Қырғыз делегациясы Астанаға келіп-кеткеннен кейін шекарадағы жағдай жақсарды. Қазақ-қырғыз шекарасында азаматтар мен көліктер бұрынғы қалыпта өткізіліп жатыр деп мәлімдеді Қырғыз Республикасының бірінші вице-премьері Толқынбек Әбдіғұлов.
Қырғыз үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қос мемлекеттің үкімет мүшелері мен салалық ведомства басшылары арада туындаған мәселелер бойынша жекелей талқылау жүргізу үшін жұмысшы топ құрған. Сондықтан Астанаға келген қырғыз делегациясының бір бөлігі осы іспен шұғылдану үшін қалып кетіпті.
„Бүгіннен бастап қазақ-қырғыз шекарасында азаматтар мен жеңіл көліктерді өткізу бұрынғы қалыпты режимде жүргізіліп жатыр. Ал арада туындаған мәселелерге келетін болсақ, оған әлі 5 күн керек. Осы бес күннің ішінде қос мемлекеттің үкіметтері мүшелерінен құрылған жұмысшы топ оны еңсеретін болады. Осыдан соң арада ешқандай түсінбестік тумас үшін қазақ-қырғыз шекарасынан тауар алып өту және басқа мәселелердің бекітілген жол картасы болады. Енді соған сүйенетін боламыз„ – деді ол.