Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
13
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Ұлттық экономика министрі аяқ-астынан неге ауысты?

Тоқтар Есіркепов

– Алда бізді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Қуандық Бишімбаев сол кезеңнің талабына сай емес секілді.

Мәселен, күні кеше Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қабылданды. Негізінен, 2009 жылғы Кеден одағының кодексі бойынша одаққа мүше елдердің құқығы теңдей болатын. Ол бізге ыңғайлы еді. Ал бұл жолы осы арасы өзгерді. Жаңадан қабылданған кодекс ұлттықтан жоғары құрылым құруға жол ашып отыр. Осы жағынан алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ бірнеше елдің экономикасы емес, бір елдің экономикасына ұқсап келеді. Қалай дегенмен де Ресейдің арманы – КСРО-ны жаңа формада „тірілту„. Соны ұмытпауымыз керек. Елбасы басынан саяси одаққа қарсы болды. Сондықтан бұл бағытта Астана „жеті рет өлшеп, бір рет кес„ принципін ұстанды.

Естеріңізде болса, 2014 жылы мамыр айында осы одақтың келісіміне қол қояр кезде Елбасының тізгін тартуымен бұл келісімнен саяси тұстарды қарастыратын нормалар алынып тасталған болатын. Қазақстанның позициясы айқын: тек экономикалық интеграция. Ал саясиға біз келіспейміз.

Бишімбаевтың орнына келген Тимур Сүлейменов осы бағытта жұмыс істеп келген азамат. Еуразиялық экономикалық кеңістікте Қазақстан бәсекеге қабілетті болу үшін не істеуі керек? Меніңше, ол осы мәселені шешу үшін Ұлттық экономика министрлігіне келді. Мұнда оған әлдеқайда оңайырақ болады.

Әрине, ұлттықтан жоғары құрылымдардың пайда болуы өте қауіпті құбылыс. Бірақ біз ағынға түсіп кеттік, енді одан шығуымыз екіталай. Ендігі мақскат: бұл тайталаста жеңілмеудің жолын іздеу.

Тағы да Елбасының шешіміне көп нәрсе тіреледі. „Үш жылдығын ойламаған еркектен без„ демекші, меніңше, бұл осы бағытта алдын ала қабылданып жатқан Елбасының қамы.

Бишімбаевтың болашағы әлі алда…

Ерлан Сайыров

Саясаттанушы Ерлан Сайыров Ұлттық экономика министрлігіндегі өзгеріс Қуандық Бишімбаевтың жеке білігі мен біліміне тікелей қатысты деп санамайды.

– Қуандық Бишімбаевпен бірнеше рет жолығып, пікір алмасқан кезіміз болған. Зиялы, жан-жақты, интеллектуальды тұлға. Бишімбаевтың кезінде болашақта еліміздің экономикалық өсімі бола алатын “Нұрлы жер” бағдарламасы қабылданды.

Бишімбаев – әлі талай құзырлы орындардың тізгінін ұстайтын, болашағынан үлкен үміт күтіретін үкіметтегі жас саясаткерлердің бірі.

Сондықтан оның болашағы әлі алда деп ойлаймын, – дейді ол.

Еске сала кетелік, кеше кешкісін Елбасы Жарлығымен Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі қызметінен босатылды. Оның орнын Тимур Сүлейменов басты. Тимур Сүлейменов бұрын Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі болған.

2010 жылдан бастап 2012 жыл аралығында — Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі. 2012 жылғы 1 ақпаннан бастап осы тағайындауға дейін Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министрі) болды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз