Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Криминал» жастар көбейіп барады – Дәурен Бабамұрат

409

Қала мен ауыл жасының жағдайы тең емес

– Бүгінгі жастардың ең басты алаңдататыны – әлеуметтік лифт мәселесі. “Адал, түзу, жүйелі еңбек етсең, екі жылдан кейін пәтер аласың, бір балалы болғанда үйіңді кеңейтуге мүмкіндік аласың” деп жастарға мемлекет кепіл бермейді. Еңбектену тұрғысында жастар ынталандырылмаған. Сондықтан олар өз жайын өзі ойлай бастайды. Бұл арада, әсіресе ауыл жастарының жағдайы мүшкіл. Киетін киімі, жейтін тамағы жоқ деп айта алмаймын. Бар ғой.

Бірақ бізде қаланың баласы қол жеткізген дүниеге ауылдың баласы солай қол жеткізе алмайды.

Ең бірінші, ол білімнен білінеді. Бұл – жүйелі мәселе. Сапалы білім беретін жақсы мұғалім ауылды жерге бармайды, қалада-ақ жұмыс тауып алады. Содан шығар, сапалы білімге деген қолжетімділік ауылды жерде қиын. Бұл – бір.

Екінші жағынан, мысалы, қаланың баласы  қаладан мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алуына мүмкіндік бар. Өйткені ол қалада тіркеулі. Сол секілді бизнес ашқысы келсе де ауылға қарағанда қаланың жасының мүмкіндігі артығырақ. Өйткені банк несие бөлгенде тағы да тіркеуге, табысына қарайды.

Тағы бір жағынан, қалада жұмыстың түрі көп. Сондықтан қала жасы онша саса қоймайды. Ал ауылда жұмыс жоқ, содан соң жастар қалаға ағылады. Баспанасы болмаған соң пәтер жалдайды, там-тұмдап тапқанының басым бөлігі пәтер ақысы мен тағамы, жол жүрісіне кетіп қалады. Содан соң былай шаршап-шалдыққанша бос ауылда жатпаймын ба деп кейбіреулер кері қайтып кетеді, – дейді Дәурен Бабамұратов.

Қазір ауылда малмен ғана күніңді көру мүмкін емес

Оның пікірінше, үкімет қаладағымен тең мүмкіндік бере алмай отырған ауыл жастарының таңдау құқығы да шектеулі.

– Тағы бір жағынан, ауыл баласының таңдау құқығы қатты шектелген. Егер үкіметтен жеңілдік берілсе, ауыл жасына айтады 90 пайыз ауылшаруашылығымен айналысасың, оның ішінде 90 пайыз мал шаруашылығымен шұғылданасың дейді.

Демек, ауыл жасының болашағы алдын ала анықталып қойған, ауылдансың ба, демек сенің бизнесің де, өмірің де ауылшаруашылығымен, малмен байланысты дегендей. Бірақ оның өзі толыққанды деңгейде жетілдірілмеген.

Мәселен, анда-мында басын тасқа ұрған жас, ақырында ауылға оралып, малмен айналысып, күнімді көремін деген сенімде болуы керек. Бірақ ондай сенім бізде жоқ.

Ауылдың жайылым жерлері баяғыда сатылып кеткен, үкіметтен бөлінетін жобаларға ақшаны әкімдер үлестіреді. Олар үнемі жастарды таңдай береді дейсіз бе?.. Шөп те қымбат, бәрі қымбат, сондықтан ауыл болса да малсыз отырғандар көп бізде қазір.

Негізінен, Үкімет  осындай стар-тап жобалардың автоматтандырылған нұсқасын кеңінен қолданысқа енгізіп, жастың кез келген уақытта мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасап қоюы керек еді. Бірақ бізде бұл әлі де толыққанды мүмкін емес.

Жастар батысшыл, ресейшіл, әсіре діншіл, трайбалист болып кетіп жатыр

Дәурен Бабамұратов мемлекеттік жастар идеологиясында жіберліген олқылықтардың салдарынан

біздің жастар батысшыл, ресейшіл, әсіре діншіл, трайбалист болып топтанып жатыр

дейді.

Оның пікірінше, болашақта олардың ішінен әсіре қытайшылдар да табылып қалуы бек мүмкін.

«Ағы не, қарасы не? Бәрібір. Қазақстанда тұрдың не, Еуропада тұрдың не? Мүмкіндік болса Еуропаға көше саламын» деген секілді бізде космополиттік көзқарастағы жастар кәдімгідей көбейіп келе жатыр. Ондай жастардың бойынан индивидуализм басымдық танытады. Оларды біржақты жаман деп айыптауға да болмайтын шығар. Әйтпесе жастардың индивидуализмінің артқаны, дүниетанымының кеңейгені жақсы емес пе? Дегенмен қоғамда осындай космополиттік тенденциялар бар, оны жоққа шығара алмаймыз.

Біздің жастардың арасында әсіредіншілдікке, радикализмге кетіп қалып жатқандары өкінішке қарай, жоқ емес, бар. Олардың тұрақты қалыптасқан ортасы бар. Өткен жылы Алматы төңірегіндегі жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Ол да дәл соны дәлелдеп берді.

Жастар бір орнында тұрмайды, пластиллин секілді, қалай мыжысаң, солай бет бұрады. Бұрын үлкендер айтқанда сенбейтін едік. Қазір соның куәсі болып жүрмін. 16-дан 25-ке дейінгі жастар сондай.Әлі де шешім қабылдап үлгермеген жастарға оның идеологиялық, рухани қажеттіліктерін толтырмайтын болсаң, оны басқа нәрсе келіп толтырады. Біздің жағдайда, ол – дін. Жарайды, біз радикальдардың меселін қылыштың күшімен, заңның тоқпағымен біз тоқтатармыз. Бірақ жастардың миындағы қазанды өз идеологияңмен толтырмасаң, онда оның орнын басқасы басады.

Әсіре діншілдіктен бөлек, әсіре батысшылдық, ресейшіл деген идеологиялар бар. Ертең оның орнын әсіре қытайшыл идеология басуы мүмкін. Оның ішінде әсіре трайбалистік идеология да бар, – дейді ол.

Жастар криминалмен мақтануды қайта “сәнге” айналдыруда

Сондай-ақ Дәурен Бабамұратов қазір жастар арасында криминалдық идеологияның қайта түлеп келе жатқанын байқағанын айтады.

– Криминалдық идеология бір кездері жоғалып кетіп еді, қазір жастармен тығыз байланыста анықтағанымыздай, оның қайта түлеп жатқан жайы бар.

Бұл – қауіпті үрдіс, – дейді ол.

Дегенмен саясаттанушы өзін бір қуантатын бастама барын айтады. Сөйтсек қазір ауыл жастарының бастамаларын қолдайтын гранттар бөлінгелі жатыр екен.

– Әлеуметтік жобаларды 1 миллион теңгеге дейін үкімет қолдауға дайын. Менің ойымша, бұл өте дұрыс жүйелі бастама. Міне, мемлекет тарапынан осындай қолдауларды көбейте түсу керек, – дейді ол.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз