Нұр-Сұлтан
Қазір
-5
Ертең
-12
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Мағбат Спанов: “Ресей? Санкциялық соғыстың көкесі әлі алда”

546

– Барлығы біздің биліктің ерік-жігеріне, қысылтаяң шақта қандай шешім қабылдарына байланысты. Үкіметке үлкен жауапкершілік жүктелетін кез әлі алда. Қиыншылықтың көкесі де әлі алда.

Билік сол кезде: «Ресейдегі ахуал ауыр, демек, бізді де қиыншылық күтіп тұр» деп, онсыз да жүйкесі жұқарған жұртты алдарқата алмайды. Өйткені өзі кінәлі бәріне. Экономиканың кетеуін кетірген де биліктің өзі.

Экономиканың тілін түсінбей отыр, біздің билік. Экономикада темірдей тәртіп орната орната алмай отыр. Өрлеу, ілгерілеу жоқ, тек құлдырау бар. Дағдарыстан шығудың амалдарын таппай дал болып жүр жоғарыдағылар. Не істеу керек, қалай қарекет ету қажет, қандай шешім шығару керектігін білмейді.

Жоқшылық. Қиыншылық. Қымбатшылық. Мұның бәрі қысып барады халықты. Тұрмыс нашарлар барады. Ал бұл – ең басты көрсеткіш. Халық – кедей. Халықтың кедей болғаны – сол елдің билігінің түк бітірмегенінің белгісі.

Үкімет экономикадағы аласапыранның алдын-алу үшін күрескен жоқ, салдарымен күресіп жатыр қазірде. Анығында, себебін анықтау керек еді алдымен.

Теңге тағы құлдырады. Тағы да девальвация болды. Үкімет бұл туралы ләм-лим демеді.

Теңгенің жыл басындағы бағамы мен қазіргі бағамына қараңыз. Девальвация деген осы.

– Алдағы күннен үміт бар ма? Экономика қашан оңалады сонда?

– Теңгенің құнсыздануы жалғаса береді. Ұлттық валюта бір рет құлдыраудың түбіне жетті. Доллар 385 теңгеге шарықтаған болатын бұдан бұрын. Билік жыл аяғына дейін долларды 360 теңгенің төңірегінде ұстап тұруға тырысады. Келер жылды айта алмаймын. АҚШ ақшасы 380-390 теңгеге дейін шарықтауы мүмкін.

Теңге құнын да, қадірін де жоғалтып болды. Бұған АҚШ-ты немесе Ресейді кінәлау орынсыз. Билік кемшілікті өзінен іздесін. Өзінен көрсін.

Бізде билік пен байлық деген түсініктер қабысып кеткен. Ажырата алмайсың бір-бірінен. Ажырамайды да…

Жоғарыдан қабылданған шешімдердің дерлігі билігі мен байлығы тасығандардың мүддесін ескеріп, қабылданады.

Мұндайда халық туралы мәселе де көтерілмейді. Халықтың қайғы-мұңына бас қатырмайды билік. Солай.

Қазақстанда макроэкономикалық мәселелерді шешу байлардың мәселесін шешу деген сөз. Өткендегі девальвацияның өзі жуан байлардың ықпалымен жүргізілуі бек мүмкін.

Иә, біздің елде тағы бір девальвация болды. Билік жұмған аузын ашқан жоқ. Қиналатын кім? Тағы сол – халық. Девальвация кезекті рет халықтың қалтасын қақты. Тапқан табысының берекесі кетуде, қарапайым халықтың. Жиған-тергені болса, ол да әлдеқашан түгесілген. Теңгеде құн жоқ, тиісінше, айлықта қандай қадір болсын?

Үкіметтің Ұлттық қорға «ауыз салғаны» бар мүмкіндігін сарп еткені деген сөз. Ұлттық қор – ақырғы амал-тұғын. Сонымен тыйылар дегенбіз.

Кейін Зейнетақы қорына «ауыз салды». Ол да аздық етті.

Медициналық сақтандыру қорындағы ақшаға көз алартты.

Алғашқы жылдары арсын-гүрсін айтылған уәделердің дерлігі ұмытылған қазір

Ұлттық қорды не үшін, нендей мақсатта құрып едік? Келер ұрпаққа аманаттаймыз деген едік қой? Сол уәдеде неге тұрмадық? Болашақ ұрпақ қажетіне жұмсасын деп, сарымайдай сақтаған қордың ақшасын шетінен кертіп жатырмыз әзір.

