Нұр-Сұлтан
Қазір
12
Ертең
14
USD
449
+0.67
EUR
479
+1.25
RUB
4.79
0.00

КСРО құламағанда қазақ ендігі орыс боп кетер еді — сарапшы пікірі

202

Алғатбек Қыдырбек-ұлы

Алғатбек Қыдырбекұлы

– Мұғалімнің басында екі тілдегі білім шатасып жатқанда, балалар оны қалай ұғынады дейсіз? Сондықтан да дүниежүзілік азамат болуға асықпай, алдымен қазақ тілінде сабақ беруді жөндеп алайық. Мектептегі жалпы барлық пәндерді оқытудың сапасын көтеру мәселесін әлі шеше алмай жатқанда, ойланбай, зерттемей жасаған ұсыныс реформа емес, «жығылғанға жұдырық болады».

Ал біздің балалар эксперимент жүргізетіндей қоян-тышқан емес, олар – еліміздің болашағы.

Болашағымызға тағы бір рет балта шаппай, дайын тұрған оқу жүйесін бұзбай-ақ, білімді басқа тиімдірек әдіспен жетілдіру керек, – дейді ол.

Өзінің еңбек тәжірибесінен мысал келтірген Алғатбек Қыдырбек-ұлы үштілділік деген реформаның көзін жою керек, деген ұсынысын тарихтың терең түкпірінен бастап дәйектейді

Оның пікірінше, көне заманнан бері келе жатқан түркілер тарихында тура осы негізде арыстар мен түркі-монғолдарының көзі жойылып кеткен.

Қазір сақтардың бірнеше тайпасы үнді, грек болып жүр

IV мың жыл бұрын Үндістанды басып кірген ари-сақтары (Арыстар) үнділерге өктемдігін жүргізгісі келіп, үгіт-насихат үшін үндіше сөйлеп кеткен. Соның салдарынан Сақия деп аталатын ел үндіше Шақия патшалығы деп атанды. Көне үнді аңыздарында үнділердің құдай деп сыйынатын Гаутама Будда – Шакия Муни, яғни, сақ ханзадасы деп көрсетіліп кете барады.

Қазір ол сақтардың тұқымы үнді болып жүр, оларды енді сақ деп дәлелдеп көріңіз!

Сол секілді б.з.д. VI-VIII ғасырда арийлер Қаратеңіздің солтүстік жағалауынан Микен атты көне грек елін басып алады. Олар да грек-микен тіліне көшіп жер бетінен жоғалды.

Ұлы басқыншы Шыңғысханның немересі Құбылай қалай қытай болды?

XI ғасырда Қытайды басып алған қидандардың ол елде аты ғана қалды. Бодан ханьдардың тілінде сөйлеймін деп жүргенде, олар қалай қытай боп кеткендерін білмей қалды. XII ғасырда Махмұд Ғазнауи өз әскерімен Үндістан жерін қанға бөктіріп, иеленді.

Алайда Ғазнаға бағынған үнділер басқыншыларға тіл жағынан бағынбады, ақыры ғазнауидтердің жер бетінде ізі де қалмады.

XIII ғасырда Шыңғысхан немересі Құбылай жаулап алған Қытайда хан болып сайланды. Бірақ ол қытайша сөйледі, салдарынан моңғолдар тұқымы қытай болып кетті.

Қазір орекеңнің сойылын соғып жүрген Жириновский де орыстың сіңбесі

XIII ғасырдан XVIII ғасырға дейін орыс жерін билеп-төстеп тұрған монғол-татар ұрпақтары ақсүйектер тілі – түркіден арылып, өзінің малай-құлдары – мұжықтардың тіліне көшті. Сөйтіп, орыс болып, кейінгі кезде шалаорыстығын көрсеткісі келмей, шовинистік жолға түсті. Кейіннен қосылған сондай сіңбенің бірі – өзінше орыспын деп жүрген Жириновский. Ал ол орыс емес, еврей ғой.

Иә, су ішкен құдығына түкіріп, су сабындай жылтылдап орыстарға жағына беретін Жириновский. Міне, бір тілден кеткен қате ұрпақты қалай „маймыл„ етіп, бүтін ұлтты қалай жояды дейсіз?

Бабырдың немересі Акбар патша қазір үнді ақыны атанып жүр

XVI ғасырда Захиреддин Бабыр патша әрі шағатай тілінде шығарма жазған ақын өз әскерімен Жетісудан кетіп, Үндістанды иеленеді. Сонда Ұлы Моғолдар мемлекетін құрды. Бірақ олар да алдыңғы ұлы басқыншылардың қателігіне ұрынып, жергілікті тілді меңгерді. Сөйтіп, Бабырдың немересі Акбар патша үнді ақыны болып тарихта қала берді. Сол секілді орта ғасырларда Иран елін басқарған түбі түркі – Ақ-қойюнлу, Қара-қойюнлу, Сефевидтер, Қажарлар әулеттері парсы тіліне көшіп, ақырында парсы болып кетті.

– Міне, осы мысалдардан көріп отырғандарыңыздай, қытай, үнді, парсы сияқты қалың елдер ғасырлар бойы түркі әскерімен соғысып, территориясын берсе де түрлі қыспаққа қарамастан, рухын, тілін бермеді. Ал, қазір көріп отырғандарыңыздай, тарих басқыншы емес, ұлттық рухын, онда да тілін сақтаған ұлттарды мейілінше марапаттап, өміршең етіп отыр.

Қанша жерден жау жүрек, жауынгер халық болса да түркілер мен моғолдар ұрпағы бодан еткен елге тілдің кесірінен сіңісіп кетті,

– дейді Алғатбек Қыдырбек-ұлы.

Тарихи қателікті сабақ еткен тек салжұқтардан бастап, кейін осман түріктері ғана өз тілін мемлекеттік мәртебеде ұстап, басқа тілдерді ресми деңгейге жақындатпады. Олардың елі әлі де күшінде. Бұдан шығатын қорытынды – ана тілін сақтағандардың елі де сақталып, тарихы өміршең болады.

– Қай этнос көп болса, соған жалтақтау керек, деген бізде жалған түсінік бар. Сонымен біз осы күнге дейін орысқа қарағыштап келдік. Бұл мүлде дұрыс емес нәрсе. Мысалы, 1920 жылы Түркияда нағыз түріктердің саны 33 пайыздан аспады.

Міне, сол кезде Кемал Ататүрік өз елінің тұрғындарының ұлтын түрік деп жаздырып, түрікше сөйлеуді міндеттеді. Ақырында, Анатолияның грек, ерман (армян), парсы, араптары мен тағы заты басқа этностар түрік болып есепке алынды. Түрік деп атануды өзге этностар мәртебе санады.

Сол кезден бері ХХ ғасырдың аяғына дейін дүние жүзіндегі жалғыз түркі мемлекеті Түркия ғана болып тұрды. Міне, осыдан кейін Кемал Ататүрікті қалай ұлы тұлға деп мойындамайсыз?! – дейді сарапшы.

Егер тағы жиырма шақты жыл кеңес үкіметі аман тұрғанда (КСРО құрығанына құдайға шүкір!) біз масқарамыз шығып, азиалық нәсілді орыс болатын едік! Рас қой, бұл…

Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да Қазақ мемлекетінің іргесін құрайтын үш мәселе – тарихы, тілі, жері өткен тарихтың бұрмалауынан әлі айыға алмай жатыр. Демек, рухымыз әбден әлсіреген. Енді оның үстінен үштілділік сынды миссионерлік реформалармен төпелеуге жол бермеу керек!

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз