауда министрлігінде және осы саладағы саясатты анықтайтын басқа құрылымдарда бізді тек мерзімді түрде тыңдап отырады. Бірақ сауда желілерінің мүдделері тұрақты түрде тыңдалады. Иә, бұл жағдайда олардың мүдделері жеңсе де, ұтылғандар тек біздер емес, Қазақстанның барлық тұрғындары десек те болады.
– Одағыңыздағы ет өндірушілер өз өнімдерін жергілікті сауда желілері арқылы өткізу кезінде қандай қиындықтарға тап болып отыр?
– Негізгі қиындықтардың бірі – «Сауда туралы» Заңның бірқатар аспектілерін жетілдіру қажеттілігі. Төлем талаптарын алайық. Мысалы, көршілес Ресейде біздің қазақстандық өндірушілер үшін бөлшек сауда желілерімен төлемді кешіктірудің шекті мерзімдері белгіленген: олар 90 күннен бастап немесе одан да көп уақыт болуы мүмкін. Ал өздеріне, яғни ресейлік өндірушілерге сүт өнімдеріне 5 күн, тез бұзылатын ет өнімдеріне 3 күн уақытпен шектеді. Айырмашылығын түсініп көріңіз. Бұл іс жүзінде отандық өндірушіні қорғаудың іс жүзіндегі тәжірибесі. Ал бізге келсек, Қазақстандық компаниялардың өз елінде мұндай артықшылықтары жоқ. Біздің бөлшек сауда желілері төлем уақытын қалағандарынша ұзарта алады. Сондай-ақ оларда қазақстандық жеткізушілердің «мүмкіндігін шектеудің» басқа жолдарын қарастырған, ең алдымен, бұл импорттық тауарларға демпингтік бағаны орнату. Оның үстіне оларға сапа емес, көбірек табыс табу қызық болып отыр.
Осының салдарынан Қазақстан Республикасындағы өндірушілердің тапқан табысы жеткіліксіз болып отыр. Бұған қоса олардың даму, өсу, өндірісін кеңейту үшін кірісті қайта инвестициялауға мүмкіндіктері жоқ. Мысалы, ресейлік және беларусьтік алпауыт компанияларға бизнестің ауқымына байланысты бөлшек сауда желілерін қызықтыру оңайырақ болғандықтан, олар сияқты басқа да бағасы бәсекеге қабілетті импорттық тауарлар жергілікті өнімдерді нарықтан ығыстырады.
– Әлемдік тәжірибеде, мысалы, Еуропада отандық өндіруші қашанда басымдыққа ие. Сауда желілерінде бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілер өз орындарына ие болады, содан кейін ғана қалған орынды импорттық тауарлар иеленеді. Сіздің пікіріңізше, қазақстандық сауда желілеріндегі жағдай неге мүлдем басқаша? Сауда желілері отандық тауар өндірушілерге неге қолдау көрсетпейді?
– Өйткені олар мұндай қолдауға мүдделі емес. Оларды міндеттейтін регламенттер, ережелер, талаптар жоқ. Нәтижесінде барлығы қарапайым экономикамен, яғни олардың табысымен анықталады. Импорттық өніммен жұмыс жасай отырып, көбірек табыс табу мүмкіндігіне ие болған олар импорттық тауарды таңдайды. Оның үстіне, біз бұл жерде қазақстандық өнімдерді өзіміздің қазақстандық сөрелерден ығыстырып шығаруға ұмтылатындарын жасырмайтын шетелдік жеткізушілердің типтік озбыр стратегиясын көріп отырмыз. Ешқандай заңдық және экономикалық шектеулерсіз импорттаушылардың нарығымыздағы жыртқыштық саясаты жалғасын таба береді.
Сонымен қатар, тұтынушы алатын барлық тауарлардың сапасы міндетті түрде төмендеп кетеді. Сапасы мен бағасы бірдей жағдайдағы таңдау – әділ бәсекелестік көрінісі. Осындай бәсекелістікке біз дайынбыз. Бірақ, осы саладағы заңнамамыздың олқылықтарына байланысты импорттық өнімдерді бақылаудың жетілдірілмегенін тағы бір рет атап өту қажет. Бұл жағдайға сол баяғы нарықта көп жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан қуатты ресейлік жеткізушілердің, компаниялардың әлеуетін қосыңыз – олар экономикалық жағынан әлсіз қазақстандық бәсекелестерді «тұншықтырып» ұзақ уақыт демпинг жасай алады.
– Мемлекет отандық тауар өндірушілері мен саудагерлері арасындағы қарым-қатынасты реттей ме? Оларды мемлекет өз халқының мүддесі үшін реттеуі керек пе?
– Біздің мемлекет нарықтағы барлық субъектілердің априори тең болуын белгілейтін қолданыстағы заңнамаға сүйенеді. Мұндай жағдайларда қолдау ресурсы өте шектеулі. Сауда желілерін міндеттейтін отандық өндірушіні қолдау меморандумдарына қол қоюға болады, бірақ іс жүзінде бұл тетік жұмыс істемейді. Бүгін олар міндеттеме алғанымен, ертең ұмытып, орындамауы мүмкін – себебі, заңдық тұрғыдан мұндай ниеттің күші жоқ.
Бүгінгі таңда кез келген қазақстандық өндіруші сізге басты мәселе өнім өндіруде емес, оны сатуда деп айтады. Ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің басым көпшілігі сатумен кәсіби түрде айналыса алмайды. Ал бөлшек сауда желілеріне жүгінгенде, олар шетелдік жеткізушілер жүргізетін қатал бәсекелестік жағдайына тап болады. Бөлшек сауда саласында реттеу тәртібінің жоқтығы, нақты, заң жүзінде белгіленген басымдықтардың болмауы компанияларымыздың нарықтағы тиімсіз орнын алдын ала белгілеп береді. Сондықтан, жоғарыда атап өткеніміздей, бүгінгі таңда отандық өндірушінің және ең бастысы, қазақстандық тұтынушының мүддесіне бағытталған нақты заңнамалық базаны құру. Онсыз кез келген, тіпті ең жақсы идеялар бос сөз, үндеу түрінде қала бермек.
– Біздің азық-түлік нарығы шынымен де шетелдік жеткізушілер үшін ашық екенін, статистикадағы азық-түлік импортының жылдан жылға өсіп келе жатқанынан көруге болады. Бұл ретте тамақ өнеркәсібі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің іргетасы екенін ұмытпаған жөн. Сіздің ойыңызша, еркін саудаға қатысты ДСҰ ережелеріне қайшы келмейтіндей етіп жергілікті азық-түлік өндірушілердің мүддесін қалай қорғау қажет?
– Қазақстан мүшелік еткен ДСҰ ережелерін бұзу үшін көп күш салу керек. Сондықтан бұл орайда ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын. Азық-түлік қауіпсіздігімізді қорғаудың басты мәселесі – тек шетелдік компаниялардың пайдасын көздейтін отандық және шетелдік компаниялар үшін тең емес шарттар. Бұл әлемдік тәжірибеде кездеспейтін, қисынсыз дүние. Әрине, біз ешкімнің шетелдік жеткізушілердің мүддесі үшін арнайы заңнаманы бекіткеніне сенбейміз. Тек Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруіне дайындық кезінде заң шығарушы шетелдік және отандық тауарларға бірдей жағдай жасалуына тым көп мән берген. Бұл ретте мемлекеттік патернализм мен ішкі нарықты қорғау талаптарын ешкім де жоққа шығарған жоқ. ДСҰ-ға мүше барлық елдер, соның ішінде ЕО, АҚШ, Азияның дамыған елдері отандық өндірушілерді ішкі нарықта қорғау шараларын қолдануда. Бұл ДСҰ құрылған еркін сауданың рухы мен қағидаттарына қайшы келмейді. Енді отандық тауар өндірушілерді қолдау, ішкі нарықты қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат құрылатын негізгі базаны, құқықтық негізді түпкілікті жасау біздің мүддемізге, қазақстандық тұтынушының мүддесіне ауадай қажет. Бұл тұрғыда азық-түлік нарығы стратегиялық бағыт болмақ – бұл біздің азық-түлік қауіпсіздігіміз, қазақстандықтардың денсаулығы, экономикалық өсуі мен жұмыс орындар.
Меніңше, бұл қадамдарға кедергі келтіретін негізгі мәселе ДСҰ ережелерін бұзу үрейі емес, біздің ішкі жергілікті лоббизм, сауда желілеріне иелік ететін мүдделі тараптар тобының қарапайым коммерциялық мүдделері болып саналады. Мұндай лоббиге нүкте қоятын кез келді. Бізге Қазақстан үшін ненің маңызды екенін – жеке сауда компанияларының пайдасы ма, әлде азық-түлік нарығының стратегиялық тұрақтылығы ма – соны шешетін кез жетті.