Өзімізді ғана емес, келер ұрпақты да, немелерімізді, шөберелерімізді қарызға белшеден батырдық. Міне, бүгінгі Қазақстанның келбеті осындай.

– Сіз айтып отырған дағдарыстың шеті мен шегі бар ма?

–  Үкімет үнемдеуді үйренбесе, мәңгілік дағдарыстың жетегінде жүреміз. Дағдарыс пен дарақылық бір-біріне қарама-қайшы емес пе? Дағдарыс тұсында, дарақылыққа жол жоқ. Мұны біз түсінгенмен, билік түсінбей отыр.

Мысалға, биылғы жылы бюджеттің шығын бөлігі – 11, 2 трлн. теңгені құрапты. Ал табыс бөлігі – 10,6 трлн. теңгені құраған. Мұның 5 трлн. теңгесі салықтан түскен. Өзгесі трансферттер, жекешелендіру, займнан түскен табыс. Кіріске қарағанда, шығыс көп. Шығын көп.

Үкімет мұны есепке алды ма? Жоға! Одан сайын шашылды. Шамасына қарамады. Түкке тұрғысыз форумдар мен көрмелер, қажетсіз фестивальдер халықты қажытып жіберді.

Бүгінге дейін қанша зауыт іске қосылды осы? Солардың қайырын көрдік пе? Ұлттық экономикаға титімдей болса да үлес қосты ма солар? Керісінше, шығынға батырып жатыр.

Ауқымды, алапат жобалардан бас тартатын кез әлдеқашан келген. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» сияқты мегақұрылымдарды әлдеқашан таратып жіберетін кез келді. Өз күнін өзі көрсін. Нарықта өздігінен жұмыс істеп үйренсін. Орталықтандырудың дәуірі өткен ғасырда өтіп кеткен.

– Біздің экономиканың өрлеген, жақсы көрсеткіштер көрсеткен кезі болды ма?

– Болды. 2000-шы жылдардың басынан бастап әжептәуір өсе бастады.

«Жекешелендіру туралы» заң экономикалық дамуға жол ашып берді сол жылдары. 1999 жылғы экономиканың құрылымына қарасаңыз, сол жылғы әл-ауқатымызды арттыруға жеке кәсіпкерлер үлкен үлес қосқан (85 пайыз).

Қазір ше? Қазіргі күнгі елдегі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың үлесі 70 пайызды құрайды. Экономиканы толықтай мемлекет меншіктеп алған. Мұнайдан түскен табысқа малданып отыр.

Билік бірнәрсені қаперден шығарды. Мемлекеттен жақсы кәсіпкер шықпайды.

Сосын, шетелдік инвесторларды елге шақырып шырылдап жүргенімізге біраз болды. Шетелдік инвестор бүгін бар, ертең жоқ. Бізге ішкі инвестор керек.

Қазақстанда ішкі инвестор жоқ. Ішкі инвестор дегеніміз – орта тап. Ел экономикасына құйылатын инвестицияның 80 пайызы өз азаматтарымыздың қаржысы болуы тиіс, тек 20 пайызы шетелдіктердің үлесінде қалуы қажет. Ал бізде қалай? Керісінше, бәрі керісінше.

Халықта ақша жоқ. Бұл қазіргі жүйе үшін үлкен қауіп. Халқы кедей мемлекеттің саяси-экономикалық тұғыры тұрақсыз болады.

– Девальвация туралы айтқанда, біраз дамушы елдің ұлттық валютасы құнсызданған екен. Жалпы, доллардың қымбаттауын айналып өтіп болмаса, бұл мәселені экономикаға зиян келтірмей шешкен жағдайлар бар ма?

– Бар. Негізінде, біздің санамызды шырмап тастаған. 2007 жылдан бері әлем экономикалық дағдарыста дейді. Соған иландырып тастаған. Әлем соңғы 10 жыл бойы экономикалық дағдарыста дегенге сендіріп отыр бізді. Ешқандай дағдарыс жоқ! Әлемдік экономика өседі, құлдырайды, қайта өседі…

Бізге келгенде, бұл жүйенің бағыты бұзыла қалатыны бар. Себебі, жоғарыдан қабылданған шешімдердің көпшілігі шикі. Мәселе шешілмейді.

Билік экономикадағы, әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді кейінге шегеріп үйреніп алды. Қазіргі қиыншылықтың бәрі соның салдары.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Фото: Vox Populi

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз