Көшеде бір-бірімен жұдырықтасып, соңы кісі өлімімен аяқталған оқиға 1 апта бұрын болған.
Бірақ ол туралы енді айтылып жатыр, деп хабарлайды “КТК” телеарнасы.
Жаға жыртысуға нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Көліктен топырлап түскен бес жігіт екінші машинаның ішінен бір азаматты сыртқа шығарып алып, текпілей жөнеледі. Жалғыз адамды аяусыз соққыға жығып жатқандарға араша түсер ешкім болмаған.
Ал жолдасын бұзақылардың ортасына тастап, өзі ізім-қайым жоғалған “Фольксваген гольфтың” жүргізушісі көп ұзамай қайта оралып, келген бойда көлігімен топ адамды жапырып өтеді. Сол кезде бір адам машинаның астында қалған.
Ауыр жарақат алған 29 жастағы жігіт аурухана керуетінде көз жұмыпты. Қазір осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, төбелес шығарғандар мен адам өлтірген азамат іздестірілуде. Әзірге олардың тек аты-жөндері ғана белгілі.